Жаңалықтар

Әлеуметтік саланың үздіктері марапатталды

Бүгін Өскемендегі «Ертіс концерт» залында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіліп, аталмыш мереке қарсаңында облыстағы халықты әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, марапаттау дәстүрге айналған.

-Әлеуметтік сала қызметкерлері қоғамға өте керекті, маңызды қызмет атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен мұқтаж жандарға әлеуметтік қызмет әділ әрі ашық көрсетілуде. Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға көмек көрсету – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай келе, жауапкершілік пен мейірімділікке толы қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын,-деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, қазір өңірдегі әлеуметтік қорғау жүйесінде 3 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, оның 700-ден астамы – әлеуметтік қызметкерлер. Олар аз қамтылған азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына жан-жақты қажетті көмек көрсетеді. Осылайша, үйде күтім жасау жағдайындағы қызмет көрсетумен 5073 мүгедектігі бар адам (оның ішінде 462 бала) және қарттар қамтылуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен 504 адам қамтылды (оның ішінде 103 мүгедек балалар). Медициналық-әлеуметтік мекемелерде күн сайын жан-жақты көмек көрсетілетін 2 мыңнан астам адам тұрады.

Жыл сайын Грехово кентінің оңалту орталығында 1 мыңнан астам адам кешенді қолдау мен оңалтудан өтеді.

Ұлы Отан соғысының қатысушылары, еңбек ардагерлері, жасына байланысты зейнеткерлер, Батыр аналар мен зейнеткер жасындағы «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған аналар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушылар, сонымен қатар интернационалист жауынгерлер арасынан 5 мыңнан астам адам санаторлы-курорттық ем алады.
Салтанатты кеш барысында саланың үздік қызметкерлері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, Министрдің Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button