Әлеумет

Әлеуметтік қауіпсіздік жастықшасы

Айна Ескенқызы

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының негізгі міндеті міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік қатер жағдайы басталған сәтте әлеуметтік төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру болып табылады. Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында   осы қордан төленетін қандай төлемдердің мөлшері қандай деңгейде өзгеретіні туралы  «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ахат Уәлиев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.

– Жолдауда жұмысынан айырылған азаматтарды барынша қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты төленетін төлемнің мөлшерін 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайту көзделген.  Қолданыстағы заңнамаға сәйкес МӘСҚ-нан жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан тағайындалады. Төлем жұмыспен қамту орталығында немесе “электрондық еңбек биржасы” (enbek.kz). порталында жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап есептеледі. Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Осы жерде жұмыссыз ретінде тіркелген азамат сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын  да ала алатынын айта кеткен орынды, – деді Ахат Амангелдіұлы.

Спикердің түсіндіруінше, жұмысынан айырылуына байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы екі жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа, сондай-ақ жүйеге қатысу өтіліне және табысты алмастыру коэффициентіне байланысты есептеледі. Қазіргі уақытта табысты алмастыру коэффициенті 40%-ды құрайды.

Ахат Уәлиев 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап табысты алмастыру коэффициентін 45%-ға дейін ұлғайту көзделуде екенін, осылайша халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейге  жеткізілетінін айтты. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмысынан айырылу бойынша төлем алушыларға қайта есептеу жүргізіледі, Алайда қайта есептеуге өтініш берудің қажеті жоқ, өйткені бұл автоматты режимде жасалады.

Бұл 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республика бойынша 117 мыңнан астам азаматқа жұмысынан айырылған жағдайда арттырылған мөлшерде (орта есеппен 13%-ға) әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік береді. Өтініш берушінің жалақысы мен еңбек өтілі неғұрлым көп болса, оның төлем мөлшері мен жиілігі соғұрлым жоғары болады.

Спикер жұмыстан босатылған жағдайда азаматтарға жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алу үшін жұмыссыз ретінде тіркелуді созбау керектігін ескертті. Сондай-ақ egov.kz порталынан немесе ХҚКО, не болмаса  МӘСҚ филиалынан  өзіңіз үшін түскен әлеуметтік аударымдарды тексеру қажеттігін айтты. Өйткені әлеуметтік төлемнің мөлшері осыған байланысты екен.

– Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауы шеңберінде бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайту қарастырылған. Қазір бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем соңғы 24 айдағы орташа айлық табыстың 40% мөлшерінде тағайындалады. Ана болуды әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем тағайындау кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылатын болады, – деп жалғастырды филиал директорының міндетін атқарушы.

МӘСҚ-тан төленетін төлем бала туғанға дейінгі соңғы 24 ай ішінде кемінде алты ай әлеуметтік аударымдар түскен адамдарға тағайындалатын болады. Ал әлеуметтік аударымдары алты айға толмайтын қатысушыларға бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мемлекеттік бюджеттен тағайындалатын болады. Сондай-ақ ата-ана жұмысқа шыққан болса, әлеуметтік төлем тоқтамайды, керісінше ұқсас мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінде жалғаса береді.

– Бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МӘСҚ-дан бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алушыларға жалғастырылады. Егер бала 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін бір жасқа толып қойса, онда бала күтімі бойынша төлем ұзартылмайды, – деп қорытындылады Ахат Уәлиев.

Осы айдарда

Back to top button