Экономика

Елімізде жоқ өнім Шығыста шығарыла бастады

Елімізде жоқ өнім Шығыста шығарыла бастады

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметтің кеңейтілген отырысында биыл Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асырудың жалғасатынын айтты. Индустрияландыру картасына енген «Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» ЖШС жұмысын ширатып отыр. Еліміздегі жылу-электр орталықтарында, металлургия, құрылыс саласы, басқа да бірқатар өндірістерімізде шаң-тозаң мен газды тұтуға қолданылып келе жатқан электрлі сүзгілер осы уақытқа дейін негізінен Ресейдің Ярославль облысындағы зауыттан сатылып алынып отырған болатын. Қазір сол қат өнім өз жерімізде, Өскеменде шығарылып жатыр.
Электрлі сүзгілерді шығаруды жолға қойған «Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» ЖШС қазір өз қуатының 70-75 пайызы көлемінде жұмыс істеп тұр. Қатарға енді қосылған күрделі өндіріс үшін бұл үлкен көрсеткіш. Өндіріс ашылған кезден бастап, алғашқы тапсырыстар түсіп те үлгерген.
Бұл күндері зауыт мамандары Семейде салынып, қайта жарақтандырылып жатқан №1 ЖЭО мен осы қаладағы жылу қазандықтары үшін электрлі сүзгілер жабдықтарын құрастырып, шығаруда. Салмағы 200 тоннадан асатын технологиялық сүзгілерді жинастырып, өндіруге екі айдан артық уақыт кететін көрінеді.
Кәсіпорынды «жасыл жолдардың» ішімен аралап жүрміз. Жұмысшылар да осы жасыл түске боялған «жасыл жолмен» жүреді. Қызыл түске боялған алаңқайлар қауіпті аймақ болғандықтан, аттап басуға болмайды. Өнімдерді дайындау бөлімшесіндегі электронды құрал-жабдықтарға тым тақап, жақындап кетсеңіз, олар өздігінен автоматты түрде тоқтап қалатынына қайран қалдық.
– Өйткені, олардың жұмыс істеу тәсілі еңбек, жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін осылай жасалған. Өндірістік жарақат, жазатайым оқиғалардың орын алмасы үшін өндіріс жүйесі лазерлік толқындар ағымы әсерінде жұмыс істеуге құрылған. Ұжымдағы мамандардың біразы жастар болғандығымен бәрінің де арнайы білімі бар, тәжірибе жинақтаған. Аймақтық Индустрияландыру картасына енгізіліп, еліміздің үдемелі индустриялық -инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған біздің кәсіпорынның өнімдерін тек Қазақстан ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде нарыққа шығарып, сапа, баға, барлық жағынан бәсекелестікке қабілетті болуға күш салудамыз, – деп түсіндірді өндірістік құрал-жабдықтардың өздігінен тоқтап қалуының мәнісі мен алдыға қойған мақсат-мүдделерін зауыт директорының орынбасары Валерий Шехтман.

Елімізде жоқ өнім Шығыста шығарыла бастады

Жаңа зауыттың бұл жаңа құрал-жабдықтары Ресейдің Смоленск қаласындағы «Аркада инжиниринг» зауытынан сатылып әкелініпті. Газ бен тозаңды токпен магниттендіру технологиясына құрылған айрықша тәсіл арқылы ұстап қалатын электрлі сүзгілер өзге облыстардағы өндірістік кәсіпорындарға, бірнеше металлургия, машина құрастыру, цемент зауыттары шоғырланған өзіміздің өңірімізге аса қажет өнім. Электр сүзгілері тозаңды 95-98 пайыз көлемінде ұстап қала алады.
Жоба бойынша кәсіпорында 180 жаңа жұмыс орны ашылу керек. Осында келіп тұрақты жұмыс орынын тапқан жүзден астам қалалықтардың бірі – Өскемендегі ШҚМТУ-дың машина құрастыру факультетінің түлегі Ришад Ильясов. Дайындау цехының шебері болып еңбек етіп жатқан жас маман Өскемен технологиялық жабдықтар зауытын өз өмірінің жарқын да ерекше беті деп есептейтінін айтса, бұрын «Иртышцветмет» кәсіпорнында кран жүргізушісі болған Алла Алтамированың еңбекақы көлемінің жоғары болғандығынан осында ауысып келіп, электр сүзгілерін шығаруға белсене араласып жатқан жайы бар. Талай жыл краншы болып, өз кәсібінің білгірі атанған Алла ұзын мойын мәшинесінен түскен беті бізге жолығып, жылы да жайлы жұмыс орны, ұйымшыл ұжымы туралы ағынан жарыла әңгімелеп берді.
Жаңа зауытта, жаңа техникалар мен жаңа құралдарда жұмыс істеп жатқан жұмысшылар, инженерлер елімізге қажет жаңа өнімді шығаруға құлшына кірісіп, Қазақстанның жаңа индустрияландыру кезеңіне қарқын беруге өз үлестерін қосуда.
Зауыттың өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Қуат Сатиевтің айтуынша, кәсіпорын алдағы уақытта электр сүзгілерімен қоса өндіріс орындарынан шығарылатын шаң-тозаңды бөлек тәсілмен сүзетін «қолғапты» сүзгі өнімдерін өндіріп, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button