Экономикалық тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді

Сарапшы пікірі
Жалпы девальвация халықаралық қаржы нарығындағы ұлттық қаржы бағамының төмендеуі, қаржы резервінің азаюы, мемлекеттің төлейтін балансы және тез арадағы сауданың төмендеуімен байланысты, ұлттық ақша бірлігінің тұрақты құндылығының заңды дәрежеде төмендеуі, құнсыздануы болып табылады.
Девальвация ашық және жасырын деп екіге бөлінеді. Ашық девальвация заңды тұрғыда танылған девальвация, алтын қорынан өтелмейтін көлемде қағаз ақшаларды айналыстан алу немесе айырбастау есебінен валютаның ресми бағамын төмендету, гиперинфляциядан кейін валютаны тұрақтандыру әдісі. Жaсырын девальвация – ресми жария етілмеген девальвация, мемлекеттің құнсызданған ақша купюраларын айналымнан алмай-ақ ақша өлшемінің нақты алтын бағамын төмендетуі.
Ал бүгінгідей әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында девальвацияның артықшылығы мен кемшілігі де бар. Бірінші жағынан, әлемге түгелдей жайылған қаржы дағдарысының әсерінен несие нарықтары құлдырап, мұнайдың және басқа да шикізаттардың бағасы төмендеді. Бұл жағымсыз құбылыс Қазақстанның ұлттық экономикасынан да айтарлықтай сезілуде. Елімізде қолма-қол валюта ағынының азаюынан қаржы көлемінің өсу қарқыны төмендеді. Сондай-ақ, несиеге деген пайыздық мөлшерлеменің жоғарылауы мен халық табысының азаюы тауар сатып алушылардың белсенділігін төмендетті. Екінші жағынан, девальвацияны қолданудан әуелі өнеркәсіптік өнімнің, содан соң тұтынушылар нарығындағы бағалардың өсімі баяулайтыны белгілі.
Яғни, бұл процесс экономикалық тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді деген сөз. Алайда, қазіргі жағдайда теңге бағамын төмендетуді бірте-бірте жүзеге асырған дұрыс. Себебі, девальвация экспорттың өсіміне жол ашып береді. Импорттық тауарлардың бағасы өскенімен, олардың отандық тауарлармен бәсекелестігі төмендейді. Яғни, импортқа белгілі бір дәрежеде шектеу қойылады. Сонымен қатар, еліміздің алтын-валюта қорын сақтап қала аламыз.
Жалпы теңгені құнсыздандыруға жол ашып отырған бірнеше ішкі факторлар бар. Олар мыналар: біріншіден, тауарлар мен азық-түлік бағаларын бақылаусыз бос жібергеніміз, екіншіден, айырбас пункттерінің иелерінің қалаған бағамды қоя салуы, үшіншіден, теңгенің ішкі нарықтағы айналымының шеңберінің тарылуы, төртіншіден, коммерциялық банктердің тізгінін бос қоюымыз. Ішкі нарықта доллардың барған сайын теңгенің айналымын тықсырып бара жатуының белгілері анық байқалады. Көлік, пәтер, жер міндетті түрде АҚШ долларымен сатылады. Неге ішкі нарықта доллармен сауда жасауымыз керек деген сұраққа келетін болсақ, бұл адамдардың психологиялық тұрғыда долларға тәуелділігін көрсетеді. Яғни, психологиялық фактор.
Сондықтан, еліміздегі экономикалық жағдайды жақсарту және отандық өндірісті дамыту үшін доллардың бағамын көтеру тиімді болады. Девальвация сондай-ақ, отандық өнеркәсіпке өз нарығымыздағы шетелдік компанияларды ығыстыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әлемдік дағдарыспен күрес аясында Үкімет экспортқа бағытталған салаларды дамытуды, аграрлық сектордың белсенділігін арттыруды ойлап отыр. Бұл жерде бізге девальвация қажет! Өйткені, теңгенің бағамын төмендету саудалық сальдоны жақсартып, бізге капиталдың ағылуына мүмкіндік береді. Девальвацияның артықшылығын бірнеше рет осы тәсілді қолданған шетел тәжірибесінен де көруге болады.
Бүгінде тек біздің қана теңге ғана емес, көптеген мемлекеттердің ұлттық валюталары осылай құнсыздану үстінде.
Қорыта айтсақ, девальвация – заңды үдеріс. Бұл, алдымен отандық өндірушілерге, оның ішінде экспорттаушыларға тиімді құбылыс. Сонымен қатар, бірде құлдырау, бірде өсім, мұның бәрі – нарықтық экономикаға бейімделген құбылыстар. Теңге девальвациясы еліміздің экономикасын жақсартуға, қолдауға арналған қажетті шара деуге болады.
Әсел Апышева,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың
«Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты