Елеке сазынан ерекше әшекейлер табылды
Елеке сазы – ежелгі өркениеттің алтын ошағы іспетті өлке. Ондағы әр обадан табылған дүниелер осы заманның сенсациялық жаңалығына айналып келеді. Биыл да оба қазғандар олжалы екендерін айтады. Әбдеш Төлеубаев бастаған археологиялық топ сақ дәуіріне тиесілі 850 дана ат әбзелдеріне тағатын әшекей бұйымдарды тапқан. Ғалымдардың пікірінше, алтын бұйымдар біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларға тиесілі ерекше үлгідегі жәдігерлер.
Археологтар 2016 жылдан бері Елеке сазындағы обаларға қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс әкімінің қолдауымен қолға алынған бұл жұмыстың жетістіктері де жоқ емес.
– Шығыс Қазақстан өңірі – еліміздің рухани орталықтарының бірі. Сондықтан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда Қазақстан халқының бірегей мұраларын зерттеу, сақтау және насихаттау жобалары табысты жүзеге асырылуда. Археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасы 2021 жылға дейін ұзартылды, – деп жазды фейсбук парақшасында облыс әкімі Даниал Ахметов.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдарынан құралған археологиялық құрамның тапқан дүниелерін топ жетекшісі Әбдеш Төлеубаев тәпсірлеп берді.
– Біз тапқан бұйымдар алтынмен апталған ат әбзелдеріне тағатын әшекей бұйымдар. Солардың бірі – жолбарыс тұқымдас мифологиялық аң бейнесі. Алтыннан жасалған аң бейнесі бұрын-соңды археологияда кездеспеген. Аяғында үш қоңырауы бар, төртінші қоңырауы жоғалып кеткен тәрізді. Одан өзге екі қабат алтын сымнан жасалған шынжыр жайлы да ауыз толтырып айтуға болады. Оның екі ұшында «сердолик» тасы, екі шетін ала салпыншақтар тағылған. Бұл да бұрын-соңды кездеспеген дүние. Сондай-ақ обадан табылған алтын бұғы бейнесі де бұған дейін бізге беймәлім болған олжа. Оның жүген немесе құйысқанға жапсыруға арналып жасалғаны байқалады. Жалпы қазба жұмысы кезінде табылған бұйымдардың көбі сақ патшасының құрметіне басқа ру-тайпалардың, бірлестіктердің тарту-таралғыға әкелген дүниелері болуы мүмкін, – дейді археолог Әбдеш Төлеубаев.
Сақтан қалған сары алтынның арасында көздің жауын алар көркем әшекейлер өте көп. Мифологиялық аң стиліндегі алтыннан он дана болса, оның жетеуінде шынжырлы салпыншағы бар. Ол да археология тарихында алғаш жолығып отырған жәдігер көрінеді. Біз көрген алтын әшекейлердің қатарында бармақ басындай алтын қазан да болды. Оның қос құлағы, белдігін ала белдеулі бедері, түбінде ілгегі бар. Сақ бабамыздан қалған самұрық бейнелі алтын құстың да оншақтысы табылыпты.
Кейбір жәдігерлердің жасалу үлгісі бүгінгі мәдениетпен де үндесіп жатқандығын көрдік. Сонау сақ дәуіріне тиесілі алтын айылбас күні кешегі аталарымыз қолданған ер айылбасымен дәлме-дәл екен. Ал қорғаннан 50 метр қашықтықта қола және алтын құятын ұстахана табылған. Бұны бабаларымыздың технологиялық өркениетінің таңдай қақтырар жаңалығы деуге болатындай.