Мәдениет

Елге күн сайын қайырлы таң тілейтін әнші

Елге күн сайын қайырлы таң тілейтін әнші


«Оралханның көктемі» атты дүбірлі өнер мерекесінде әр қиырдан жиылған алуан түрлі жүйріктердің бақ сынасқаны туралы жазғанбыз. Бұл айтулы фестивальға шақыруды алған бойда алдымен жеткендердің бірі ретінде белгілі әнші, өнер майталманы Гүлмира Сарина жайында да біраз толғанған болатынбыз.

Гүлмира осы сапарында Оралханның ақын Мұрат Тастағановтың өлеңіне жазылған «Қайырлы таң» әнін құйқылжыта шырқап, көп көңілінен шыға білді. Бұл ән бүгінде бүкіл елімізге мәшһүр дейтін болсақ, оны Қазақ радиосы арқылы жалпақ жұртқа таратқан Гүлмира Айымғазықызының еңбегін атамай кете алмайтынымыз да хақ. Радионың фонотекасына жазып алынған осы тамаша әуеннің эфирден күн сайын беріліп тұратыны жұртқа жақсы мәлім.
Думанды ән кеші өтіп жатқан дүбірлі кезеңнің бір әредігінде ретін тауып біз Гүлмираны сөзге тартқан болатынбыз.

– Өзімнің туып-өскен жерім – Абай ауданына қарасты Архат ауылы, – дейді ол. – Балалық, жастық шағым сонда өтті. Кішкентай кезімнен ән салып, көзге түскен баламын ғой, ересек өмірім де солай жалғасты. Алдымен Еуразия университетінің музыка факультетін тәмамдап, кейіннен Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірдім. Қазіргі уақытта Ұлттық музыка академиясында ұстаздық етудемін.

Иә, ұлылар мекенінен түлеп ұшқан талапты бойжеткен 1999 жылы өткен «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», «Әміре Қашаубаев атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты», 2010 жылғы «Оралханның көктемі» атты аймақтық ән байқауының бас жүлдегері» деген бірқатар марапаттарды бекер иеленіп жүрмесе керек.

– Өзімнің шығарған 30-ға жуық әнім бар, – деп үстеді сөзін Гүлмира. – Әлгінде шырқаған «Шырайлы Шығысым-ай» деген әннің сөзін бауырым Қалқаман жазған. Мына жанымда жүрген Жұлдызай Ысқақ атты жас ақынның да он шақты өлеңіне ән жаздым. Әуендерімді жұрт жылы қабылдап, жер-жерде айтылып жүр.

Оралхан ағамыздың «Қайырлы таң» әні көңіліме бірден қонып, естіп, жаттаған бойда репертуарыма енгіздім. Содан бері үлкен сахналарда шырқап, жүрген жерімде насихаттап келемін. Жалпы, О.Көшеровтің әндері – сөзі мен сазы құп жарасып, шебер қабысып тұратын, жүректен шыққан әуендер ғой. Бұдан басқа, айтулы сазгер ағамыздың «Ағалар-ай», «Ескі әнді, шеше, қозғама» сияқты көпке танымал әндерін жиі айтып жүремін.

Өзінің желкілдеп өсіп келе жатқан қызы, 9 сыныпта оқитын Назеркенің келешекте анасының жолын қуар деген үміті бар екенін ортаға салған Гүлмира Шығыстың шырайын енгізе жырлап келе жатқан 86 жылдық тарихы бар «Дидар» газетіне шынайы ықыласын арнап, оқырманының көп болуына тілектестік білдірді.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button