Елімізде кедейлік шегінен асқандар саны артып келеді
Кедейлік шегінен асқан қазақстандықтардың саны артқан.
Жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себеті құнынан (22 мың теңге) төмен қазақстандық отбасылар шамамен үш есе өскен, деп хабарлайды Didar ақпарат zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бірнеше жыл бұрын билік өкілдері Қазақстанда кедейлер саны азайғанын мәлімдеп, сәйкес статистикалық мәліметтер келтірген еді. Алайда, бүгінде елімізде кедейлік деңгейі қарқынды өсіп келе жатқаны байқалады. Кедейлер барған сайын кедейлене түсуде.
Үкімет есебіне сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары арқасында 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 100,4 мың отбасы 2023 жылы кедейлік санатынан шыққан.
Ал Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы кедейлік деңгейінен төмен өмір сүретіндер саны 2022 жылдан бері үш есе артқанын мәлім етті. Қазіргі уақытта мұндай санаттағы 9400 отбасы бар. 11 қазанда жарияланған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2023 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша ресми белгіленген ең төменгі айлық күнкөріс деңгейінен төмен табысқа өмір сүретін Қазақстандағы үй шаруашылықтарының саны 135 200-ден 177 800-ге дейін өскен.
Зерттеу деректеріне сәйкес, кедейлік шегінде өмір сүретін отбасылар санының айтарлықтай өсуі тіркелген, олардың айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55 пайызын құрайтын азық-түлік себетінің құнынан да төмен болып шықты.
Бүгінде кейбір депутаттар статистикадағы сәйкессіздік туралы мәселе көтеруде. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл азық-түлік себетінің құны көптеген сұрақтар туғызатынын, сондықтан кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың статистикаға қарағанда әлдеқайда көп екенін мәлімдеді.
“Іс жүзінде статистика органдары азық-түлік себетінің құнын бизнестен, әкімдіктерден алатын жедел деректерге сүйене отырып есептейді. Бүгінде бағалардың өсуі туралы статистиканың біз көріп отырған деректермен сәйкес келмейтінін байқаймыз. Тіпті, олар министрліктердің жедел деректерімен де жиі сәйкес келмейді.”
Статистика дұрыс емес болса, бүгінгі жағдайдың қандай екенін нақты айта алмаймыз. Тиісінше, бізде жоспарлау және сол жоспарларды орындауға байланысты проблемалар бар. Барлық есептік көрсеткіштер ойша алынған, төмендетілген болып шығады.
Тұтыну себетін есептеу әдісінің өзі көптеген сұрақтар тудырады. Бүгінгі бекітілген әдістеме бойынша қарайтын болсақ, ондағы позициялар ХХ ғасырдың ортасындағы адамның қажеттіліктері секілді. Қазіргі таңда өмірлік маңызы бар көптеген қызметтер жоқ.
“Үкімет себеттің мөлшерін қайта қарауға, тағы бірнеше позиция қосуға уәде берді. Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елдердің тұтыну себетінде шамамен 300-500 позиция бар. Ал бізде 55 азық-түлік және 45 қызмет пен тауар көрсетілген”, – деді депутат Мәжіліс отырысында.
Оның үстіне, Қазақстан азық-түлік шығындарының көлемі бойынша антирекордтарды үнемі жаңартып отырады. Мәселен, 2015 жылдан 2022 жылға дейінгі статистикалық деректерге сәйкес, халықтың азық-түлікке жұмсайтын тұтыну шығындарының үлесі 43,8-ден 51,2%-ға дейін өскен. Бұл жағдайда көптеген қазақстандықтар табыстарының барлығын тек тамаққа жұмсайтын көрінеді. Аталған көрсеткішті ең кедей елдермен салыстыруға болады.
Халықты қамтамасыз ету бойынша шаралардың бірі – әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаның өсуін тежеу. Бұл іспен Сауда және интеграция министрлігі айналысады. Дегенмен, аталған шаралар кедейліктің төмендеуіне әкелмеді. Тіпті, соңғы уақытта дәл осы әлеуметтік маңызды өнімдердің өзі қымбаттай бастады. Мысалы, бір апта ішінде I санаттағы жұмыртқалардың бағасы орта есеппен 1,4%-ға өскен. Экономистердің айтуынша, мұндай өсу қарқыны 2022 жылғы қараша айының басынан бері болмаған.
Депутат, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерлан Стамбеков кедейлікпен күресті мемлекеттің басым міндеті деп санайды.
“Жоқшылық пен кедейлік – кез келген мемлекет пен қоғамның денесіндегі ойық жаралар. Бұл – қатерлі ісік, оның өсуі мемлекеттің өміріне қауіп төндіреді, оның негізгі гуманитарлық құндылықтары мен нормаларын құнсыздандырады. Сондықтан кедейлікпен күресу кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі ең басты әрі маңызды мәселе болып табылады. Кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру бойынша ауқымды және жүйелі іс-шаралар, халықтың әлеуметтік осал топтарына ақылға қонымды атаулы көмек, мемлекеттің өз азаматтары алдындағы ұзақ мерзімді әлеуметтік міндеттемелері бұл күресте шешуші рөл атқарады”, – дейді ол.
Депутат кедейлікпен күресу үшін экономиканы дамыту қажеттілігіне назар аударады. Мол кәсіпкерлік тәжірибесі бар ол экономиканы жақсартудың өзіндік әдіс-тәсілдерін ұсынады.
“Әрине, халықтың әл-ауқатының өсуі – аса маңызды мәселе. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бұл мәселені шешуге болады. Менің ойымша, басты проблемалардың бірі – жетілдіруді қажет ететін қолданыстағы салық кодексі мен бухгалтерлік есеп. Кәсіпкерлер кейде салық кодексіндегі жаңа өзгерістерге сәйкес өз бизнестерін өзгертіп үлгермейді. Мұның бәрі хаосты, сенімсіздікті тудырады, сөйтіп көптеген кәсіпкерлер әкімшілендірудің өте күрделі болуы себепті бизнестерін тоқтатады.”
Екіншіден, тұтынушылық несиелендіру нарығында қарыздың өсуіне байланысты шағын және орта бизнесті несиелендіру саласынан қаражаттың жылыстауы байқалады. Өткен пленарлық отырыста біз Қазақстандағы шағын және орта бизнесті несиелендіру үлесі ЖІӨ-нің рекордтық 8%-на дейін төмендегенін айттық. Салыстыратын болсақ, Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 40-49%, Беларуссияда осыған ұқсас. Ал АҚШ сияқты дамыған экономикалар туралы айтатын болсақ, ондағы бизнесті несиелендіру деңгейі ЖІӨ-нің шамамен 150%-ын, Жапонияда ЖІӨ-нің 250%-ын құрайды. Міне, біз осыған ұмтылуымыз керек.
“Ұлттық банкке, Үкіметке ең алдымен салық кодексін қайта қарау қажет, қазір жаңа жоба дайындалуда. Кодекс қарапайым, түсінікті болуы тиіс. Кәсіпкерлерді жаңа өндірістер құруға, бизнестегі үлесін арттыруға бағыттау қажет. Ұлттық банк банктер мен қаржы институттарын бизнесті қаржыландыруға ынталандыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасауы тиіс”, – дейді депутат.
Жалпы, кедейлікпен күрес бойынша заңнамалық тұрғыда біраз іс-шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ елімізде халықтың осал топтарын нақты іспен қолдап, қайырымдылық көмек көрсетіп жатқан қорлар да жетерлік. Жағдайы нашар отбасыларын керек-жарақпен қамтып, тіпті, баспанамен қамтамасыз етіп жатқан қайырымдылық қорлар бар. Олардың бұл салада атқарып жатқан жұмыстары елеулі.
Сонымен қатар, Қазақстанның діни қауымдастықтары көптеген жылдар бойы қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетіп келеді. Мәселен, жағдайы нашар отбасылар, жалғызбасты аналар мешіттерге барып, көмек алуға өтініш бере алады. Мешіттерде мұндай отбасылардың тізімі болады. Сөйтіп, оларға садақа, құрбандық және басқа да қайырымдылық есебінен қажетті көмек үлестіріліп отырады.
Православие өкілдеріне келетін болсақ, бірнеше ғибадатханада қайырымдылық топтары бар, олар қиын жағдайларға тап болған адамдармен жұмыс істейді, соның ішінде қажетті заттар мен өнімдермен қамтамасыз етеді.
Ынтымақ Толқын