ЭКСПО қонақтары Абай театрының

Абай театры үшін биылғы жыл талай оқиғаларға толы болмақ. Бұл жөнінде театрдың директоры, Мәдениет қайраткері Бауыржан Төлеков былай деді:
– Біздің ұжым елмен бірге ЭКСПО-ға қызу дайындық үстінде. Бұйыртса, ЭКСПО қонақтарының назарына «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (режиссері Б.Төлеков) қойылымын ұсынбақшымыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Шетелдік қонақтар мен отандастарымыз театрымыздың тарландарының өнерін тамашалайды. Бұл қойылым қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабар береді. Мәселен, бүкіл сахнаны алып жатқан аттың бас сүйегінің өзі не тұрады?! «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген осында болады.
Айта кету керек, биыл Мұхтар Әуезовтің – 120 жылдығы. Сондықтан, Мұхаңның «Қаракөзі» тағы да сахналанбақ. Оны режиссер Ербол Жуасбек дайындайды. Сондай-ақ, қойылғанына 100 жыл толуына орай «Еңлік-Кебек» пьесасы да көрермен назарына ұсынылмақ. Пьесаны 1917 жылы «Ойқұдық» жайлауында тұңғыш рет Мұхаң сахнаға шығарған еді. Жаңа қойылымдар да назарда болады. Олар – Исраил Сапарбаевтың «Қызыл алмасы» және балаларға арналған «Жақсылық пен жамандық» ертегісі. Көрермендер «Ханум» спектаклін де тамашалайтын болады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.