Экономика

Дүниежүзілік \”ЭКСПО \”көрмесіне тұңғыш рет қатысқан қазақ – Шығыс Қазақстаннан

Дүниежүзілік "ЭКСПО "көрмесіне тұңғыш рет қатысқан қазақ - Шығыс Қазақстаннан

Әйгілі әнші, жерлесіміз Әміре Қашаубаевтың шет елде, оның ішінде Парижде ән салған тұңғыш қазақ екенін бәріміз білеміз. Ал оның 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ екенін жұрттың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін.
Әміре Қашаубаевтың Парижде өткен көрмеге қатысқаны, онда қандай әндерді орындағаны туралы сәл кейінірек сөз етеміз. Әуелі 2017 жылы Астанада өтетін мамандандырылған халықаралық «ЭКСПО» көрмесі жайында бірер сөз.
Жақында Астанада осынау маңызды шараның қарсаңында «Болашақ энергиясы: СО2 қалдықтарын азайту» атты халықаралық форум өтті. Форумға халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес бастаған әлемнің 80-нен астам елінің өкілдері қатысып, жаһандық климаттың өзгеруі, экономикалық және энергетикалық қауіпсіздік, ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін азайту секілді бүгінде әлем елдерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Аталған форум аясында еліміздің аймақтарындағы журналистер мен блогерлерге арналған екі күндік «EXPO» медиа-туры ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері Астанада өтетін халықаралық көрме туралы тың деректерге қанығып, Елордада жүргізіліп жатқан көрме құрылысымен танысты. Айтпақшы, Әміре Қашаубаевтың «ЭКСПО-ға» қатысқан тұңғыш қазақ екені туралы тың деректі осы форум барысында естіп, білдік.

Астанада адамзаттың символына айналатын ерекше ғимарат бой көтереді

Дүниежүзілік "ЭКСПО "көрмесіне тұңғыш рет қатысқан қазақ - Шығыс Қазақстаннан

Жасыратыны жоқ, ел арасында Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесі туралы түрлі әңгіме айтылып жүр. «Бұл көрмеден қазаққа келер бес тиын пайда жоқ. Ақшаны текке шашу» деп мәселенің байыбына бармай, құр байбалам салып жүргендер де бар. «Мұндай ауқымды шараны өткізуден несіне қорқамыз?! «ЭКСПО» – елімізді әлемге танытады» деп оптимистік көзқарас ұстанғандардың қатары да аз емес. Не десек те, бәрін алдағы уақыт көрсете жатыр.
Ал енді ТМД кеңістігінде тұңғыш рет елімізде өткізілгелі отырған дүниежүзілік көрмеге дайындық барысы қандай? Құрылыс жұмыстары қашан басталды, қашан аяқталады? Көрме кезінде салынған ғимараттар шара өткеннен кейін қалай пайдаланылады? Жұртты толғандырып жүрген осы және өзге де сауалдарға \”Астана ЭКСПО-2017\” Ұлттық компаниясы\” АҚ-ның баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Мүкей жауап берді. Оның айтуынша, көрменің өту уақыты үш айды (10 маусым мен 10 қыркүйек аралығы) қамтиды. Алдын ала жасалған болжам бойынша көрмені көруге әлемнің әр түкпірінен бес миллионға жуық адам келуі мүмкін. «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен өтетін көрмеге қатысуға 100-ден астам мемлекет өтініш берген.

Дүниежүзілік "ЭКСПО "көрмесіне тұңғыш рет қатысқан қазақ - Шығыс Қазақстаннан

Қазіргі уақытта Астанада көрме құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Жалпы ауқымы 74 гектарды алып жатқан қалашықта көлемі 1,039 миллион текше метрді құрайтын нысандар салынатын болады. Олар: «Қазақстан-Астана» павильоны, конференция және баспасөз орталығы, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақүйлер, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар.
Бұл ғимараттардың ішіндегі ең ауқымдысы әрі ең күрделісі және «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты символы Қазақстан павильоны болмақ. Ол – бірнеше қабаттан тұратын шар пішіндес ғимарат. Алып «шардың» диаметрі – 150 метр, жалпы аумағы 24 мың шаршы метрді құрайды. Шар тәріздес пішін жердің биосферасын еске түсіреді. Бұл шар-ғимарат болашақта тек Астанадағы, еліміздегі ең әсем ғимараттардың бірі ғана емес, қоршаған ортамен үндестікте өмір сүретін адамзат нәсілінің символына айналатынын айтады мамандар. Сонымен қатар Астанада жаңа теміржол вокзалы салынып, әуежай жаңартылатын болады.

Дүниежүзілік "ЭКСПО "көрмесіне тұңғыш рет қатысқан қазақ - Шығыс Қазақстаннан

Осы ретте «ЭКСПО» кезінде салынатын ғимараттар шара өткеннен кейін қаңырап қалмай ма? Елдің кәдесіне жарай ма?» деген заңды сауалдардың туындайтыны да белгілі. Айгүл Мүкей қалашықта салынатын нысандардың көрме өткеннен кейін ғылыми-технологиялық саябақ және мәдениет пен өнер кешені ретінде жұмыс істеуі мүмкін екендігін, ал салынған тұрғын үйлердің кімдерге берілетіні әзірге белгісіз, бұл мәселенің ойластырылып жатқанын айтты.
Биыл елімізде тұңғыш рет біздің облыста, нақтырақ айтқанда, Өскеменде «Шағын ЭКСПО-2014» көрмесінің өткені белгілі. \”Астана ЭКСПО-2017\” Ұлттық компаниясы\” АҚ-ның басқарма төрағасы Талғат Ермегияев Астанада өткен форум кезінде Шығыстан бастау алған бұл шараның еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілетінін жеткізді.

Жиырма мың адам жұмыспен қамтылады

Дүниежүзілік "ЭКСПО "көрмесіне тұңғыш рет қатысқан қазақ - Шығыс Қазақстаннан

Медиа-тур аясында Астанағы «ЭКСПО» қалашығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көзбен көрудің сәті түсті. БАҚ өкілдерін көрме құрылысымен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ сәулет және құрылыс департаментінің бас менеджері Айдар Марат таныстырды.
«ЭКСПО» қалашығының құрылысы ресми түрде 2014 жылдың 24 сәуірінде басталған екен. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
– Бүгінгі күні ұлттық, халықаралық және тақырыптық павильондардың құрылысы жүріп жатыр. Ең әуелі 2015 жылдың жазында \”Астана ЭКСПО-2017\” ұлттық компаниясының ұйымдастырушыларының отыратын ғимаратының құрылысы аяқталады. Құрылыста 8-ден астам компания жұмыс істеуде. Бүгінде құрылыс аумағында ұзын саны 2000-нан астам адам жұмыс істеп жатыр. 150-ге жуық машина мен техника жұмылдырылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарын 2016 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Көрменің халықаралық және тақырыптық павильондарының құрылысы 2016 жылдың ортасында аяқталады, – деді Айдар Марат.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары барысында 20 мың адам жұмыспен қамтылады. Неігізінен мұнда отандық кадрлар жұмыс істейтін болады.

Керек дерек

Ең алғашқы дүниежүзілік көрме 1851 жылы Лондон қаласында өткен. Содан бері бұл көрме алпыс бес рет ұйымдастырылған. Американың әр қаласында бұл көрме жиырма рет, бір ғана Париждің өзінде сегіз рет, Брюссельде төрт рет жалауын көтерген. Соңғы рет 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Йосу қаласында өткен.
Осы көрме өткен кезде Парижде Эйфель мұнарасы, Брюссельде (Бельгия) Атомиум, Барселонада (Испания) Монжуич ұлттық сарайы секілді әлемге әйгілі ғимараттар бой көтерген.

Дүниежүзілік көрмеге қатысқан тұңғыш қазақ

Дүниежүзілік "ЭКСПО "көрмесіне тұңғыш рет қатысқан қазақ - Шығыс Қазақстаннан

Әміре жайындағы әңгімемізді жалғайық. Белгілі музыка зерттеушісі Жарқын Шәкерім Әміре Қашаубаевтың Парижде өткен дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесі кезінде қазақтың бір емес, бірнеше халық әндерін орындағанын айтады.
– 1925 жылы Парижде өтпек дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесіне қатысу үшін Кеңестер одағындағы әр республиканың маңдайалды әнші, күйші, бишілерін шақырту басталады. Оны ұйымдастыру сол кездегі РСФСР халық ағарту комиссары А.Луначарскийге тапсырылыпты. Оның тақырыбы «декоративтік өнер көрмесі» болған екен. Соған байланысты Луначарский Семейге жеделхат жіберіп, Әмірені Парижге аттанатын делегацияның құрамына алдырғысы келеді. Жеделхат мәтіні былай болатын: «Семей қаласы, Шығыс көшесі, № 78 кварталда тұратын әнші Әміре Қашаубаев Париждегі Дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертіне қатысуға ризашылығы бар ма, осыны тез арада біліп, хабарлауыңызды сұраймын! РСФСР Ағарту Халық комиссары Луначарский». Қандай жағдай болғанын кім білсін, Семейдің сол кездегі шенеуніктері «бұл Әміре деген кім соншама Парижге баратындай» деп оны жібермей қояды. Болмағасын Луначарский екінші рет жеделхат жолдапты. Онда ол бірінші жеделхатқа жауапты тездетуді сұрап, Парижде болатын концерттің мемлекеттік маңызы барлығын жазған. Хабарды алысымен, Әміре маусым айының ортасында жолға шығады. Бұл кезде Мәскеуде Париждегі дүниежүзілік декоративтік өнер көрмесіне қатысу үшін әзірлік қызу жүріп жатқан еді. Үміткерлердің қатарында Украинадан О.Федеровская, Өзбекстаннан биші Тамара ханум, әнші Кари Якубов, Әзірбайжаннан Шевкет ханум Мамедова, Армениядан Сукиясов, Харибекишвили, Кахуров, Башқұртстаннан қурайшы Жұмабай Есенбаевтар болды, – дейді Жарқын Шәкәрім.
Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, Кеңес одағының әртістері көрме кезінде ұзын саны 11 концерт қойған. Әміре бұл концерттердің барлығына да қатысып, «Бесқарагер», «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Қараторғай», «Қызыл бидай» секілді қазақтың халық әндерін әуелетеді. Музыка зерттеушісі 2013 жылы Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларынан қазақ өнерпаздарының дауысы жазылған 200-ден астам таспаларды алып келген көрінеді. Бір қуанарлығы, осы дауыс жазбаларының ішінде Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі дүниежүзілік көрме кезінде орындаған әндері де бар екен. Әншінің сол көрмеде орындаған «Ағаш аяқ» пен «Балқадиша» әніне реставрациялық тазарту жұмыстары жүргізілген екен.
-Отандық телеарналардан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнін лейтмотив еткен шағын бейнероликтер көрсетіле бастады. Онда Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева секілді сахна шеберлері бастаған отандық өнер жұлдыздары Әміренің әнін жаңаша шырқайды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұл идеясы өте сәтті шыққан дер едім. Ендігі менің тілегім, Әміренің Парижде шырқаған осы әндері болашақта Астанада өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің Қазақстан павильонында асқақтап тұрса, қандай ғажап болар еді, – дейді Жарқын Шәкәрім.
Орынды ұсыныс. Бұған біздің де алып-қосарымыз жоқ. Расында, төрткүл дүниенің өкілдері жиылған алқалы басқосуда Әміренің әндері төгіліп тұрса, қандай ғанибет!

Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button