Білім

Еліміздің болашағы осылар

Еліміздің болашағы осылар


Облыс әкімі Даниал Ахметов халықаралық, республикалық зияткерлік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарымен кездесіп, дарынды балалардың жетістіктерін жоғары бағалады.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде дөңгелек үстел түрінде өткен жиынға өңіріміздің 150 дарынды оқушысы, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары, жеңімпаз балаларды халықаралық білім сайыстарына әзірлеген ұстаздар мен меценаттар қатысты.
Кездесу басталмас бұрын балалардың қолынан шыққан 3D – модельдеу, роботтық техника, бағдарламалау, химия, инженерия саласындағы ғылыми жобалар ұсынылған интерактивті көрме ұйымдастырылып, ғылыми тәжірибелерге негізделген шеберлік сағаты өтті.

Биылғы оқу жылында зияткерлік сайыстарға қатысқан оқушыларымыз 148 медаль олжалады, оның 43-і алтын, 50-і күміс медаль. 39 медальды АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Бразилия, Индонезия, Австралия, Ресей, Беларусь елдерінде өткен халықаралық білім сайыстарынан жеңіп алды.
Дөңгелек үстел басындағы ашық әңгіме барысында алдағы жоспарларымен бөліскен дарынды оқушылар аймақ басшысына туған өлкемізді зерттеуге бағытталған археологиялық мектептер мен экскурсиялық сапарлар, IT- технология саласындағы мамандықтардың қаншалықты сұранысқа ие екендігі, стартап-жобалар байқауы жайлы өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды.

-Сендер керемет мүмкіндіктер заманында өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Соңғы 10-15 жылда адамзат мыңжылдықта қол жетпеген керемет жаңалықтарды ашты. Көрмедегі жаңа жобаларды көріп тамсандым. Дарынды жастарымыздың әлеуетін бағалап, жаңа жетістіктерге талпындыру үшін кешенді іс-шаралар жүргізіп келеміз. Елімізде IT сыныптар ашылып жатыр. Облысымыз бұл бағытта көш бастап тұр. Skills for geeks облыстық чемпионатында және кең ауқымды IT фестивальда оқушыларымыз сапалы білім-біліктерін дәлелдеп жүр. Қазір көптеген компанияларға IT мамандар жетіспейді. Биыл да, келесі жылдары да мектеп түлектерін өңірлік жоғары оқу орындарында оқыту үшін грантпен қолдау шаралары жалғасатын болады,-деген аймақ басшысы Даниал Ахметов жүлдегер оқушыларға Алғыс хаттар мен Грамоталар, ноутбуктар сыйлады. Ал осындай дарынды оқушыларды жетістіктерге жетелеп, ірі сайыстарға дайындап жүрген тоғыз ұстаздың еңбегін бағалаған облыс әкімі оларды Алғыс хатпен және қаржылай сертификаттармен марапаттады. Олар – Наталья Данилова, Бекеш Сейфуллаұлы, Хасен Темірлан, Қабдылришат Қараханов, Әшім Абдиев, Есжан Омарханов, Иван Рязанов, Бақытжамал Кәрменова, Бақтыгүл Есжанова.

«Үздік оқушы-2019» аталымына Темірлан Байболов лайық деп танылды. Темірлан – информатика бойынша Ұлттық құраманың мүшесі, жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы, Еуразия халықаралық олимпиадасының жеңімпазы.

– Барлық жеңістерім ұстаздарымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Еліміздің ұлттық жоғары оқу орындарының бірінде IT – технология саласы бойынша мамандық алып, сүйікті қалама оралып, еңбегімді сіңіремін, – дейді Темірлан.

«Жыл серпіні-2019» аталымында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден республикалық олимпиаданың жеңімпазы, Өскемендегі №12 мектебінің 11-сынып оқушысы Әлішер Хонкулов марапатталды

«Дарын» орталығының жазғы лагеріне тегін жолдама алған жеткіншектер алғыстарын жаудырып, өздеріне деген сенім мен үмітті ақтайтындарын жеткізді.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button