Экономика

ЕЛІМІЗДЕ БАЛАМАСЫ ЖОҚ БІРЕГЕЙ ТЕХНОЛОГИЯ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ЕЛІМІЗДЕ БАЛАМАСЫ ЖОҚ БІРЕГЕЙ ТЕХНОЛОГИЯ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Астана мен еліміздің өңірлерін байланыстырған дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір аясында Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Индустрияландыру картасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының бірқатар жобаларын іске қосты. Бұл күні аймақтағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Өскемен ТМК» АҚ елімізде тұңғыш «Титан блоктарын «ПА 1343» соғу сығымдағышында қатпарлап кесу технологиясын енгізу» жобасының тұсауын кесті.
Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан еліміздің индустриялық інжу-маржаны екенін айта келе, өңірдегі металлургтердің ҮИИД бағдарkамасын орындаудағы жемісті еңбегін ерекше атап көрсетті. Ал өңірдің металлургтері болса6 Елбасының қарапайым кен байытушыдан әлем мойындаған саясаткерге, Ұлт Көшбасшысына айналғанын мақтанышпен еске алуда.
Индустрияландыру күнінде игілікке берілген елімізде баламасы жоқ бірегей жобаны Мемлекет басшысының рұқсатымен «Өскемен ТМК» АҚ-ның президенті Әсем Мамутова іске қосты.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің комбинат Қазақстанда бірінші болып титан блоктарын соғу сығымдауышында қатпарлап кесу технологиясын енгізуді қолға алды. Біз бұл бірегей жобаға 1 млрд. теңге инвестиция салдық. Осының арқасында өндірісті басқару үдерісін автоматтандырып, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын арзандатуға, сапасын арттыруға және әлемдік нарықтағы қазақстандық титанның алатын орнын нығайта түсуге мүмкіндік туды. Қадірлі Елбасы! Жаңа технологиялық желіні іске қосуға рұқсат етіңіз! – деп Әсем Мамутованың тетікті басуы сол еді, жаңа цех кідіріссіз жұмыс істей жөнелді.
Өз кезегінде Президент Шығыс жұртшылығын тағы бір жаңа технологияның өндірісте игерілуімен құттықтап, қосуға рұқсат берді.
Аталмыш кәсіпорынның берген ресми ақпаратына жүгінсек, бұл жобаны жүзеге асыру үшін комбинат мамандары алдымен әлемдік деңгейде титан өндіретін алпауыт зауыттардағы кеуекті титан блоктарын алдын ала үгітуге арналған қондырғыларды пайдалану тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеген. Сөйтіп, оның тиімділігі нақты анықталғаннан кейін ғана «ПА-1343» соғу сығымдағышында титанды қатпарлы кесу технологиясын енгізуге шешім қабылданған. Жобаны дайындау және жүзеге асыруды «Өскемен ТМК» АҚ кәсіпорынды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында немістің «Siempelkamp» фирмасымен бірлесіп, 2013-2015 жылдары орындап шықты.
Мамандардың пікірінше, бұл жобаның артықшылығы сол, өндірісті толықтай автоматтандырады, крандық операцияларды айтарлықтай азайтады, титанның өзіндік құнын төмендетіп, есесіне сапасын арттырады. Ең бастысы экспорттық әлеуметтің күшеюіне ықпал етіп, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатады. Ал енді еліміз ДСҰ-ға мүше болып қосылып жатқан бүгінгі шақта мұндай инновациялық жетістіктердің маңызды екені айтпасақ да түсінікті.
Биылғы бес айдағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 846,2 млрд. теңгені құрайтын 76 жоба еніпті. Бұл жобалардың 70 пайызы өңірдің өңдеуші кәсіпорындарының үлесіне тиіпті.
Естеріңізге сала кетейік, ҮИИД бағдарламасының өткен бесжылдығында өңірімізде жалпы сомасы 213 млрд. теңге болатын 46 жоба іске асырылды. Оның ішінде титан құймалары мен балқымаларын, өндірістік арматура, технологиялық қондырғылар шығару бойынша өндіріс қуаты құрылды. Өскемендік «Азия Авто» зауытында «KIA» және «Chevrolet» брендтерімен құрастырылған жеңіл көліктердің жаңа модельдері тұтынушыларға жол тартты. Мұның сыртында полиэтилен құбырларын, темірбетон бұйымдарын, бағалы металдар балқымаларын, ауылшаруашылық техникаларын шығаратын өндіріс ошақтары қатарға қосылып, үй құрылысы комбинаты, алтын өндіру фабрикалары, цемент және кірпіш зауыттары, құс етінен шұжық өндіретін өңдеу кәсіпорындары ашылды. Нәтижесінде жеті мыңнан астам жұмыс орыны құрылды.
Индустрияландыру картасына қатысушы кәсіпорындармен өндірілген өнім көлемі 335,4 млрд. теңгені құрады, ал салықтық төлемдер 35 млрд. теңгеге жетті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button