Экономика

Елімізде жоқ өнім Шығыста өндіріледі

Елімізде жоқ өнім Шығыста өндіріледі

«Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» ЖШС индустрияландыру картасының ең сәтті инновациялық жобаларының бірі. Өндіріске былтыр ғана енгізілгеніне қарамастан зауыт жұмысы қарқын алып келеді. Қазақстан мен ТМД елдерінде бірегей болып саналатын зауыт жылына алты мың тонна арнайы құрылғы шығаруға қауқарлы. Зауыт 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде салтанатты түрде ашылған болатын. Заманауи еуропалық технологиялармен жабдықталған бірегей өндіріс ошағын Мемлекет басшысы жоғары бағалап, еліміздің индустриялық әлеуетіне зор үлес қосатындығына сенім білдірген.
Еліміздегі жылу-электр орталықтарында, металлургия, құрылыс саласы, басқа да бірқатар өндірістерімізде шаң-тозаң мен газды тазартуда қолданылып келе жатқан электрлі сүзгілер осы уақытқа дейін негізінен Ресейден сатып алынып отырған болатын. Бүгінде бұл өнім өзімізде өндіріледі.
– Зауытта өндірістік газдарды тазарту мен ауаға химиялық заттардың шығарылуына тосқауыл қоятын электр сүзгілері өндіріледі. Біз кәсіпорындарға өзіміз жасап шығарған құрылғыларды да, шетелдік газды тазарту жабдықтарын да орнатамыз. Негізгі тұтынушыларымыз жылу энергетикалық кешендерінің кәсіпорындары мен қазандықтар, құрылыс және металлургия өндірістері, – дейді кәсіпорын басшысы Дамир Дүкенов.
«Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» ЖШС заманауи экологиялық талаптарға сай тазарту құрылғыларын жаңадан жасап шығаруға да, ескісін қайта жаңғыртуға да қауқарлы. Мұндағы құрылғылар сапалы әрі тұтынушының тапсырысына сай өнім шығарады. Кәсіпорынның өндірістік базасы металл өңдеуге арналған көпфункциялы станоктарымен, электрсүзгілерінің механикалық құрылғыларын өндіруге арналған бірегей технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Кәсіпорын 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қанатын кеңге жайып келеді. Дамир Дүкеновтың айтуынша, зауыт бүгінде алты мың тонна арнайы тазарту құрылғыларын шығарып отыр, келешекте оны жылына он мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Кәсіпорын өнімдерін еліміздегі кәсіпорындар ғана емес, көрші елдер де тұтынып отыр.
Зауыт мамандары Семейде салынып, қайта жарақтандырылып жатқан №1 ЖЭО мен осы қаладағы жылу қазандықтары үшін электрлі сүзгілер жабдықтарын құрастырып, шығарған. Салмағы 200 тоннадан асатын технологиялық сүзгілерді жинастырып, өндіруге екі айдан артық уақыт кететін көрінеді. Электр сүзгілері тозаңды 95-98 пайыз көлемінде ұстап қала алады. Аталмыш сүзгілер биылғы жылыту мауысмында іске қосылмақ.
– Кез келген өндіріс орынының табысының 50 пайызы адамдарға, маман кадрларына байланысты. Зауытта түрлі технологиялық шешімдер мен конструкторларды құрастырумен жұмыс істей алатын кәсіби мамандар көп. Қазір мұндай сала мамандары тапшы. Сондықтан біз өз ісінің шеберлерін жоғары бағалаймыз, оларға тиісті жағдай жасаймыз. Мұнда жас мамандар да, аға буын өкілдері де бар. Олардың бір-бірлерінен үйренерлері көп,-дейді Дамир Мұратбекұлы.
Бүгінде кәсіпорында 130 адам еңбек етіп, тұрақты табыс тауып отыр. Ұжымның негізгі ұстанымы – сапалы әрі шығынсыз жұмыс істеу.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button