Екі жүз тонна көмір таратылды
Хасен ЗӘКӘРИЯ
Аудан әкімі Алмат Ақышовтың ұйымдастыруымен аз қамтылған отбасыларға демеушілер арқылы 200 тонна тегін көмір бөлінді.
Ауылдық округтер әкімдіктеріне аз қамтылған отбасылардың саны жөнінде ақпарат беру туралы сұрау жолданған болатын. Келіп түскен ақпаратқа сай аудандағы 40 аз қамтылған отбасына 5 тоннадан көмір түсіріп беру шешімі қабылданған-ды. Атап айтсақ, Күршім округіндегі 10, Марқакөл округіндегі 5, Абай округіндегі 5, Балықшы округіндегі 2, Боран округіндегі 5, Қалғұты округіндегі 3, Қалжыр округіндегі 5, Құйған округіндегі 2, Сарыөлең округіндегі 3 отбасы тегін көмірмен қамтылуға тиіс.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Визол» серіктестігі (директоры – В. Чернецкий) 200 тонна көмірді Зайсан ауданындағы «Аққойын» учаскесінен бөліп отыр.
Аталған көмірді тиісті жерге жеткізуді мойындарына алған демеуші кәсіпорындар «ГРК «МЛД» ЖШС (директоры – Б. Мәуітжанов) және «ВСАМ-Продакшн» ЖШС (директоры – К. Саманбаева) өз міндеттеріне ынтамен кірісіп, бірқатар адамның алғысын алды.
Көмірді жеткізуге жеке кәсіпкер Қымбат Сабырбаев та барынша атсалысып жатыр. Бүгінге дейін Қалғұты мен Сарыөлең округтеріне 15 тонна, Боран мен Қалжыр округтеріне 25 тонна көмір жеткізіліп, таратылды.
Күршім ауданы.