Референдум-2022

Еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр

5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Алдағы референдумда қандай мәселелер көтеріледі, осы саяси науқанға қатысудың маңыздылығы неде? Өзгерістер қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етуі мүмкін?  Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада өткен кездесуде  Қазақ-Американ еркін университеті жастардың даму орталығының директоры Наталья Уразова осы сауалдарды түсіндіріп берді.

-Біз әлемдік қауымдастықтардың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жүргенін көріп жүрміз. Кейде қазіргі заманауи кедергілерге қарсы тұрып, проблеманы шешу үшін Конституцияға өзгеріс енгізу оң нәтижесін беріп жатады. Біз қазір Жаңа Қазақстан туралы көп айтамыз. Ол қандай болу керек? Конституцияға енгізілмек өзгертулерді қолдасақ, өміріміз қалай өзгереді? Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілмекші. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Бұдан былай президент екі мерзімнен артық уақытқа сайланбайды, – деді Наталья Павловна.

Қоғам белсендісінің түсіндіруінше, Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін парламентке беріп, парламенттің өкілеттігін кеңейткелі отыр. Сонымен қатар ең қағидатты мәселелер – жер, оның қойнауы, оның қазына- байлықтары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалатынын айтты.

-Бұл жерде кез келген адам ұлтарақтай жерді  меншігіне бөліп алып, білгенін істейді деп түсінбеу керек. Бұл байлықтардың барлығына иелікті мемлекет басқарады. Бастысы – ел  байлығын бұрынғыдай шетелдік компаниялардың талан-таражға салуына жол берілмейді.  Басқа да үлкен-үлкен мәселелер бар. Құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады.  Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Саяси партияларды тіркеуде жеңілдіктер бар, – деп түсіндірді Наталья Уразова.

Алайда елімізде ең жоғары сот органы ретінде Жоғарғы соттың өкілеттілігі сақталады. Конституциялық сотқа азаматтар құқықтары бұзылған жағдайда, мысалы, жер актілерінінің заңдылығын анықтау қажет болса не сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен ұшырасса, жүгіне алады.

–Жоғары сот пен Конституциялық сотты шатастырмау керек.  Конституциялық сот төменгі сот инстанцияларының шешімдерін қайта қарамайды, бұл оның функцияларына кірмейді. Кінәсіздік презумпциясы деген бар, егер адам өз құқықтарының белден басылғанын дәлелдей алмай жүрсе, бұл – Конституциялық соттың құзырында. Конституциялық сотқа он бір судья алты жылға тағайындалады. Оның төрағасын және төрт судьяны  Президент бекітеді. Қалған екі кандидатураны Сенат ұсынады, – деп нақтылады орталық директоры.

Наталья Уразова референдумға қатысу үшін барлық азаматтарға бірдей жағдай жасалатынын қадап айтты. Қазірдің өзінде үйден шыға алмайтын, бірақ дауыс беруге құқы бар мүмкіндігі шектеулі жандар мен қариялардың тізімдері анықталып, олардың үйде дауыс беруіне мүмкін- діктер қарастырылған. Ел тағдыры үшін маңызды саяси науқан кезінде шетелде жүрген отандастарымыз Қазақстанның сол елдердегі елшіліктерінде дауыс бере алады. Егер дауыс беруге құқылы азаматтардың елу пайызы дауыс берсе, референдум өтті деп саналады.

-Қала тұрғындарымен, жастармен көптеген кездесулер өткізіп жүрмыз. Сонда байқағаным, орта буын өкілдері жоғары белсенділік танытады. Сұрақтар қойып, бұрынғы референдуммен салыстырып, нақтылап жатады. Өзгерістер және толықтырулармен жан-жақты танысуға уақыт аз берілді деседі кейбіреулер. Қазір бұл құжаттар интернетте де, штабтарда да қолжетімді. Компьютерді дұрыс меңгермедім деген кез келген тұрғын «Аманат» партиясының кеңсесіне барса не штабқа келсе, қағаз түріндегі нұсқасын да ала алады. Ең бастысы – еліміздің келешекте қай бағытта  дамитыны, алдағы болатын өзгерістер әр қазақстандықтың азаматтық ұстанымына байланысты екенін түсінуіміз керек. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз,- деп қорытындылады Наталья Уразова.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button