Қоғам

ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ТЕМІРТАУДЫҢ ҚАРА ШОЙЫНЫН БАЛҚЫТҚАН ҚАРИЯ

ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ТЕМІРТАУДЫҢ ҚАРА ШОЙЫНЫН БАЛҚЫТҚАН ҚАРИЯ

Ақсуаттағы ардагерлер үйіне келген сайын сонда отыратын бес-алты ақсақалдың ортасынан мығым денелі, үнемі шахмат үстелінде отырып, алдына келгенді шаршы тақта алдында шақ келтірмейтін қамау тері алынған арғымақтай ат жақты қарияны талай көргем.
Бірде екі ақсақалдың қол күрестіріп отырғанына куә болдым. Қайыстай қара шал алдында отырған білегі шымырлау, денесі молдау замандасының екі қолында орнына қойып қарқ-қарқ күліп: «бәсіңді ортаға сал» деді.
– Осы сен Елбасымызбен бірге Теміртаудың қара шойынын балқытқан мына қара шалды осал деп ойлаған шығарсың ә, бәлем? – деп замандасының қолын алып қапсыра құшақтады. Әлгі әңгімеге құлағым елең ете қалып, бірден ағалардың сөзіне арласып, әлгі бір айтқан сөзін қайталап сұрадым. Сабырсыздығымды байқады ма: – Аптығыңды бас, бауырым, ол менің жастық дәуренім ғой, – деп жайлап әңгімесін бастап кетті.

Украинада оқыған қазақ жастары

– 1959 жылдың көктемі. Көкжыра орта мектебін бітірген 60-шы жылдардың арманшыл жастары сол жылы Бүкілодақтық комсомол ұйымының «Қазақстан металлургиясын салуға» Одақтың 15 Республикасының жастарына жар салған үндеуіне алдымен үн қосқан болатын. Оның үстіне Теміртаудағы екпінді құрылысқа аудан жастары да үндеу тастап, Теміртауға жолдама алуға көкжыралық мектеп бітірушілерді де шақырған. Солардың бел ортасында болған біздің кейіпкеріміз небәрі он жеті жастағы Сәлім Рахымжанов еді. Ағамыздың айтуына қарағанда, сол жылы Көкжыра орта мектебін 36 оқушы бітіріпті. Оның 30-ы Теміртауға жолдама алмақ болады. Маусым айының соңында қолымызға аттестат алғанда алабұртқан отыздың бесеуі ғана комсомолдық жолдамамен Қарағандыға жолсапарға дайындалдық. Совет Сейфуллин, Сайлау Смағұлов, Әділхан Мұхатаев, Амантай Жүнісов барлығымыздың қолымызда ағаш чемодан, Семей қаласының теміржол бекетіне келдік (Сол бесеуден қазір көзі тірі мен қалдым). Құдай-ау, біреуіміз де бір ауыз орысша білмейміз. Қайран жастық-ай, пойыз түгілі шалғай ауылда көлік машинасын сирек көретін біздер жүк пойызына отырып, екі күн жүріп, ойнап-күліп Қарағандыға қалай жеткенімізді де білмей қалдық. Вокзал басы ығы-жығы. Әр тілде сөйлейтін ұлттың өкілдері, бәрі де сол алып Магнитканың құрылысына, Теміртауға бара жатқан күллі Одақтың жастары осы жерде тоғыстық. Қолдарында әртүрлі ұлттың аспаптары бар, ән-күй шалқыған, қайнаған өмір. Біз бесеуіміз алматылық жастармен бір көлікке отырып, Қарағандыдан 60 шақырым жердегі Теміртауға түн жарымында келдік. Бесеуіміз де бір палаткаға орналастық. Таң бозынан репродуктормен дабыл қағып оятқанда, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Біз ойлағандай алып құрылыс көрінбейді. Ақ шаңқан палаткалардың қалашығы. Изен мен жусан басқан сайын дала, анадайдан бес алты алып мұнараларды көрдік. Арамыздағы ересектеуіміз Совет: «Әлгі, шойын құятын алып өндірісі қайда құдай-ау?» дейді. Есесіне күні-түні айқасқан алып техникалар, алып крандар, біз көрмеген небір техникалар қисапсыз болды.
Ағамыздың естелігіне қарағанда, мұндағы алып құрылыс қол еңбегімен жасалған. Негізгі еңбек құралы қайла мен күрек. Оның өзі жетіспеген тәрізді. Палатка қалашығында қайнаған өмір болғанмен мұндағы екпінді құрылысқа келген, әсіресе, жалынды жастардың әлеуметтік жағдайы адам төзгісіз жағдайда болыпты. Осының барлығы алғашқы келген күндерден басталған.
– Басқасын былай қойғанда, ауызсудың тапшылығы, тамақтануымыз да нашар еді. Осының барлығы жанға батты, – дейді өткен күндерге көз жүгіртіп.
Тумысынан қарапайым Сәлім аға осы бір қиын да, қызықты өмірін сұрау салмасаңыз былайғы жұртқа «Мен» деп жар салмаған жан екен. Әңгіме барысында мына бір естелікті айтып қалды. Өздерімен бір жұма бірге жатқан алматылық азаматтарды басқа орынға көшіріпті. Сөйтсе, сол палаткада Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ та болыпты. Базбіреулер болса, баяғыда жар салар еді-ау. Сондағы ағамыздың бар айтқаны: – Кім біліпті, адам көп болды ғой, – деп миығынан жымиды. Жарты ғасыр уақыт өтсе де, сол мақтаныш сезімі өз бойында, өз жүрегінде қалса керек. Ағамыз осы күндерін тағы еске алып: – Адам баласы неге болмасын төзімді келеді ғой. Бірақ палаткада тұрған төрт ай төзімді шегіне жеткізді. Оның үстіне Сарыарқаның қытымыр қысының сыңайы біліне бастаған қарашаның басында үсік жүре бастады. Палаткадағы жағдай тіптен адам төзгісіз жағдайға жетті. Міне, осы тұста әйгілі Теміртау көтерілісі басталды. Бұл оқиға Одақты дүр сілкіндірген алапат оқиға болатын. Болған оқиғаны бұл өңірде ешкім білмейді. Оның үстіне ел егемендік алғанға дейін жұмған аузыңды аштырмаған құпия болатын. Теміртау оқиғасы бір жұмаға созылды. Басты себеп – жастардың әлеуметтік мәселесінің шешілмеуі. Айталық, жатар орынды былай қойғанда азық-түлік, киім-кешек, жалақы да сол кезде мәз болмаған. Қысқасы, күнделікті қолданатын сабынға дейін тапшы болатын. Көшеге шыққандардың қарасы тіптен көп. Жолдағының бәрін жайпап, дүкеннен бастап әлеуметтік ғимараттардың біразы қиратылды. Адам өлімі де болды. Жеті күн жабық жағдайда болдық. Жоғарыдан арнайы жасақ келіп тоқтатты. Ал осындағы көңілге медеу болғаны – осы оқиғада бірде-бір қазақ баласының болмағаны. Тек, өзге ұлттың өкілдері ғана бас көтерген. Біздер бұрын-соңды естімеген коменданттық уақыт белгіленді. Осы тұста облыс басшысы ауысып, жағдайға енді көңіл бөле бастаған кезде Теміртау құрылысында екпінді болғандарды және жергілікті мамандарды оқыту мақсатында қарашаның соңына қарай көптеген жастарды Ресей мен Украинаның ірі қалалары Челябі, Магнитогорск, Днепродзержинск магниткаларына оқуға жіберді. Нұрсұлтан Әбішұлы Украинаға, ал біз бесеуіміз Магнитогорск қаласына келдік. Бұл кезде оң-солымызды танып, қайнаған еңбекке ысыла бастағанбыз. Орыс тіліне де төселіп қалған кезіміз болатын. Тағы бір есімде қалғаны, Магнитогорск қаласына келісімен үндеместің тыңшылары Теміртауда болған оқиғаны тісімізден шығармауды қатаң тапсырды. Магнитогорск зауыты кішігірім қаладай, басы-қасына арнайы көлікпен жүретін алып зауыт екен. Алып пештер Домна мен Мартенді көріп, болат құйылып жатқан өзенді көргенде есіміз шықты. Жастық намысымыз болар бір жылдың ішінде еркін меңгеріп, Ресейдің алып зауытының ірі оқу орнынан еңбек кітапшамызға «Скиповой рабочий доменного цеха. Присвоен 6 разряд» деген куәлік алып шықтық. Міне, осылай шалғай ауылдың баласы тұңғыш қазақ металлургиясының білікті маманы болып оралдық. Сәуір айының соңында біздер Теміртауға келгенде екі Домна пеші ашылуға дайын екен. Жаңылмасам, мамыр айының төртінші жұлдызында Д.Қонаевтың өзі келіп ашты. Тұңғыш қазақ металлургиясының болатын құю – Адам Юсуповтың үлесіне тиді. Ал осы бригаданың мүшесі болатпен алысқан өзен отты суша сапырған Нұрсұлтан Әбішұлымен бір пеште болдық. Бұл кезде Теміртау өзгерген, барлығымызға жатақхана берілді. Тұрмыс түзеле бастаған – дейді, ағамыз.

Болашақ Президент комбинаттың құрмет тақтасынан түспепті

Ағамыздың айтысына қарағанда, Елбасымыз ол кезде комбинаттың құрмет тақтасынан түспепті. Кәсіподақ пен комсомолдың жиындарында жиі-жиі орынды мәселе көтеретін, орыс-қазақ тілін жетік білетін, істің байыбын жете меңгерген Нұрсұлтанмен жұмыста да, жатақханада да жиі кездесетінін айтады. Бұл жайында ауылдастарына жария жасамаған екен. Неге? Ол туралы сәл кейінірек. 1960 жылдың қысында Сәлім Рахымжанов әскери борышын Қиыр Шығыстың Ангарск қаласында өтейді. Әскерден соң бірден Алматы ауыл шаруашылығы институтына оқуға тапсырған ағамызды «Коммунистік еңбектің екпіндісі» ретінде оқуға бірден қабылдайды. Оқуын ойдағыдай аяқтап «Комсомол» кеңшарында агроном болып еңбек жолын ауыл шаруашылығынан қайта бастаған Сәлім Рахымжанов Ақсуат ауылында табандаған 35 жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шығады. 2005 жылғы Президент сайлауын қолдау ретінде сөз алған ағамыз ауылдастары алдында Елбасымен Теміртаудың Домна пешінде бірге болат балқытқанын, ол кісіні әр кез қолдайтынын айтқанда, қара шалдың қарапайымдылығына таңғалған ауылдастары өз аттарынан Елбасының іс басқармасына шалғай ауылдағы ағамыздың Нұрсұлтан Әбішұлымен бір Домнада болат балқытқанын айтып хат жолдапты. Жауап та көп күттірмепті. 2005 жылдың 19 сәуірінде Президент әкімшілігінен келген Елбасының жауап хатында «Өзіңіз сияқты өмірді көрген, еңбек майданында шыңдалған, әрі Теміртауда металлург болған әріптесімнен хат алу бір ғанибет. Сізе зор денсаулық, береке-бақыт, әр ісіңізге сәттілік тілеймін!» делінген.
Ардагерлер үйінің алдына шыққанымызда күн еңкейіп қалған екен. Қара шал қалқиып әлі тұр.
Аман болса екен, қадірлі қарттарым!

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button