Мәдениет

Ел-жұртпен қауышып қайтты

Ел-жұртпен қауышып қайтты


Күршім ауданының шағын ғана ауылы – Қойтаста туып-өсіп, кейінірек ата-анасы қоныс аударған Бурабай ауылында ат жалын тартып мінген ағайынды Бұлжановтардың атақ-даңқы, игерген табыстары бүгінде аудан, облыс қана емес, республика көлемінде әйгілі десек, бұл артық берілген баға бола қоймас. Ошарлы отбасында өскен тоғыз ұл, үш қыздың барлығы бірдей өнерпаз, ұлдарының ес білгеннен спортпен айналысып, күш-қуатын шыңдауды әдетке айналдырғаны, айналысып қана қоймай, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгені де көпке мәлім.

Ауылдан ұшқан тастүлек

Алматы қаласындағы «Әділ жауап» деген атаумен елге танылған таэквондо мектебінің ұстазы, бокстан спорт шебері, шығыс жекпе-жегі өнерінен қара белбеу иегері Нұрлыбек Бұлжанов – осы берекелі де ұйымшыл отбасындағы оныншы бала. Нұрлыбектің келешекте талай топты жаратынына өз басым оның балғын кезінен-ақ сенімді едім десем, мені ешкім албаты сөйлеген адамға балай қоймас. Ол кішкентайынан қайсар әрі талапты бала болып өсті. Діттеген мақсатына жетпей тыным таппайтын өжет өрен бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезінен-ақ бокспен айналысуға шынайы құмарлық танытқан-ды. Ерінбей-жалықпай төккен тердің арқасында он төрт-он бес жасында тұстасын шақ келтірмейтін айтулы спортшыға айналған Нұрлыбек өзінен үміт күткен ұстаздарының мерейін өсіре бастаған болатын.

Мектеп өмірі, балаң шақтар артта қалды, жас жігіт білім қуып, арман қала – Алматыға аттанды. Құлашты кең сермеуге мүмкіндік туғызған үлкен қалада Нұрлыбектің тынысы шынымен ашылған болатын. Білімін шыңдай жүріп, ол өзі бала жастан жанымен қалаған боксты, кейінірек туған ағасы Жиынбек дамытып, жолға қойған шығыс жекпе-жегі өнерінің бір тармағы – таэквондоны жақсы меңгеріп, шеберлігін одан әрі ұштай түсті. Карате сайысына «Әділ жауап» деген тәсіл қосып, онысын дүниежүзілік карате федерациясы мойындаған, қара белбеуді әлемге әйгілі шебер Мұстафа Өзтүріктің өз қолынан алған Жиынбек Рәбілұлы үлкен спорттан қол үзіп, негізгі мамандығы – заңгерлікпен айналыса бастаған шақта мектеп тізгінін өз қолына алған інісі Нұрлыбектің бұл салада да айтулы табыстарға, игі бастамаларға қол жеткізіп, талай-талай мақтаулы шәкірттерді тәрбиелегенін көзі қарақты қауым жақсы біледі. Ал олар өз кезектерінде жеке мектептерін ашып, ұстаздарының тәлімін одан әрі жалғастырып, «қазақтың әр баласы шымыр да, ширақ болса» деген Өзтүріктей даңқты аталарының арманын жүзеге асырып жатыр.

Ел-жұртпен қауышып қайтты

Туған жердегі той

«Нұрлыбек арнайы бағдарламамен Күршімге келеді екен», – деген сөз жыл басында тарап, одан бүкіл аудан жұрты құлақтанып та үлгерген болатын. Сол күткен күн де жетіп, Нұрлыбек өзінің тете өскен ағасы Сәтбекпен, үздік шәкірттерінің бірі Ерғали Ерғазыұлымен, ержетіп қалған ұлы Райымбекті, Сәтбектің ұлы Айдарханды ертіп, туып-өскен өңірге ат басын тіреді. Сөйтіп, осы шағын ұжым 26 сәуір күні аудандық Мәдениет үйінің залын лық толтырған жерлестері алдында тамаша концерт берді. Бұл кешке тек күршімдіктер ғана емес, маңайдағы, тіпті шалғайдағы ауылдардан Нұрлыбектің атағына қанық жанкүйерлер әдейілеп, молынан келді.

Алдымен көпшілік Н.Бұлжановтың спорттағы, өнердегі, өмірдегі өткен жолынан мейлінше мол әрі дәлме-дәл мағлұмат беретін көрмені тамашалады. Бірнеше үстелге жайылған бұл көптеген фотосуреттер, алуан құжаттар топтастырылған көшпелі көрменің өнерпаздың өмірбаянынан хабары аз адамдар үшін таптырмастай олжа болғаны даусыз.

Бұдан кейін «Өлеңмен өрілген өмір» атты жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, бұл салтанатты жоралғыға аудандағы белгілі ұстаздар, өнерпазға сабақ берген мұғалімдер атсалысты. «Жаңа» деп айтуымыз тегін емес, себебі, Нұрлыбек оқырман қауымға бұдан бұрын да «Теңізге тамдым, тамшы боп…» атты жыр жинағын ұсынған болатын. Сонымен бірге ол осы кеште аудандық кітапханаға арнайы алып келген өзінің, сондай-ақ, басқа да бірқатар ақын-жазушылардың кітаптарын тарту етті.

Кеш өте тартымды әрі өзгеше мазмұнда өтіп, көрермен жұртты шынайы қызыққа кенелтті. Оның өзгешелігі сонда – бұл кездесу әдеттегідей хабарлап, соңынан орындау түрінде емес, залдағы көпшілікпен диалог түрінде жалғасты. Нұрлыбек өлең оқып, ән орындаған сайын көрермендер өздері қалаған сауалдарын қойып, оларға өнерпаздар сахнадан тікелей жауаптар қайтарып отырды. Мұның өзі осы кешке жаңаша рең бітіріп, жұрт жақсы көретін өнерпаздарымен емен-жарқын сырласты.

Сахнаға Сәтбек шығып, гитарамен бірнеше ән орындады, оған көрсетілген қошеметтің де олқы болмағаны шындық. Бұдан соң сахна төріне көтерілген Райымбек әке жолын жалғайтын ұлан екендігін көрсетіп, нақышына келтіре өлеңдер оқыды.

Жұрт алдына Нұрлыбектің мақтаулы шәкірті, шығыс жекпе-жегі сайыстарының әлденеше мәрте жеңімпазы Ерғали Ерғазыұлы шыққанда, зал толы көрермен сілтідей тынды. Ол тегін емес-ті, өйткені, бұл өңірге таңсықтау өнердің туын желбіретіп жүрген тасқайнат жігіттің кимоно киіп, баяу басып шыққан түрінің өзі халыққа қатты әсер еткен-ді. Ерғали өзі жеке, сосын ұстазымен бірге бірқатар әдіс-тәсілдерді ортаға салып, даярлаған бағдарламасын қапысыз орындап шықты. Оның әр қимылын көз алмай бақылап отырған жұрттың таңданысы мен ризалығында шек болған жоқ.

Екі жарым сағатқа созылған концерттік бағдарламаның қалай өте шыққанын көрермендер аңғармай қалғандай болды. Кеш аяқталған сәтте кезек алып, сахнаға көтерілген Нұрлыбектің ұстаздарының, туған-туыс, дос-жарандарының құттықтаулары мен білдірген алғыстарының өзі сағатқа жуық уақытқа созылғанын айта кеткеннің артықтығы жоқ.

Ағайынды Бұлжановтар бұдан соң өздерінің өскен ауылдары Бурабайға, Қалғұтыға, Қойтас пен Маралдыға барып, өнерлерін жұрт назарына ұсынды. Барған жердің барлығы өнерпаздарды зор қошеметпен қарсы алып, тиісінше сый-сияпат көрсетумен болды. Әсіресе Қаратоғай ауылының жұртшылығымен өткен кездесудің аса әсерлі болғанына өзіміз куәміз. Оны ұйымдастырған мектеп директоры Нұржан Шақаев пен кітапханашы Дария Құрманғалиеваның еңбектерін атап айтқан ләзім. Мұнда жастар өздерін толғандырған алуан сауалдарды емін-еркін қойып, кеш иесімен ежелгі таныстарындай жүздесті. Нұрлыбектің де бұл кеште талай жасқа тиянақты кеңес беріп, келешегіне жол сілтеп кеткені күмәнсіз.

Ел-жұртпен қауышып қайтты

Өзі алғаш мектеп есігін ашып, білім нәрімен сусындаған Қойтас ауылындағы кездесу де естен кетпестей болып, жоғары дәрежеде өтті. Ондағы жұрттың ауылдас азаматқа зор қошемет көрсетіп, шынайы тілеулестік пейілмен күтіп алғанын айтпай кетудің жөні жоқ. Мұны өнерпаздың өзі де аса бір ризалық сезіммен қайталап айтумен болды.

– Мен бұл сапарға ешқандай пайда, атақ қуып шыққан жоқпын, – дейді Нұрлыбек Рәбілұлы бізбен әңгімесінде. – Алматыда «Күршімнің Нұрлыбегі» деген тәп-тәуір беделім бар, той басқарып, түрлі өнер сайыстарына қатысып жүріп, көпке танымал болдым. Спорттағы жетістіктерім де ұялмай ауыз толтырып айтарлықтай шамада. Сіздерде «Туған жерге – тағзым» атты тамаша акция жүріп, оған көптеген жерлестеріміздің атсалысқанынан жақсы хабардармын. Кей шақта көкейімде «Осындай жақсы дәстүрге мен де қатыссам қайтеді?» – деген сауал бас көтеріп, мазалай беретін-ді. Ақыры осы кездесуді өткізіп қайтуға бел байладым. Бұл қадамыма өкінбеймін, туған елім, өскен жұртым өте жақсы қабылдады. Осының өзі мен үшін үлкен мерей, баға жетпес асыл сый. Алла қосса, алда да талай жүздесерміз, баршаңызға тілейтінім: береке-бірлік, аманшылық пен тыныштық. Халқымыз тоқ болсын, уайым-қайғы жоқ болсын!
Туған елге он күндей қонақ болып, туыс-туған, дос-жаранмен қимай қоштасқан Нұрлыбектің тоқ көңілмен, риза пейілмен аттанып бара жатқаны оның әр сөзінен, әрбір қимылынан анық байқалып тұрды. Арқалы азаматтың абыройының алдағы уақытта да аспандай беруіне шынайы тілектестік білдірген біз ауылымыздан ұшқан табанды тастүлекке деген риясыз сезімімізді жасырмай ортаға салып, жылы қоштастық.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button