Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру

Әлеуметтік төлемдерді кімдер ала алады?

Айна Ескенқызы 

Жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі болып саналатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі елімізде 2005 жылдан бері бар.  Алайда тұрғындардың көпшілігі қандай жағдайда әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы барын біле бермейді. Азаматтарды міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары мен өз құқықтары туралы хабардар ету мақсатында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның облыстық филиалында ашық есік күні өтті.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыстаубаев түсіндіргендей, жүйе жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен шұғылданатындардың, сонымен қатар бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің өз пайдасына аударатын әлеуметтік аударымдарының есебінен қаржыландырылады.

        – Бір нәрсені түсіну керек, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударылатын әлеуметтік аударымдар  жұмыскердің еңбекақысынан ұсталынбайды. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) қызметкердің табысының 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлейді. Әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық аударылуы қызметкерге әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда әлеуметтік төлемдерді толық көлемде алуға құқық береді, – деп атап өтті филиал директоры.

Жұмыс істейтін азамат, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері  әлеуметтік тәуекел туған жағдайда МӘСҚ-нан әлеуметтік төлем алуға құқылы. Төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдар төленген табысқа, сонымен бірге аударымдарды төлеу ұзақтығына байланысты болады.

        – Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарды төмендегідей алты әлеуметтік тәуекел туындағанда: еңбекке қабілеттілігінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылуы және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайларында қорғап, әлеуметтік төлемдер төлейді, – деп нақтылады Нұрлан Қыстаубаев.

Қазіргі таңда елімізде міндетті әлеуметтік сақтандырумен 6,7 млн адам қамтылған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облысымыздың 47 мыңнан астам адамы 20,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. Республика бойынша 2005 жылдан қазіргі уақытқа дейін әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 2,8 трлн теңгеге жеткен.

Нұрлан Төлеубекұлының түсіндіруінше, еңбекке қабілеттіліктен айырылған кезде төленетін әлеуметтiк төлем құқық туындаған күннен бастап еңбекке қабілеттіліктен айырылудың белгiленген бүкіл кезеңіне тағайындалады.

Асыраушысынан айырылған балаларға 18 жасқа толғанша немесе егер олар күндізгі оқу бөлімінің студенттері болса,  онда 23 жасқа дейін әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Еңбекке қабілеттіліктен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер ұзақ мерзімді болып саналады. Сол себепті инфляцияның ықпалынан құнсызданбауы үшін олардың мөлшері жыл сайын МӘСҚ активтері есебінен арттырылып отырады. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлемдердің мөлшері 8,5%-ға өскен.

Спикер сонымен қатар жұмысынан айырылған кезде төленетін әлеуметтік төлемге тоқталды. Қызметкер өз еркімен жұмыстан шығып кетсе немесе оны шығарып тастаса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді жұмыстан шығу себептеріне қарамастан алуға құқылы, жәрдемақы міндетті түрде тағайындалуға тиіс. Әрине, егер ол үшін жұмыс берушісі әлеуметтік төлемдерді ай сайын аударып тұрса.

Төлемге құқық халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «Электронды еңбек биржасы» (enbek.kz) порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап туындайды. Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлемнің мөлшері өтініш берушінің 24 айдағы орташа айлық табысын табысты ауыстыру коэффициенттеріне және қатысу өтіліне көбейту жолымен айқындалады.

        – Халықаралық еңбек ұйымы табысты ауыстыру коэффициентін 45% деңгейінде қолдануды ұсынды. Сондықтан халықаралық стандарттарға сәйкес 2023 жылдан бастап жұмысынан айырылу жағдайына төлем тағайындау үшін кірісті ауыстыру коэффициенті 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылды, – деді Нұрлан Қыстаубаев.

Филиал мамандары жұмыстан шыққаннан кейін жұмыссыз ретінде тіркелуді созбау керектігін және түскен әлеуметтік аударымдарды тексеру қажеттігін ескертеді, өйткені әлеуметтік төлемнің мөлшері осыған тікелей байланысты болады.

Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдерді қолдау мақсатында 2008 жылдан бастап халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ана мен баланы міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілген-ді. Жүктілігі және босануы бойынша біржолғы әлеуметтік төлемге құқық жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген демалыс берілген күннен бастап беріледі. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріске және еңбекке уақытша жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлем баланың туған күнінен бастап тағайындалады.

        – Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында аналарды әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем тағайындау кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды. Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. Ана мен баланы қолдау үшін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан» 2022 жылы облыс бойынша 17 млрд теңге төленді, оның 10 млрд теңгесі жүктілікке және босануға төленсе,  бала күтімі бойынша 7 млрд теңге төленді, – деп нақтылады Нұрлан Төлеубекұлы.

Міндетті әлеуметтік сақтандыруда жұмыс берушілердің әлеуметтік аударымдарды уақтылы және толық төлеуі – маңызды фактор, өйткені төлемдердің мөлшері жүйеге қатысу ұзақтығына және табыс деңгейіне тікелей байланысты.

        – Сол себепті әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш берердің алдында egov.kz электронды үкімет порталы арқылы, халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе МӘСҚ филиалдарына жүгіну арқылы әлеуметтік аударымдардың МӘСҚ-ға дұрыс және уақтылы түсуін тексеруді ұсынамыз. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толығырақ ақпаратты gfss.kz интернет-ресурсы арқылы, сондай-ақ МӘСҚ мен филиалдардың әлеуметтік желідегі аккаунттарынан алуға болады, – деп қорытындылады Нұрлан Қыстаубаев.

 

 

Back to top button