Экономика

Экспортты еселеуге шамамыз жетеді

Экспортты еселеуге шамамыз  жетеді

Қазақстанның ірі нарығы саналатын Қытай, Ресей экономикасы былтырдан бері кері кетіп, әлемдік дағдарыс құбылыстары да бәсеңдемей тұрған кезеңде еліміз үшін ең басты мәселе экономиканың нақты секторында өндіріс көлемін бәсеңдетпей, осы салада тығырықтан шығудың тиімді жолдарын қалыптастыру болып отыр.

Дағдарысқа жауап берген жаңа зауыт

Дағдарысқа жауап ретінде өткен жылдан бері әр аймақта Елбасы тапсырмасы бойынша еліміздегі инфрақұрылымдарды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Екінші бесжылдығын бастап кеткен «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында құрылып, іске қосылған заманауи зауыт, фабрика, ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндіріліп жатқан жаңа, көпке қажетті өнімдер отандық өндірістің алға басуына едәуір екпін беріп келеді. Осының нәтижесінде былтыр елімізде экономиканың өсуі 1,2 пайызды құрады.
Өркендеуімізге басты серпін беріп отырған еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына биыл 24,9 млрд. теңге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын іске асыруға да жуықта қайтадан нақтыланған бюджет шығысы бойынша Үкімет қомақты қаржы қарастырып отыр.
Облыста Индустрияландыру картасы аясында биыл да бірнеше жаңа өндіріс орны ашылып, өндірісін кеңейтпек. Өскемендегі «КазРосПромАрматура» ЖШС-облыстың индустриялық-инновациялық дамуына дем берген еліміздегі ең жаңа кәсіпорынның бірі. Қазақстанның мұнай-газ шаруашылығы саласына қажетті арматура құрал-жабдықтарын шығарып жатқан бұл зауытта да дағдарысқа қарсы іс-шаралар енгізіліп отыр. Зауыт ұжымы өз өнімдерінің қолданылу аясын кеңейтіп, тұтыну көлемін арттыру үшін жаңа жылдан бастап жаңа өнім түрін – блокты модульді оңтайлы ғимараттар шығаруға кірісіп кетті.
Электрмен жабдықталған тұрмыстық бөлмесі, құрал-жабдық қоятын орын, климат-бақылауға дейін бар жылжымалы вагон дала төсінде, ашық аспан астында жұмыс істейтін ауыл шаруашылығындағыларға, құрылысшыларға аса қажет баспана.
Жаңа өндірістен 11 адамға жұмыс табылған. Зауыт менеджерлері кәсіпорынның Қазақстанмен қоса Қырғызстан еліне шығарылып келе жатқан арматура өнімдері тәрізді жылжымалы вагондардың да үлкен сұранысқа ие болатынына сенімді. Зауыт директоры Зоя Новолодскаяның айтуынша, өскемендік кәсіпорын арматура өнімдерін Ресей, Тәжікстан, Грузияға экспорттауға орай келісімдер жасасып жатыр. Себебі, бұл кәсіпорын өнімдерінің бағасы еуропалықтарға қарағанда біраз төмен. Өндірісте қолданылып жатқан жаңа технологиялар, жаңа құрал-жабдықтар арматура өнімдерінің сапасын арттыра түсуге, пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік туғызуда.

Өзіміздікін сатып алып, өндірісімізді өркендетеміз

Ежелден ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына аса қолайлы болып келе жатқан Шығыста индустриялық бағытта да өркендеудің мүмкіндігі мол. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осы орайда біздің өлкеде балық, сүт, ет өндірісінің мықты кластерін құра отырып, металлургия өнеркәсібінің, аталған саланың орталығы саналатын Өскеменде, өңірімізде түсті металлургияның мүмкіндіктері мен жетістігін пайдаланып, елімізге, шет елдерге шығарылатын жаңа өнім түрлерін өндіруді аймақтың нақты секторын дамытудың басты тетігінің бірі ретінде алдыға қойып отыр. Облыстағы ЖОО ғалымдары металлургиялық кәсіпорындар, шетелдік компаниялармен титан құймалары мен қалыбынан, мыс, мырыш, ниобий, уран металдарынан медицина, ғарыш саласына, халық шаруашылығына керекті жаңа өнімдер жасап, оны әлемдік нарыққа шығару мақсатында бірлесе жұмыс істеп жатыр. Жаңа металлургиялық өнімдерді өмірге әкеліп, шетелдерге экспорттайтын күн туса, әзірге әлемдік нарыққа металл күйінде ғана кетіп жатқан Кенді Алтайдың құнды байлығынан түсетін табыс миллиардтап артатын болады.
Ел экономикасын дамытуға дем беру мақсатында жүзеге асырылып жатқан енді бір шара Қазақстанның әрбір өңіріндегі отандық өндіріске күш беріп, қолдау көрсетуге бағытталған қазақстандық үлесті молайту шарасы да отандық тауар өндірушілердің өнімін өткізуге қолдау көрсету арқылы ел байлығын еселеп, мемлекетіміздің, халқымыздың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуға жағдай туғызып жатыр. Біздің облыста 2012 жылдан бастап «Қазцинк» ЖШС айналасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың серіктестік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Облыстың шағын кәсіпорындары өздерінің шығарған өнімдері мен қызметтерін осы ірі компанияға көрсетіп, сатып отыруының нәтижесінде ырғақты жұмыс істеп, жұмысшылардың қысқаруына жол берген жоқ.
-2015 жылы осы ірі компания өңір кәсіпорындарынан 95 млрд. теңгеден астам қаржының өнімі мен қызметін сатып алу туралы меморандумға отырды. Ұлттық компаниялармен де өңір кәсіпорындарының тауарларын сатып алуға 9 467,8 млн. теңгенің келісімшарты жасалынды. Дағдарыс жағдайында өңірдің тауар өндірушілерін қолдауға орай өзге де іс-қимылдар жасалып жатыр, – дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Мусин.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button