Мәдениет

Елбасын таңғалдырған өнер ұжымына ширек ғасыр

Елбасын таңғалдырған өнер ұжымына ширек ғасыр


Шығыс өңірінде мәдениет саласы сөз бола қалса, Жарма ауданын айналып өте алмаймыз. Әсіресе атағы алыс-жуыққа жеткен «Гәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрінің орны бөлек. Ал «Гәусәр» десең, арғы жағынан Аманжол Дәуітов күлімсіреп шыға келері ақиқат.

Жуықта Жарма жеріне барған бір сапарымызда қонақтарды әдеттегідей аталмыш оркестрдің өнерлі қыздары қарсы алды. Небары 20 минуттық шағын шарада әртүрлі жанрлар мен бірнеше ұлттың тілінде өнер көрсеткен жармалықтар елдің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Басқа аудандардан келген мәдениет саласы өкілдерінің бірі өнерпаздардың біркелкі тігілген киімдеріне қызықса, бірі шынайы өнердің шәрбатынан шөл қандырды. Енді бірі заманауи техникамен жабдықталған тап-тұйнақтай Мәдениет үйіне көз қыдыртып отыр. Ал бізді, «Кәусар – 25» деген эмблема елең еткізді.

Жұмыс арасында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аманжол Дәуітовті жолықтырып, ширек ғасырға толып жатқан мерейтойларымен құттықтадық. Сөйтсек, осы ұжымды жиырма бес жылдан бері басқарып келе жатқан Әбекеңнің өзі де пайғамбар жасына толып жатыр екен. Сонымен қос қуаныш қолымызға қалам алғызды.

Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына бір жарым жыл қалғанда құрылған оркестр азғана уақыттың ішінде ЮНЕСКО көлемінде өтіп жатқан бұл тойды бастайды деп ешкім де ойламаса керек. Тіпті Елбасының өзі бұл бір ауданның өнерпаздары екеніне шүбә келтіріпті.

Содан басталған жұлдызды сәт қазірге дейін өнер аспанында жарқырап келеді. Бұл ұжым – тәуелсіз Қазақстанның әрбір арайлы таңының куагері. Ел нан табудың соңына түскен сонау бір қиын-қыстау жылдары аудан мәдениетінің тізгіні Әбекеңнің қолына тиеді. Шыны керек, бұл елдің әнді емес, нанды ойлап жүрген кезі-тін. Содан болса керек, ауылды қойып, аудан орталығындағы Мәдениет үйінің өзі көлеңкелеген малдың жайлы орнына, құстардың тыныш ұясына айналған.

Аң-құстан қайтарып алған мәдениет ошағын қайта түлеткен басшы біраз жылдар еңбекақысыз жұмыс істегендерін айтады. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегенді дана халық текке айтпайды ғой. Сол ашқұрсақ күндердегі еңбектің қызығын өнерпаздар бүгінгі таңда көріп отыр. Жалпы, кітапханашылар мен мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы бүгінгі таңда да керемет деп айтудан аулақпыз. Деседе аталмыш мекеменің қызметкерлерінің орташа жалақысы 70 мың теңгеден айналады екен. Басқа аудандармен салыстырғанда пышақ сырты көрім. Өйткені бұл ауданда кілең үздіктер қызмет етеді. Айналдырған қырыққа жуық өнерпаздың 22-сі еліміздің Мәдениет қайраткері. Бұған облыс әкімі сыйлығының иегерлерін қосыңыз. Бүгінде оркестр құрамындағы қырықтай өнерпаздардың киімдері тек Алматы қаласында тігіледі. Репертуарларында әртүрлі жанрдағы жүзден астам ән бар екен. Әр жыл сайын өткізіп келе жатқан облыстық көркемөнерпаздар байқауының тоғыз мәрте жеңімпазы екенін былайғы жұрттың біреуі білсе, біреуі білмес.

– Аудандық мәдениет бөлімінің баланысында 13 үй бар. Бұл үйлер негізінен жас отбасыларға арналған. Жыл сайын «Дипломмен – ауылға» сынды бағдарламар арқылы қатарымызды жас мамандармен толықтыруға тырысамыз, – дейді Аманжол Төлеубекұлы.

Әрине, бүгінгі таңдағы жастардың ең үлкен мәселесі – баспана жайы шешілсе, қандай жас ауылдан қашпасы анық. Оның үстіне, Жарма ауданы мәдениетінің атағы бүгін жер жарып тұрса.

Аудандық мәдениет үйіне қарайтын халықтық, ұлттық ансамбльдердің саны көп, әрине. Бірақ біз «Кәусардың» 25 жылдығы болғандықтан, тек сол ұжымның жетістіктеріне аз-кем тоқталып өтейік.

Жаңағы Абай тойының шымылдығын ашқан өнер ұжымы келесі жылы «халықтық көркемөнер ұжымы» атағын алса, 2004 жылы осы атақты екінші мәрте сәтті қорғап шығыпты. 2007 жылы облыс әкімінің тұңғыш тағайындаған «Өнер кубогын» иеленіп алып шетелге жолдама алған. Осы жылы Президент жанындағы шетел инвесторлары Кеңесінің 17-ші бірлескен мәжілісіне арналған мәдени бағдарламада өнер көрсетіпті.

Бұл ширек ғасырда алған қалың атақ-даңқтар мен жетістіктердің бір парасы ғана. Жаңағы шағын шараны қарап отырған жан бұл бір адамның ұзақ жылдық жобасы екенін бас қатырмай-ақ аңғарады. Сондай-ақ берекелі һәм талантты өнерпаздардың жұмысы екені белгілі. Әртүрлі ұлттық аспаптармен елді рухани жаңғыртып келе жатқан үздік өнер ұжымына қос қуаныштарың құтты болсын деген тілек айтқымыз келді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button