Әлеумет

Әлеуметтік азық-түлікке 15%-дан артық үстеме қосылмайды

Азық-түлік өнімдеріне баға белгілеудің қалыптасқан жағдайы бойынша, “Сауда қызметін реттеу туралы” ҚР Заңының 9- бабына сәйкес дүкендер мен сауда орындарының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15 пайыздан артық үстеме баға қосуына заңмен тыйым салынған.

Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге бағаны осы белгіленген мөлшерден асырып, қымбаттатқан  сауда орындарының үстінен облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне немесе тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына шағым түсіре алады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Қазақстан Республикасы заңдылықтарымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері (тізімге бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты нан, картоп, қант, жұмыртқа, күнбағыс майы, қарақұмық, тұз сияқты барлығы 19 азық-түлік кіреді) тізіміне кіретін тауарларды өндірушінің немесе толайым тауар жеткізушінің бағасынан 15%-дан артық қымбаттатуға болмайды. Саудагерлер, сауда орындары әлеуметтік өнімдердің бағасын шектен тыс асырса жауапкершілікке тартылады.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің міндеті – ішкі сауданы дамыту және реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыра отырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Аталған департаменттің басшысы Данияр Дүйсембаевтың баспасөз мәслихатында  айтқанындай, 2022 жылы департаментке тұтынушылардан сауда – саттыққа қатысты 563 өтініш түссе, 2023 жылы 9 айдың ішінде  138 өтініш келген. Шағымдардың ең көбі бөлшек саудаға қатысты. Бөлшек саудада – 45%;  электрондық саудада – 21%; тұрмыстық қызметтерде – 20%;  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта – 9 пайызға жуық;  байланыс қызметтерінде – 7%  тіркелген.

Аталған көрсеткіштер бір жағынан – тұтынушылардың тұтыну, құқықтық деңгейінің артуын, екінші жағынан – жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің өсуін көрсетеді.  Биыл департамент әлеуметтік азық -түліктерге үстеме бағаны асырып қою дерегіне байланысты 9 сауда орнына тексеру жүргізіп,  5-іне ескерту берген.  Төрт нысан бойынша деректер расталмаған.

Сондай – ақ жыл басынан бері  департаментке тұтынушылардан сөрелерде өнімдердің бағасы жазылмағандығына, өнімде көрсетілген баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмегендігіне қатысты 10 шағым түскен. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 193 -бабының 4- бөліміне сәйкес тұтынушылардың құқықтарын бұзған сауда орындарының иелеріне 165 400 теңге айыппұл салынған.

Автор: Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button