Еліміздегі ең көне мектеп

Жаздың басында жұмыс сапарымен Мамырсудағы Сабыржан Ғаббасов атындағы білім ордасына бас сұққанымызда, ауыл әкімі Архат Ибрайшин мен мектеп директоры Рифхат Дүйсекенов бастаған азаматтар алда келе жатқан айтулы мерекеге дайындық жүріп жатқандығын, ұлағатты ұстаз Гүлсімхан Жамантаеваның осыған байланысты кітап жинақтап шығаруды қолға алғанын айтып еді.
Самғатқан сан қыранды алтын ұя
Шынында да, облыс көлемінде құрылғанына 150 жыл болған бірден-бір білім ордасы – Сабыржан Ғаббасов атындағы орта мектеп екенін біреу білер, біреу білмес. Сол жолы бір жарым ғасырлық тарихы бар білім ордасының жүріп өткен бел-белестерін бір саралап өтпекші болып жатқан мамырсулықтарға сәт сапар тілегенбіз.
Қазан айының алғашқы сенбі, жексенбісі күндеріне сәйкес келген мерейтой шын мәнісінде ұлан-асыр болып өтті. Алыс-жақыннан келген ағайында есеп жоқ. Бәрі де балғын балалығы мен қимас жастығының куәсі болған ауылына, мектебіне құстай ұшып жеткен.
Мәдениет үйінің алдында топ-топ болып қауқылдасқан әр жылғы түлектердің жарқын-жарқын шыққан дауыстарын енді бір сәт қонақтарды ішке шақырған той жүргізушінің үні бөлді. Жас жігіттер мен қыздар алыстан келген қарт кісілерді бір-бірлеп қолтықтап ішке бастады…
Сәлден кейін «Самғатқан сан қыранды алтын ұя» атты салтанатты кеш шымылдығын түріп, мерейлі мерекенің бастамасы – ән мен жырдан шашу шашылып, игі тілектер ағытылды. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев шартараптан жиылған қонақтардың қадамдарына аудан басшысы Бақытжан Байахметовтің атынан сәттілік тілесе, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаев қасиетті білім ордасынан шыққан атақ-дәрежесі бар белгілі азаматтардың тізімінің өзі он бетке сыймағанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол облыс әкімінің өкімімен 15 шілдеден 30 қыркүйекке дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында елді мекендер арасында өткен конкурстың нәтижесі бойынша Аягөз қаласы «Үздік шағын қала», Шыңғожа ауылы «Үздік ауыл» аталымдарын жеңіп алғандығы жайындағы қуанышты хабарды жеткізді. Сондай-ақ білім басшысы облыс әкімі Даниал Ахметовтің таяуда ғана Аягөз ауданына келген сапарында бүгінгі күні қала мектептерінен гөрі ауыл мектептеріндегі білім сапасының жақсарып келе жатқандығын тілге тиек етуі біз үшін зор мақтаныш деді. Ал 150 жылдығын тойлап отырған Сабыржан Ғаббасов атындағы мектептің бүгінгі директоры Рифхат Дүйсекенов білім ордасының арғы-бергі тарихына үңіліп, қол жеткен табыстарына тоқталды. Бұдан кейін Рақымжан Шарафутдинов, Оралғазы Дүйсеғұлов т.б. сексеннің сеңгіріне шыққан тағы басқа байырғы қарт ұстаздар өткен күндер белестеріне тоқталғанын айта кеткен абзал. Ұйымдастырушылар келген түлектердің мектеп қабырғасында болған кезеңдерін 1947-1967, 1968-1978, 1979-1989, 1990- 2000, 2001-2017 етіп, бес топқа бөліпті. Осынау жылдар арасында ұядан ұшқан түлектер сахнаға шығып, игі тілектерін білдіргені тым жарасымды болды.


Көк түтіні шұбатылған ауылы мен білім ордасының өткені мен бүгінгісіне үңілген «Құтты қойнауым, киелі алтын ұям» атты кітапты жарыққа шығарған «Құрмет» орденді ұлағатты ұстаз Гүлсімхан Төстікбайқызы жиылғандарды құттықтап, кітаптың шығуына демеушілік жасаған Медғат Құлжанов, Қанат Оспанов, Жайық Жұмаханов сынды белгілі тұлғаларға ауылдастары атынан жүрекжарды алғысын айтты. «Біздің ауылдың тарихы тым тереңде екені баршаңызға аян,- деді Мамырсу ауылдық округінің әкімі Архат Ибрайшин,- осыншама жылдар ішінде ауылымыздан небір атпал азаматтар шықты. Елді мекенде қандай да бір игілікті шараларға атсалысып келе жатқан ауылымыздан шыққан тұлғаларға мың алғыс! Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын!» деді ол. Иә, туған жері мен туған елі үшін еселі еңбек етіп, ел ішінде ер атанған азаматтар баршылық. Олар осы мектеп жүріп өткен бір жарым ғасыр кезең ішінде тіпті көп болды. Мектеп пен ұстаздың мәртебесін көтеру үшін еңбегі сіңгендердің бір парасын атап өтсек. Олар – Құлжановтар, Асаубаевтар, Шорановтар, Сәрсекеевтер, Дүйсембаевтар, Байшашевтар, Төлендиндер, Жұмахановтар, Сұлтановтар, Әбжановтар, Шарафутдиновтар, Уажановтар, Дүйсеғұловтар, Темековтар, Үмбетовтер, Ибрайшиндер, Оспановтар, Орақбаевтар, Сепбосыновтар, Саматовтар, Әлжекеевтер әулеттерімен бірге Марат Жақитов, Хамит Досбаев, Жеңіс Құлсейітов, Күләш Ниязбекова, Қанат Шүкірбеков, Құрман Әбішев, Аркадий Дегембаев, Қаңтарбай Қабанбаев, Мұратбек Қасымханов, Нұрлан Ақанов, Виктор Любитовский, Амантай Карленов, Қайыртай Қажығұлов, Амантай Қияқбаев, Рафик Хасенов, Амантай Көтелбаев, Балғынбек Молдаханов, Нағима Кәденова, Әйгерім Көпежанова, Талшын Тоқыжанова, Амантай Мұхаметжановтар. Рас, бұл тізімнің соңы жоқ…
Тарихи деректерге сүйенсек…
Сәлден кейін сахнада «Құтты қойнауым, киелі алтын ұям» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, ауыл әкімі Архат Ибрайшин мен мектеп директоры Рифхат Дүйсекенов ауылға, мектепке еңбегі сіңген алыс-жақындағы ағайынды грамоталармен марапаттады.
-Жалпы, Сабыржан Ғаббасов атындағы мектеп – республика көлемінде ең көне, тарихы терең мектеп. Осынау алтын орда, білімнің қара шаңырағы – өзінің ыстық ұясынан мыңдаған шәкірттердің буынын қатайтып,топшысын бекітіп, қанатын кеңге серметкен киелі білім ордасы. Мұрағаттағы тарихи деректерге сүйенсек, мынадай мәліметтерге куә боламыз.1828 жылғы желтоқсанның 8-індегі Жарғы бойынша 1867 жылы Сергиопольда бір кластық Приходский мектебі болғаны жазылған. Осы жылы 22 маусымда Семей облысының генерал-губернаторы Сергиополь округтік приказына Сергиополь округіне қарасты қазақтардан Баймұсат Тәңірбергенов, Бейсембай Көбиекинді Омскден ашылған мұсылман мектебіне оқуға жіберу туралы хат жазғаны да мұрағатта сақталған. Бұл 1880 жылы ерлердің екі кластық приход мектебі болып қайта құрылған. Онда құдай заңы, оқу және жазу, орыс тілі, цирк, славян тілі, арифметика, геометрия, тарих, жаратылыстану, физика, сызу, сурет, ән-күй, гимнастика сабақтары жүргізілгені айтылған. Сондай-ақ 1896 жылы осы мектептен сегіз бала бітіріп, олардың емтихан қорытындылары жазылған қағаз да мұрағаттан табылды.1912 жылы Қазан медресесін бітірген ерлі-зайыпты Маймүн, Мәулеп Кәрім, Латиповтар татар мектебін ашып, ұлдар мен қыздарды бөліп оқытқан деген дерек бар.1914 жылы Уфадағы Ғалия медресесін бітіріп келген Әбілғазы Иманбеков Сергиопольдан екі жылдық мұғалім курсын және бастауыш қазақ мектебін ашып, онда алғашқы мұғалім болғаны да белгілі. 1920 жылы Сергиополь болыстық оқу бөлімі құрылады. Алғашқы оқу бөлімінің бастығы Шерияздан Сәметов болса,1921 жылдан бастап, көп жылдар бойы Әубәкір Нағыманов болды. Бұл жылдары аудан еңбекшілерін сауаттандыру, сегіз жастан бастап балаларды мектепте оқыту үлкен қарқынмен жүргізілді.
Осы жылдардан бастап Сергиопольда жетім балаларға арналған балалар үйі және шалғайдағы малшылардың балалары оқитын интернаты ашылды.
Қысқасы, бұл мектеп 1926-27 жылдары жеті жылдық, 1935-36 жылдары орта мектеп болып жұмысын жалғап келеді.Тарихи дерекке сүйеніп, 1967 жылы мектептің 100 жылдық мерей тойы аталып өтті. Осы жылы мектепке Сабыржан Ғаббасов есімі беріледі. Біздің ауылдан 1921 жылы ашылған мұғалімдер дайындайтын училищеде қазақтың ақын қызы Тұрсынхан Әбдірахманова, белгілі азаматтар Салих Сабильянов, Секен Жүнісов, Қабден Смағұлов білім алса, осы мектептің түлектері Жұмақан Күдерин, Нейле Базанова, Кенжеш Бозжанова, Айкен Терлікбаев бастаған ғалымдарымыздың жалғасы бүгінгі күнге дейін ұласып келеді. Атағы мен дәрежесі жетіп артылатын азаматтардың қанша екенін аудандық білім бөлімінің басшысы әлгінде айтып кетті, – дейді С.Ғаббасов атындағы орта мектептің бүгінгі басшысы Рифхат Зайытұлы. – Ал бүгінде Құлжанов Медғат, Асаубаев Қанат, Құлсейітов Жеңіс, Шоранов Едіге, тағы басқа түлектеріміздің аты аңызға айналып отыр.
Еліміздің әр қиырынан келген түлектер білім ордасының ішін аралап, жабдықталған кабинеттерді көріп, кейінгі жылдары жасалып жатқан іс-шаралармен танысты. Мектептің жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлық деңгейде. Кейінгі жылдардың өзінде 15 алтын және үздік белгі иегерлері шығып,100-ден аса түлек грант иегерлері болып отырған көрінеді.
– Өткен жылы Әбжанов, Шарафутдинов, Сепбосынов, Оспанов, Ибрайшин, Үмбетовтер әулеті бастаған топ алты кабинетімізді жабдықтап берді. Сондай ақ Жұмаханов Жайық, Шаяхметов Ермек, Кенжешовтар, Дүйсембаевтар, Докуртовтар, Жұмабаевтар әулеті мен Оспанова Бақытнұрдың мәрттігіне ризашылығымызды білдіреміз, – дейді мектеп басшысы.
Волейбол, футбол, қазақша күрес секілді әртүрлі спорттық ойындардан жарыстар өткізіліп, шараның екінші күні орталық ипподромда тай, құнан, ат бәйгесі секілді ұлттық ойындар өткізілді. Қала сыртындағы атшабар-ипподромда жалғасын тапқан ұлттық ойындарға аудан халқы көп жиылғанын айта кету керек. Бәйгеден келген барлық тай, құнан, аттардың иелері бағалы сыйлықсыз қалмады. Ақшалай сыйлықтармен қоса, тұрмыстық техникалар қоса берілді. Мәртебелі мейман, қазақ күресінің жанашыры, Кеңес Одағына еңбек сіңірген бас жаттықтырушы Марат Жақитовқа «Рысбек» шаруа қожалығының басшысы, демеушілердің бірі Қанат Оспанов ат мінгізіп, ат әбзелдерін тарту етті. Сондай –ақ ұйымдастырушылардың тірі қойды көтеруден өткізген жарысы өте қызықты болып, онда Амангелді Ерлан деген әскери азамат қойды 250 рет көтеріп, бір қой мен 20 мың теңгені жеңіп алды.

Бір жарым ғасыр деген, әрине, аз уақыт емес. Өлшеп берілген ғұмырында кейінгі ұрпаққа сапалы тәрбие бере білген ұстаздардың рухына бағышталып ас беріліп, құран хатым түсірілді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.