Екі шаруашылыққа ерекше жабдық орнатылмақ
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Ханбалық өсіріп жатқан өскемендік «Шығыс Универсал» ЖШС мен Риддер қаласындағы «Поспелов» ЖК тауарлы-сүт фермасы Қазақстанда Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесе жүзеге асырылып жатқан «Климаттың өзгеруінен болатын төтенше жағдайларға жауап ретінде климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті пайдалану» жобасына қатысу үшін арнайы іріктеуден өтті.
БҰҰДБ елімізде жаңартылған энергия көздері мен ылғал сақтаушы технологияларды енгізуді ұлғайту, жаппай қолдану шаралары аясында Қазақстан аумағында «Климаттың өзгеруінен болатын төтенше жағдайларға жауап ретінде климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті пайдалану» жобасын жүзеге асырып жатыр.
Табиғи-климаттық және географиялық аумақтарды бағалау қорытындысы және жобаны жүзеге асырудан мультипликативті әсері жоғары болатын Қазақстан аймақтарының әлеуетін бағалау қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысуға төрт аймақтан он жоба таңдап алынған: Шығыс Қазақстан облысынан екі, Ақтөбе облысынан екі, Солтүсік Қазақстан облысынан екі және Алматы облысынан төрт жоба.
БҰҰДБ техникалық тапсырмаларының талаптарына сәйкес бағдарламаға қатыстыруға ауыл шаруашылығының жылыжай шаруашылығы, көкөніс өсіру, балық шаруашылығы, құс шаруашылығы, сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы және жылқы шаруашылығы тәрізді бірнеше бағытындағы жобалары таңдап алынған.
10 қанатқақты жобаны таңдап алып, оларды бүкіл Қазақстан аумағында жаппай енгізу, көбейту жобаларды жүзеге асырудың негізі саналып отыр. Таңдау шаруашылықтардың жаңартылған энергия көздері мен ылғал сақтаушы технологияларды қолдануы, осы бағытта тәжірибесінің барлығы, инфрақұрылымдарының жеткілікті болуы, су көздеріне жақын болуы сияқты көрсеткіштерге сай жүргізілді, – дейді біздің облыстан бағдарламаға қатысуға ниет білдірген әлеуетті қатысушыларды қолдап, демеген өңірлік кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы Данияр Әкімбаев.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілінің айтуынша, біздің облыстан БҰҰДБ жобасына қатысуға бес шаруашылық ұсынылған. Жобалау тобының мамандары қараша айында облысқа арнайы келіп, қатысуға ниет білдірген шаруашылықтардың жұмысымен танысқан, олардың бағдарламаға қатысу талаптарына сәйкестігін тексерген. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары жаңартылған энергия көздерін ауыл шаруашылығы жобаларында пайдаланудың маңызы мен болашағы жайлы баяндап, өңір шаруашылықтарының ерекшеліктерін екшеген.
Қорытындысында бағдарлама мамандары бес шаруашылықтың ішінен екеуін таңдап алған. Олар: Өскемен қаласындағы «Шығыс Универсал» ЖШС-нің ханбалық фермасы және Риддер қаласындағы «Поспелов» ЖК-нің 50 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы.
26-27 желтоқсан күндері Орталық Азиядағы табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану жөніндегі халықаралық сарапшы Динкелакер Йорга облыстағы екі шаруашылыққа келіп, олардың өндірістік қуатын арттыру, әрі қарай дамыту жөнінде кеңестер беріп, жобаны жүзеге асыру барысында көрсетілетін шаралардың тигізетін әсерін бағалаған.
Жобалар 2023 жылдың 31 наурызына дейін жүзеге асырылады. Осы уақытқа дейін жоспарланған шаралардың, міндеттердің бәрі жүзеге асуы тиіс. Қазіргі күні екі шаруашылыққа қойылатын құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылып жатыр. Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерді сіздерге міндетті түрде айтып береміз, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі Данияр Әкімбаев.
Климаттың жаһандық өзгеріске ұшырай бастауы бүгінде бүкіл әлем назарын аудартып отырған өзекті мәселеге айналды. Аптап ыстық, қақаған аяз, құйын мен қуаңшылық, су тасқыны, өрт сияқты табиғи құбылыстардың жиілігі де, ұзақтығы да өзгеріп барады. Жұқпалы аурулардың да сипаты өзгере бастаған. Әлемдік ғылым бүгінде зерттеулерді қоршаған орта климатына қарай ойыстыруда. Ғалымдардың зерттеулерінше, адамзат катаклизмге, климаттық өзгерістерге толық тосқауыл қоя алмағанымен, келе жатқан құбылыстың зардабын азайту үшін баламалы энергетиканы дамытып, қоршаған ортаны ластайтын парниктік газдардың шығарындыларын шектеуі қажет. Осы орайда, табиғи-климаттық жағдайға тәуелді ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеп, азық- түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемнің басты бағдарына айналып отыр.
БҰҰДБ-ның біздің облыстың екі шаруашылығында жүзеге асырғалы отырған жобасы – осы жаһандық климаттық өзгерістерге төтеп беру үшін алдын ала жасалып жатқан қам-қарекет.