Спорт

Элиталық дивизионға жолдама алды

Нұржан Кенжеұлы

Хоккейші қыздарымыз мықтылығын дәлеледі. Осыдан бірер күн бұрын Болгария астанасы София қаласында мәресіне жеткен шайбалы хоккейден жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, өз дивизионында топ жарды.

Осылайша, отандастарымыз келер жылы А дивизионында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Яғни, енді Қазақстан құрамасына Канада, АҚШ, Швеция, Финляндия, Чехия сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы ұжымдары қарсылас атанбақ.

Ал Болгария жеріндегі додада бұрымдыларымыз жарыс иелерінің командасын, сондай-ақ Жаңа Зеландия, Бельгия, Эстония мен Исландия құрамаларын тізе бүктірді.

Осы ретте ұлттық құрама сапында әдеттегідей Шығыс Қазақстан хоккей мектебінің де шәкірттері болғанын айту керек. Атап айтсақ, бұл жолғы жаһандық жарысқа өскемендік «Торпедо» клубы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бірнеше шәкірті барды. Сондай-ақ құраманың бапкерлік құрамында да жерлестеріміз бар еді. Мәселен, команданың бас бапкері қызметін «Торпедо» қыздар командасының жаттықтырушысы Мария Федоренко атқарды. Ал қақпашылардың бапкері міндеті тағы бір шығысқазақстандық маман Дарья Симакқа сеніп тапсырылыпты.

– Әлем чемпионатында топ жарған құрамамыздың ойыншылары арасында да облысымыз бен Өскемен қаласының тумалары аз емес. Нақты айтсақ, олар – қақпашы Вероника Агеева, қорғаушылар Полина Яковлева, Катрин Мескини мен Дарья Хохлова, шабуылшы Ветта Пивень, – деп хабарлайды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Осы айдарда

Back to top button