Тәуелсіздік - 30

Ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан азамат

Талантты ешкім қолдан жасай алмайды. Ол тек әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын дара қасиет. Ондай талантқа ие адамдар халықтың көкірегінде жұлдыз болып жарқырап, ұлтының қадірлісіне айналары хақ. Дәл сондай азаматтың бірі деп қазақ спортында өзіндік орны бар Назар Әшкенұлын айтуға болар.

Назар Әшкенұлының есімі ауданымызға ғана емес, облыс пен республикаға жақсы таныс. Спорттағы жетістіктерімен де, өмірлік ұстанымымен де жерлестерінің шынайы құрметіне бөленіп жүрген азамат.

Назар Әшкенұлының ұстазы әрі әріптесі, еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері Болат Оразғалиев ағамыздың кейіпкеріміз туралы: «Ауданымыздағы бокс спортының дамуы Назар Әшкенұлы Ілиясовтың есімімен тікелей байланысты. Ол бокс спортының майталман маманы. Назар Әшкенұлы қала мен ауыл спортының арасындағы байланысты нығайтқан жанның бірі. Ауыл балаларына бокстың қыр-сырын үйретуде бұрын соңды болмаған қарышты қадам жасады. Бұл істері нәтиже берді. Ол ауданды қойып, облыс пен республиканың бокс спортына өзгеріс енгізген талантты жаттықтырушы», – деуі ойымызды растай түскендей.

Ол 1981 жылы Ақсуат орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып орналасқан сәттен бастап-ақ жеткіншектерді спортқа баулу жолында тынымсыз еңбек етті. Боксқа бейімі бар жасөспірімдерге серпін беру үшін таңның атысынан күннің батысына дейін аянбай тер төкті. Бір ғана мысал, кейіпкеріміз өткен ғасырдың 81-89 жылдары аралығында үш мыңдай ауыл қарадомалағына бокс әліппесін үйретіпті. Адал еңбек ешуақытта атаусыз қалмайтыны анық. Кейіннен Назар Әшкенұлының еңбегі бағаланып, оған «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағы беріледі.

Нәкеңнің шеберханасынан шығып, кәсіби спортшы, үлгілі азамат атанған жас қаншама?! Мысалы, 1988 жылы білікті жаттықтырушы Назар Ілиясовтің шәкірті Олжас Қабдиев Ресейдің Ульяновск қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы бүкілодақтық жарыстың күміс жүлдегері атанған-ды.

Назар Әшкенұлы әр жылдары Семей қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, бокстан еліміздің жастар және студенттер құрамасының аға бапкері болып қызмет етті. Осы қызметтерде жеткен жетістіктері де елеусіз қалмай, 2002 жылы жерлесімізге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.

Дарындыны бір көргеннен танитын, шәкірттерінен асқан төзімділік пен темірдей тәртіпті талап ететін жаттықтырушының тәлім-тәрбиесін көрген спортшылар әлемдік додаларда атой салмауы мүмкін емес-тін. Мәселен, 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарының жеңімпазы, 2017 жылғы Бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпазы атанған Антон Пинчук Назар Әшкенұлының төл шәкірті. Сондай-ақ 2010 жылы Азия чемпионатында бірінші орын алған Мейірім Нұрсұлтанов, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қола медальға қол жеткізген Еркебұлан Шыналиев, Данияр Төлегенов, Олжас Сәттібаев сияқты танымал былғары қолғап шеберлері де Нәкеңнің мектебінен өткен спортшылар.

Бұл тізімге 2013 жылы Алматыда өткен Әлем біріншілігінің жеңімпазы Мерей Ақшаловты, Қазақстан тарихында алғаш рет Азияның үш дүркін чемпионы атанған, 2017 және 2019 жылғы Әлем чемпионаттарында қола жүлдені жеңіп алған, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит пен екі Олимпиададан күміс медаль алып қайтқан Әділбек Ниязымбетовті, сондай-ақ бүгінде кәсіпқой рингте жасындай жарқылдап жүрген Жәнібек Әлімханұлын да қосуға болады.

Назар Ілиясовтің бапкерлік мектебінен өз ұлдары – Қанат пен Жақсылық та өтіпті. Осы ретте, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қанат Ілиясов 2002 жылы Сантьяго-де-Куба қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарғанын айтқан жөн. Ал екінші ұлы Жақсылық 2008 жылы Татарстанның Қазан қаласында өткен Дүниежүзілік студенттер ойындарының және 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Мунген қаласында ұйымдастырылған бүкіләлемдік әскерилер ойындарының қола жүлдегері екен.

Нәкеңнің облыс құрамасының аға жаттықтырушысы болған кезіндегі команданы жасақтау, оқу-жаттығу жиындарын стандартқа сай өткізу сияқты сапалы жұмысының нәтижесінде Шығыс Қазақстан боксшылары республикада алдыңғы орындарға шықты.

Ұзақ жыл бойы бапкерлікпен айналысқан жерлесіміздің шәкірттеріне үнемі айтатыны: «Бәрің бірдей чемпион болу – міндет емес. Міндет – дені сау, отбасын асырап, Отанын қорғай алатын азамат болып қалыптасу».

Әлемге әйгілі талай чемпионды тәрбиелеп өсірген жаттықтырушының бойынан адамгершілік ізгі қасиеттердің түгелін табуға болады десек қателеспеспіз. Нәкең – атақ пен даңқ қумаған азамат. Қаншама чемпионды тәрбиелеп өсірсе де, әубастағы тұғырынан бірде-бір рет таймаған жан.

Міне, тәуелсіз Қазақстан спортының дамуына осыншама зор үлес қосқан Назар Ілиясов бүгінде М.Имашев атындағы жасөспірімдер спорт мектебінде ел қатарлы ұстаздық етіп жүр. Назар Әшкенұлының шәкірт тәрбиелегеніне аттай қырық жыл болыпты. Адамның өмірі еткен еңбегімен өлшенетіні хақ. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі мен жеткен жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай-ақ!

 

Шәкен Көпшікбаева

Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button