Қоғам

Ел-жұртының қамын жеп…

     2011 жылы Күршімдегі Павлодар көшесіне ауданымыздан шыққан әйгілі әртіс, «Тамашаның» тарланы Уәйіс Сұлтанғазиннің есімі берілген болатын. Өткен жылы сол көшеде тұратын белсенді азаматтардың күш салуымен марқұмның кескіні бейнеленіп, аты-жөні жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Асфальт төселіп, көріктендірілді.

Міне, осының барлығын ұйымдастырып, зыр жүгіріп жүріп жүзеге асырған Уәйістің бала күнінен қатар жүріп, тел өскен жолдасы, Ақсуаттың тумасы, Күршімдегі белсенді де қадірменді қариялардың бірі Мұхаметбек Құнапиянов болатын. Жасы жетпістің екеуіне келсе де әлі күнге шаруадан қалмаған сергек те ширақ қарттың бұдан басқа да өзі мұрындық болып, іске асырған игілікті шаралары жетерлік.

Балықшы өңірін мекендеген Құнапия деген тұлғалы азаматтың  кіндігінен тараған 12 баласының кенжесі осы Мұхаметбек ағамыз екен. Бұл кісі жұртқа қарапайым ғана Деден деген атпен танымал. Қартайдым деп қол қусырып отырған ол жоқ, он саусағынан өнер тамған іскер азамат әлі күнге дейін тыным таппай құрылыспен айналысып, дәнекерлеу жұмыстарын атқарып, бала күнінен үйренген кәсібі – балық аулаудан да қалыс қалар емес. Қыстың қақаған аязында Деден ағамыз Зайсанның қалың мұзын қақырата ойып, осы көлден бұйырған нәсібін айырып жүреді. Құдай берген денсаулықтың арқасында маңдай терді аямай төгіп келе жатқан қайсар жан әлі де көптеген шаруаны жобалап отыр.

– Ақсуаттың мектебінде Уәйіс екеуіміз біріншіден сегізінші класқа дейін бірге оқыдық, – дейді Мұхаметбек аға. – Онда сегізжылдық болды, жоғарғы кластарды біз қазіргі №1 Күршім орта мектебінен бітірдік. Мектепті тәмамдаған соң сол кездегі ДОСААФ қоғамында оқып, жүргізуші мамандығын игердім, Байқоңырда әскер қатарында жүргенде газбен, электрмен дәнекерлеуді меңгердім. Осының бәрі біртіндеп өмірлік азығыма айналды. Балық зауытында жұмыс істеп, кейінірек ПМК-60 кәсіпорнында, Күршім совхозында еңбектенген кезімде де осы кәсіптердің игілігін көрдім.

Әйгілі Зайсан зілзаласынан кейін Күршімнің күнбатыс жағындағы сол тұста Юбилейный деп аталған мөлтекауданға Павлодар облысынан келген құрылысшылар көптеген қос пәтерлі үйлер салып, соңынан бір көше  Павлодар деп аталып кеткен болатын. Мұхаметбек аға аудан басшыларына осы көшені Күршімнің біртуар түлегінің атына беру туралы ұсыныс жасап, шаршамастан жүгірген еді. Ақырында бұл ұсыныс қолдау тауып, аталған көше Уәйіс Сұлтанғазиннің есімін иеленді. Жоғарыда айтқанымыздай, кейінірек Мұхаметбек ағаның күш салуының нәтижесінде атақты  өнерпаздың шағын ескерткіші орнатылып, көше тұтастай асфальтталды.

– Менің құрдасымның басқа да ерліктері аз емес, – деп жымияды аудан баспасөзінің ардагері Кәдірбек Айдарханұлы.

Зілзала зардаптарын жою кезіндегі құрылыс жұмыстары басталғанда Мұхаметбек ағамыз павлодарлық құрылысшыларға шаруашылық меңгерушісі әрі күзетші болып орналасып, ортақ іске айтарлықтай үлес қосқан екен. Ауыл тұрғындарына арналған үйлер салынып біткенде аудан басындағы кейбір «бармақ басты, көз қыстыны» жақсы көретін  пысықайлардың кесірінен көптеген адамдар тиісті баспанаға қол жеткізе алмай, пұшайман болған көрінеді. Әсіресе Моңғолиядан әдейілеп шақырып әкелінген оралман ағайындар үлкен кедергіге тап болады. Міне, сол кезде Мұхаметбек ағамыз өз бетінше «партизандық» жасап, талай қарапайым отбасының сауабын алған екен.

– Ол кезде мен аудандық газеттің редакторымын, – деп еске алады Кәдірбек Айдарханұлы. – Бір күні «ойбай, М.Құнапиянов өзі біліп пәтер таратып жатыр екен» деген сөз шығып, аудан басшылары, милиция мен прокуратураның қызметкерлері түгел аттанды. Біз де сол маңнан табылдық.

Сөйтсе, мұнда әлі сегіз пәтер ешкімге берілмей, құлыптаулы қалпында тұр   екен. Ал үй берілуге тиіс оралмандар қарашаның қақаған аязында дірдектеп, киіз үйді мекендеп жатыр. Мұны көрген Мұхаметбек Құнапияұлы алты пәтердің кілтін алты адамға ұстатып, «келіп кіріп алыңдар, жауабын мен өзім беремін» деген екен. Сөйтіп, әлгі ағайындардың бір-бір жылы үйге кіріп, көздері ашылыпты. Пәтерді өздерінің жақын-жуықтарына заңсыз үлестірмек болған жат пиғылдары жүзеге аспай қалған кейбір басшылар әділдіктің туын биік ұстаған азаматқа қаһарларын тігіп, қыр көрсеткендерімен, ештеңе істей алмаған екен.

Ол кезде жұрттың бәрі жұмыста, кішкентай балалар баршылық. Ал оларды бағатын адам таппай қиналғандар аз емес. Мұхаметбек ағай көптің қолы қойылған өтініш-арыздарын арқалап, аудан басшыларының мазасын тағы да ала бастады. Сөйтіп, қоймай жүріп, ақырында дегеніне жетті. Соның нәтижесінде қос пәтерлі екі үй бөлініп, мөлтекауданда балабақша ашылды.

М.Құнапияновтың тағы бір «ерлігі» – осы аймақтан мектеп аштыруға атсалысқаны деген болар едік. Бұл мөлтекауданның балалары сонау №4, оның арғы жағындағы №3 Күршім орта мектептеріне барып оқитын-ды. Ол кезде қазіргідей такси болмайтын, жекеменшік көлік дегендер некен-саяқ. Автобус атымен жоқ. Балалардың жаяу-жалпы қыста тоңып, жазда ыстыққа күйіп, қиындық көріп жүргені көпшіл де жанашыр азаматтың жанына батпай қалған жоқ, сөйтіп, ол тағы да «атқа мінді». Көпшіліктің өтінішін арқалаған Мұхаметбек ағамыз енді осы маңдағы кәсіптік-техникалық училищенің негізінде бастауыш сыныптар ашу туралы мәселе көтерді. Ақырында училище жатақханасынан 4 сыныпқа дейін оқытатын бастауыш мектеп ашылды. Бұл білім ошағы іргесін біртіндеп кеңейте келе, қазіргі №5 Күршім орта мектебіне айналды.

Осының барлығын есепке алар болсақ, Мұхаметбек Құнапияұлының нағыз ел үшін туған ер екендігіне ешкімнің шәк келтіре алмасы хақ. Қажырлы қария әлі де қатардан қалып, тұғырдан тайған жоқ. Осы өңірде әлдеқандай толғақты мәселе бас көтерсе, көпшілік Мұхаңа үмітпен қарап, содан жәрдем күтеді. Білімді де табанды азамат ел үшін қажетті істен ешқашан сырт қалып көрген емес. Сонымен бірге көмек сұраған жанға көлігімен, дәнекерлеушілік өнерімен қолұшын беріп, тынымсыз шапқылап жүретіні де көрші-қолаңның ризашылығын туғызып, оған деген селкеусіз ықыласқа себепкер болып жататыны түсінікті. «Баталы құл арымас» деген екен бабаларымыз, сол айтқандай, құдай қосқан қосағы Нұрғайша Қуанышқызымен бірге үш ұл, бір қыз өсіріп, 5 немере сүйіп отырған бақытты атаның дені сау, тұрмысы күйлі. Біз қоштасарда ағамыздың осы қалыптан айнымауына, алдағы уақытта да қайратының кемімей, ел-жұртының қамын жеп, қанағатты тірлік кеше беруіне шынайы тілектестік білдірдік.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button