“Ел Үмітінің” жеңімпаздары марапатталды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының «Ел Үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының аясында дарынды балалар мен жастарды қолдауға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты республикалық форум өтті. Шара барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов «Ел Үміті» бастамасының өңірдегі жеңімпаздарын марапаттады.
Форумның басты қатысушылары – «Ел Үміті» бастамасының аясындағы «Елбасы медалі» бағдарламасы, «Ел мақтанышы» сыйлығы және ауыл оқушыларының арасында өткен ұлттық «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары болды.
Алдымен шараға қатысушыларды еліміздің Тұңғыш Президенті– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев онлайн байланыс арқылы құттықтап, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекетіміз бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге баса назар аударып келе жатқанын атап өтті. «Ел Үміті» еліміздің белсенді жастарын интеллектуалды және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрді түсіну, мұқтаж жандарға көмек көрсету жолында біріктірген маңызды жоба болды.
Форум барысында «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларына қола медальдар, халықаралық олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына «Ел мақтанышы» сыйлығы, «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздарына ноутбуктар табысталды.
Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, облыс бойынша «Елбасы медалі» бағдарламасына 14-22 жас аралығындағы 617 дарынды оқушы мен жас қатысады. Оның ішінде 584 қатысушы – қола, 11-і – күміс, 21-і – алтын деңгейлерін өтуде. Әр қатысушыға өзін-өзі дамыту үшін бес бағыт ұсынылған. Олар – спорт және денешынықтыру, дарын және дағдылар, еріктілік, кітап оқу және ұлттық мұра. Қатысушылармен 23 тәлімгер жұмыс істейді.
Жобаның нәтижесі бойынша қола деңгейінің алғашқы 102 медаль иегерінің есімдері белгілі болды.
Салтанатты шарада облыс әкімі Даниал Ахметов Тұңғыш Президент қорының атынан Елбасы медалі мен төсбелгісін Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, қола медаль иегері Дана Нұрбекқызына тапсырды. Ал Елбасы қорының «Ел мақтанышы» сыйлығы республика бойынша биылғы халықаралық пән олимпиадаларының 11 жүлдегеріне тағайындалды. Аталған сыйлыққа Өскемен қаласындағы облыстық «Білім-Инновация» мамандандырылған лицейінің биылғы түлегі Темірлан Байболов ие болды. Темірлан – еліміздің Ұлттық олимпиадалық құрамасының мүшесі, «2019 жылдың үздік оқушысы» номинациясының иегері, беделді халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері.
Айта кету керек, форумның соңында «Қамқорлық» бастамасын жүзеге асыру аясында жалпы еліміз бойынша бір уақытта сегіз аймақта 16 инкюзияны қолдау кабинеті, оның ішінде екеуі Өскемендегі М.Әуезов атындағы орта мектебі мен Семейдегі №36 орта мектебінде ашылды. Аталған кабинеттерде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды бейімдеу, түзету және оқыту үшін барлық жағдай жасалған.
–Осы орайда Тұңғыш Президент қорына, оның қызметкерлеріне және Закиева Динара Болатқызына, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, «Казцинк», «ТриумфС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, «Ниет вумен» қоғамдық бірлестігіне ерекше балаларға арналған маңызды жобаны жүзеге асыруға көмек беріп, қолдау көрсеткендері үшін алғысымызды білдіреміз, –деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Жалпы 2018-2020 жылдарға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірдегі білім ошақтарында 68 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, заманауи үлгіде жабдықталған.
Айжанат Бақытқызы