Тарихи қадам
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалпыұлттық референдум өткізу туралы шешімі мемлекеттің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, болашаққа маңызды қадам жасауға жетелейді.
Иә, елімізде осындай үлкен саяси науқан басталып кетті. Араға 27 жыл салып, конституциялық референдум өткізгелі отырмыз. Қазіргі уақытта осы референдумды өткізу туралы барлық өңірде облыстық, аудандық штабтың өкілдері өздерінің жұмыстарын қызу жүргізуде. Біздің басты міндетіміз – референдумның мәні мен маңызын түсіндіру, халықты кеңінен ақпараттандыру, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді тұрғындарға барынша сауатты түрде жеткізу.
“Мен Конституцияға түбегейлі сипаттағы және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін өзгерістер енгізуге бастама көтердім. Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшудеміз. Мұны екінші республика деп атауға болады. Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын”, – деді Мемлекет басшысы.
Конституциялық референдум өткізуге жарты айдай ғана уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға белсене қатысу – әр азаматтың басты борышы. Себебі, бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.
Референдумға қатысу, ой-пікіріңді ашық айтып, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды сәт екенін естен шығармауымыз керек. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана, өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Сондықтан да бұл саяси науқан – тарихта қалатын маңызды қадам деп бағаланады. Осы себепті аудан тұрғындары, жастар 5 маусым күні өз таңдауларын жасап, референдумға түгелдей қатысқаны дұрыс.
Мұрат Шайзатов,
Күршім гимназиясының тарих және робот техникасы пәндерінің мұғалімі