Қазақстандағы барлық тұрғын үйлердің 30%-дан астамы 1970 жылға дейін салынған екен.
Елімізде апатты үйлер саны бір жылда 8%-ға көбейген, деп хабарлайды Didar ақпарат Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұрғын үй қорын жаңарту — халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды міндеттерінің бірі. Қазақстандатұрғын үй қорының апаттық деңгейі мен тозу мәселесі шешімін таппай келеді және күн тәртібінде өткір тұр.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың соңына қарай елде 2 мыңға жуық апатты тұрғын үйлер болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,3% көп. Онда 29 мыңнан астам адам тұрады.
Оның өзінде Алматы қаласы, сондай-ақ Маңғыстау және Жамбыл облыстары бойынша 2022 жылғы мәліметтерді ҚР СЖРА ҰСБ көрсетпеді. Өйткені бұл өңірлердегі үйлерді апатты деп тану жөніндегі комиссияның отырысы өтпеген.
Жоғарыда аталған аймақтарды есепке алмағанда, ең апатты үйлер Атырау (379 үй) және Ақмола (202 үй) облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында (195 үй) тіркелді. Көшбасшы бес өңірге Батыс Қазақстан (175 үй) және Абай (127 үй) облыстары да кірді.
Тұрғын үйлердің жылына талдау жасайтын болсақ, жағдай мәз емес. 2022 жылдың соңындағы дерек бойынша үйлердің 30%-ы немесе 746,9 мыңы 1970 жылға дейін салынған, яғни бұл үйлердің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Өңірлер бойынша толық ақпарат төмендегі кестеде берілген.