Елімізде көшпенділер ойыны өтеді
Көшпенділер десе көне дүниенің күмбірі естіліп, аспан астын ат тұяғы дүбірлететіндей сезіледі. Осы бір сөзді естігенде елең ете қалуымыздың жөні бар. Өйткені көз алдыңа аңырата атылған жебе, жер бауырлай шауып көксеркені ілетін көкпаршы, жүрісінен жер теңселетіндей білекті балуандар келе қалады. Міне, осындай айбынды IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл Түркияда өтті.
Түркияда өткен көшпенділер ойындарынан спортшыларымыз олжалы оралып, елімізге жауапкершілік арқалап қайтты. Жауапкершлік деп отырғанымыз V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының эстафетасы Қазақстанға табыс етілді.
– Сүйінші, ағайын! Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі делегациясы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Түркияға арнайы барып, ақжолтай жаңалықпен оралып отыр. Сапар барысындағы өзекті мәселелердің бірі – Қазақстанда V ойындарды өткізу жөніндегі келіссөздер болатын. Нәтижесінде, Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу кеше салтанатты түрде аталған ауқымды шараның эстафетасын елімізге табыс етті. Яғни, ресми түрде Қазақстан – 2024 жылғы бесінші Дүниежүзі көшпенділер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде белгіленді, – деп жазды мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Көшпенділіктің ізі қалған қазақтың дархан даласында көшпенділер ойынының өтуі заңдылық. Алайда арқалайтын жауапкершілік те ауыр. Десе де дәстүрлі үрдісті жалғап, ойынды ойдағыдай өткізеріне министр сенімді.
– Мыңжылдықтардың мұрасына ие, көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде бұл дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін. Кеше Түркия төрінде ел намысын қорғап, ерекше нәтиже көрсеткен барлық жеңімпазды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ат үстіндегі Алаш рухының айбыны арта берсін, – деді министр.
Осыған дейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысты Түркі қоғамдастығы қолдаған болатын. Биылғы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ спортшыларының қоржынында тоғыз медаль бар. Оның ішінде үш алтын, төрт күміс және екі қола бар.
Алтай Ғали-Асқар