Электронды дүкен бизнесті дамытуға тың серпін береді
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында Қазақстан бойынша шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін электронды дүкен арқылы сатып алудың жаңа әдісі қызмет көрсетіп жатыр. Бұл тәсіл сатып алу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
Өскеменде облыс әкімдігі, «Самұрық-Қазына» қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті дамыту» атты конференция өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Сатып алу жеңілдеп, жеткізушілер көбейді
Конференцияда «Самұрық-Қазына» АҚ-ның сарапшылары облыс кәсіпкерлерін отандық өндірушілерді қолдау жолдарының бірі болып отырған – SKstore.kz электронды дүкенімен таныстырды. SKstore.kz – бүгінде шағын және орта бизнес үшін тауарларды сатудың ыңғайлы алаңы болып отыр. Осы порталда Қазақстанның әрбір кәсіпкері өз тауарларын «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларына екі күн ішінде лицензиясыз және техникалық ерекшеліктерсіз электронды дүкен арқылы сата алады. Конференция барысында кәсіпкерлер өте қысқа мерзімде мәмілелер жасау және электронды дүкен арқылы өз бизнесін қалай дамыту керектігімен де танысты.
SKstore.kz электронды дүкені – тауарларды аймақ, ТЖҚ, құны және өндіруші бойынша сүзгіден өткізу мүмкіндігі бар ыңғайлы маркетплейс. Дүкен сатушысы болу үшін SKstore.kz сайтында тіркеліп, ұсыныс келісімін жасау қажет. Интернет-дүкеннің операторы – QazCloud компаниясы.
Электронды дүкен тұтынушылар үшін сатып алу процедурасын жеңілдету және әлеуетті жеткізушілердің санын көбейту мақсатында құрылған. Электронды дүкен шағын және орта бизнес өкілдеріне өңірлерде сауда географиясын кеңейте отырып бизнестерін дамытуға мүмкіндік береді. Тапсырыс беруші тауарды орналасқан жеріне, бағасына және жеткізу шарттарына қарай таңдай алады, барлығы қарапайым және ыңғайлы.
– Қазір біздің пайдаланушылар «Самұрық-Қазына» компаниясы ішіндегі шарттарды ұзақ келісуге уақыт жұмсамайды. Барлық процедуралар онлайн режимінде жүзеге асырылады, бұл жұмысты өте жеңілдетеді. Сонымен қатар SKstore.kz жүйесінде жеткізілген тауар үшін ең төменгі төлем мерзімі белгіленді, құжаттарды қабылдау-беру, алмасу процесі жеделдетілді, – деп түсіндірді электронды сатып алудың тиімділігін «QazCloud» ЖШС цифрлық трансформация департаментінің директоры Әлібек Сабырбай.
Конференцияда «Самұрық-Қазына» АҚ-ның сарапшылары қордың сатып алуларына қалай қатысу керектігін, қорда отандық өндірушілерді қолдаудың қандай шаралары жұмыс істейтінін, алдын ала іріктеу тетігі қалай жұмыс істейтінін, сондай-ақ офтейк-келісімшарт жасасу арқылы ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыс алу жолымен импортталатын өнімнің жаңа өндірісін қалай ұйымдастыру керектігін түсіндірді.
Жиында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері аталған қордың Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерліктің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, өз тараптарынан отандық өнім түрлерін көбейту және жергілікті қамтуды ұлғайтуға ықпал ету бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Дархан Рамазанов:
– Отандық тауар өндірушілерді қолдау және жергілікті қамтуды дамыту «Самұрық-Қазына» қорының стратегиялық міндеттерінің бірі болып есептеледі. Бұл бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірілетін өнім түрлерін кеңейтуге және жергілікті қамтуды ұлғайтуға ықпал етеді. Осы жұмыстың барысында 2018-2023 жылдары 107 млрд теңгеден астам сомаға 360 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл ретте аталмыш бағдарлама аясында офтейк-келісімшарт тиімді шарттармен қаржыландыруды тартудың басты құралы екенін айта кеткен жөн. «Самұрық-Қазына» қоры реттелетін сатып алуларда алғашқы болып осындай келісімшарттарды енгізді, – деді.
Бұрнағы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға қордың сатып алу жүйесін жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сай «Атамекен» ҰК палатасымен бірлесіп қордың сатып алу жүйесіне елеулі өзгерістер еңгізілген.
– Біріншіден, барлық құжаттар біріздендірілді. Енді тоғыз көп деңгейлі құжаттардың орнына барлық рәсімдердің сипаттамасын қамтитын бірыңғай тәртіп бекітілді, – деп атап өтті «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС өкілі.
Басты мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру
Конференция барысында оқыту семинарлары да өтті. «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС сарапшылары отандық өндірушілерді қолдау құралдарымен таныстырып, алдын ала біліктілікті іріктеу тетігі туралы және қордың сатып алуларына қатысу жолдары туралы баяндады. Компания өкілдерінің айтуынша, өндіруші шарттарды сақтаса, алдын ала біліктілікті іріктеуден өту қиын емес.
Кәсіпкерлерге аса қызықты болған жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу бағдарламасына қатысудың шарттарымен «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС импорт алмастыру, тізілімдер және жергілікті қамтуды дамыту департаментінің директоры Нұрлан Шәріпов таныстырды. Оның айтуынша, импорт алмастыруға жататын тауарлар пулын компания тоқсан сайын реттеп отырады. «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС сайтында кез келген кәсіпкер техникалық ерекшеліктерді, қажеттіліктерді, жеткізу шарттарын зерделей алады.
– Офтейк-келісімшарттар механизмі – бірегей құрал және бүгінгі таңда ең ыңғайлы тетіктердің бірі. Бағдарлама шағын және орта бизнес өкілдерінің, ірі өндірушілердің арасында үлкен қолдау тауып келеді. Өйткені ұзақ мерзімді келісімшарт өндіріс жүктемесі мен айналым капиталын біркелкі бөлуге мүмкіндік береді. Осы бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкер өндіруге дайын өнімді таңдап, бизнес-жоспар құрып, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС сайтында өтінімді толтыруы қажет. Әрі қарай жоба мақұлданған кезде, оны іске асырғаннан кейін қор комиссиясы өнімнің тапсырыс беруші компаниялардың талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізеді. Бұл соңғы кезең, оның қорытындысы бойынша өнімдер бекітілген жобалар тізіміне енгізіледі, – деп түсіндірді бағдарлама талаптарын Нұрлан Шәріпов.
– Бұл «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесіндегі мүлдем жаңа тетік, өйткені әлемдік тәжірибеде жеткізушілерді алдын ала іріктеу кеңінен қолданылады. Ірі шетелдік компаниялар мен қорлар өздерінің сатып алу саясатын дәл осы технологияға негіздейді. АБІ (ПКО) жүйесі жеткізушілерге ресурстардың, механизмдердің, енгізілген менеджмент жүйелерінің болуы тұрғысынан өздерінің күшті жақтарын көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің, аудиторлар мен жеткізушілер арасындағы кері байланыс арқылы бұл тетік «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдарының жеткізушілерін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің техникалық, пайдалану және сапалық сипаттамаларын дамытуға және тұрақты жақсартуға бағытталған, – деп атап өтті спикер.
Конференцияда бизнес-қауымдастық өкілдері сатып алу жүйесінің тиімділігін талқылап, сатып алуларды барынша ашық жүргізуге қатысты өз сауалдарын қойып, ұсыныс, пікірлерін білдірді.
– Бүгінгі таңда бизнестің қолдауды сезінуі маңызды. Мұндай кездесулерде бізде отандық компаниялардың кейстерін талдауға және оларға бизнесті жаңа жағдайларға бейімдеуге көмектесетін тамаша мүмкіндік бар. Конференцияның ауқымы жыл сайын ұлғайып келе жатқанына қуаныштымыз. Қатысушылар кері байланыс алаңын құру үшін бірігіп жатқаны ерекше қуантады, – деді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директордың орынбасары Дархан Рамазанов.
Шараны қорытындылаған «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, облыс әкімдігі және «Атамекен» ҰКП өкілдері облыс кәсіпкерлерінің ұлттық және өңірлік маңызы бар бірлескен жобаларға белсенді қатысуға әзір екенін жеткізді.
Жамал Ермен