Өнеге

Елге сіңірген еңбегі зор

Облыстық мәслихаттың депутаты Ұлықбек Тумашинов – Катонқарағай ауданы, Жұлдыз ауылының тумасы. Әкесі Шабдан ауылда 38 жыл басшылық қызмет атқарса, анасы Нұрсұлу дүкенде сатушы болған. Шабданның әкесі Нұрғали қуғын-сүргін заманында фамилиясын Тумаш деп өзгертуге мәжбүр болыпты. Себебі ата-бабасы Дәулет-Мәметек бидің ұрпағы – Әбдікерім Ережепұлы еді.

Әбдікерім 1906 жылы Ресей Думасының депутаттығына ұсынылып, Петербордан қонқан тон киіп қайтыпты. 1907 жылы Шыңғыстайда мектеп ашып, елді сауаттандырған. Сұлтанмахмұт Торайғыровты ұстаз етіп тағайындапты. Сол заманнан бері мектеп «Әбдікерім атындағы Шыңғыстай орта мектебі» аталады. Алайда Әбдікерім қуғын-сүргін заманында Қытайға ауып, сол елде үш-ақ жыл сүріпті. Соңына түскен жансыздар атамызды өлтірген екен. Орны толмас өкініш…

Дегенмен, Ұлықбек өз қаржысына атасына арнап Шыңғыстайда «Әбдікерім мұражайын» тұрғызды. Жазушы Оралхан Бөкейдің мұражайын да сонда орналастырды.

Ұлықбектің елге сіңіріп жүрген еңбегін айтсақ, Катонқарағай ауылына аурухана салды. Верх-Катон ауылындағы марал шаруашылығын дамытуды қолға алып жүр. Туған ауылына да көмегін аямауда. Аудан орталығы мен Жұлдыздың арасындағы жолды асфальттады. Жұлдыздың іргесіндегі зиратты қоршауға ұйытқы болып, шығынын көтерді.

Шабдан дүниеден өткен соң аудан басшылығы ол кісінің совхозға сіңірген еңбегін бағалап, Үлкен Нарыннан бір көшеге атын берген. Сол көшеге асфальт төседі, бойындағы бір ғимаратты екіқабатты қонақ үйге айналдырды. Онда той залы, асхана, сауна бар. Приморскіде су жағасына демалыс базасын салды. Мұнда жиырмадан астам отбасылық үй, балалар алаңқайы, спорт, футбол алаңдары, дәмхана, монша бар. Үлкен Нарын автобекетін жөндеп, туристік орталық міндетін қоса атқаратын ғимарат етті. Семейге әуежай салды, құрылысы тұралап қалған үйлерді аяқтады. Өскеменде де үйлер тұрғызып жүр. Қазір Ертіс өзеніне көпір салып жатыр.

Ұлықбектің мұқтаж жандарға көрсетіп жатқан демеушілік, қолдау ісі – бір төбе.

Өмірбаяны туралы айтсақ, мектепті үздік тәмамдаған соң Украинадағы Нежинь университетінде оқыды. Жұлдыз мектебіне мұғалім болып орналасып, шәкірттердің сүйікті ұстазына айналды, директорлыққа дейін көтерілді. Директор болып үш ай ғана істеді. Сол үш айда сыныптарға стендтер жасатып, мектепті жайнатып үлгерді. Оқушыларға бір уақыт тегін тамақ беруді ұйымдастырды. Нарын жағасына балалардың еңбек лагерін салдырды.

Аудан басшылығы орталықтағы сауда кооперативінің басшысы етіп тағайындап, бірнеше жыл сол қызметте болды. Кейін Өскеменге қызметке шақырылды. Қазір «Элхон» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты.

Ұлықбек Тумашинов – ақыл-парасаты жоғары, терең ойлы, талантты, талапты, табысты кәсіпкер. Жауапкершілігі зор. Үнемі жол үстінде, ой үстінде жүретін, адалдығы мен әділдігі бір бойына жарасқан, елі үшін еңбегін еселеген азамат.

Осы айтқандарға дәлел – облыс басшысы Даниал Ахметовтің пікірі. Былтыр қыркүйекте аудан халқымен кездесуге келген ол өз сөзінде: «Ұлықбек – өз ісіне тыңғылықты, жүрегіме жақын бірден-бір қайраткер азамат» деген еді.

Жоғарыда маған ғана мәлім атқарған жұмыстарын атадым, ал білмейтінім қаншама… Ұлықбектің еңбек жолы – жастарға өнеге.

 Алтынай Шаменова, Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі

 Катонқарағай ауданы

 

Back to top button