Білім

Елбасы мақаласы елдікке үндейді

Елбасы мақаласы елдікке үндейді


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміздің алдында тұрған белестер мен дамудың даңғыл жолын нұсқады.

Шын мәнінде, бұл мақала – күллі қазақ халқының рухани әлемін жан-жақты дамытып, ұлтты сапалық тұрғыдан жақсартуға жетелеген, еліне деген нағыз патриоттық сезімін сездірген стратегиялық маңызы зор құжат болғаны айқын.

Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ретінде ұлттық кодты сақтай білуді талап етеді. Онсыз жаңғыру құр жаңғырыққа айналатынын қадап айтады. Ата-бабаларымыздан мұраға қалған ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз, өнер туындылары, ғасырлар бойы тарихтың елегінен өтіп қалыптасқан әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз, діліміз – мұның бәрі, бір сөзбен айтқанда, біздің ұлттық кодымыз, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық рухымыз. Оны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу әрбір қазақ баласының басты міндеті болуы керек.

Ғылым мен техниканың қарыштап дамып, озық технологиялардың адамның күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналған заманда жастарға, болашақта ел тұтқасына ие болатын ұрпаққа заманауи білім-ғылыммен қарулану ауадай қажет. Бұл орайда білім беру мекемелерінің алдына ауқымды мақсаттар мен міндеттер қойылады. Президент мақаласындағы білімнің салтанат құруы туралы тұжырымнан еліміздегі ұстаздар қауымы қуат алды. Дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты ұжымының да ерік-жігерін қайрап, құлшындыра түскені рас бұл мақаланың.

Гуманитарлық ғылымдарға ден қойылады

Осы мақалада сөз етілген тағы бір мәселе – прагматизм. «Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай білу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, данагөйлік пен көрегенділікке жол бермеу деген сөз». Елбасының осынау сөзін ендігі кезеңде әрқайсымыз сабақ барысында жас ұрпақты тәрбиелеуде әрқашан бағдаршам ретінде ұстайтын боламыз.

Бұл мақалада қозғалған тағы бір маңызды мәселе – латын әліпбиіне көшу. Елбасы қазақ әліпбиінің көне тарихын сонау VI-VII ғасырлардағы «Орхон Енисей жазуларынан» бастап талдап, ой сабақтай келе, латын жазуына көшудің терең логикасын түсіндіріп өтті.

Елбасы мақаласында болашақты болжай отырып, екі аса маңызды стратегиялық міндет күн тәртібіне қойылды. Оның біріншісі – ұлттық сананы заманауи биікке көтеруде қазақтықтан айырылып қалмау, екіншісі – жаңаша жаңғыруда әлемдік өркениет тұлпарының жалынан ұстап, тәуелсіз еліміз бен халқымызды тарих шыңына көмілуден сақтайтын бәсекеге қабілетін шыңдау, ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы аталған қос міндетті шешу үшін экономика, саясат, ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік инфрақұрылым, жаңа технологиялар қаншалықты маңызды болса, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар да соншалықты қажет. Кезінде алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының мешеулігін қоғамдық-гуманитарлық ғылымдағы күрделі ахуалмен байланыстыра сөз қылғаны бекер емес. Мәселен, М.Дулатұлы 1914 жылы жазылған «Абай» мақаласында былай деген екен: «Қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тек халық болып жасай алмау себебі тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады… Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс тар заманда арнаулы орын жоқ». Демек, алдыңғылардың тәжірибесі, өткен тарихтың сабақтары гуманитарлық білімге ерекше ден қоюдың қажеттігін аңдатады.

Рухани жаңғыруға серпін беретін гуманитарлық ғылымдардың бірі – тарих ғылымы. Ұлы далада тарихи ілім мен сана сонау ежелгі сақ заманында-ақ жоғары бағаланған. Оған дәлел – Геродот шығармалары. Тарихи ақиқатпен тарих ғылымдарының сөзі барынша сәйкес келуіне арасынан қыл өтпейтін тұтастығына қол жеткенде ғана рухани жаңғырудың тынысы ашылары сөзсіз.

Елбасының мақаласы ұлттық тарихты мәртебелі биікке көтеріп отыр деуге болады. Оның айқын көрінісі «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының таяу жылдардағы міндеттер ретінде нақты қойылуы. Елбасы «Туған жер» бағдарламасының жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынына кәміл сене отырып, қазақ жерін мекендейтін әрбір жанның ойындағы туған жерге деген сүйіспеншіліктің, Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатынын қадап тұрып айтты. Әрбір қазақстандық өз елінің патриоты болуға міндетті.

Қазіргідей күрделі интеграция мен жаһандану заманында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жедел қолға алу мәселесі орынды көтеріліп отыр. Алайда қазіргі кезде, ғаламдардың пайымдауы бойынша, оқулықтардың ғұмыры ғылыми еңбектермен салыстырғанда қысқа келеді. Өйткені осы заманғы білім берудің стандарттары бойынша 3-5 жыл сайын оқулықтар жаңартылып отыруы тиіс екен. Сол себептен де оқулықтармен қатар, әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбектерді де мемлекеттік тілге аударуды қоса жүзеге асыру қажет. Дейтұрғанмен қазақ тілінің шынайы мемлекеттік дәрежеге көтеріліп, толыққанды ғылым тіліне айналып, ұлттық интеллектуалды әлеуетін көтеретін күшке ие болуы үшін жаратылыстану ғылымында жарық көретін әлемдік академиялық туындыларды да аудару шаралары қоса жүргізілуі керек деп есептейміз. Жалпы, мемлекеттік тілдің ғылым тіліне айналуы – оның мәртебесіне қойылатын аса маңызды шарттың бірі. Сондықтан да ғылыми аударма жұмыстарына да қойылатын талаптар қатаң анықталуы керек. Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласының қорытындысында екі дәуір түйіскен шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отырғандығына халықтың назарын аударады.

Қорыта айтқанда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өмірлік мәні зор, терең философиялық шығарма екендігі сөзсіз. Ондағы айтылған тұжырымдар – Қазақстанның үшінші жаңғыруы кезеңінде мәңгілік елдің мәңгілік ұрпақтарын тәрбиелейтін жарқын болашақтың сара жолы.

Бақытгүл Ауғанбаева,
Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы ОММГИ директорының инновациялық
жұмыстары жөніндегі орынбасары

Осы айдарда

Back to top button