Аймақтар аухалы

Екі мыңға тарта халқы бар Екпінде клуб жоқ

Аудан әкімі Асхат Смаилов жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтердің әлеуметтік нысандарын аралады.

Екпін ауылында Ы.Кәбеков атындағы мектепте болды. Мұнда төрт қабырғасы сөгіліп, оқушыларға қауіпті болғандықтан спортзалы жабық тұр. Қазақ күресін серік еткен жас өрендер аядай бөлмеде жаттығып жүр. Шатырланбауы себебінен жауын-шашында төбесінен су сорғалап кететіні тағы бар. Мектеп тәуелсіз сараптама қорытындысымен күрделі жөндеуге жатқызылыпты. Аудан әкімі биыл жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, келер жылы жұмыс қолға алынатындығын атап өтті.

Сонымен қатар  екі мыңға тарта халқы бар, мәдени жетістіктері біршама Екпінде клуб үйі мүлдем жоқ. Бұрынғы мешіт ғимаратын пайдаланғанмен, өркениет талабына сәйкес емес. Аудан әкімі бұл мәселенің де алдағы уақытта шешімін табатындығын жеткізді.

2020 жылы «Алтел» байланысы орнатылса да, Жәнтікейде интернет жоқ. Цифрлық даму министрлігінің құзырындағы бұл мәселе аудан деңгейінде шешілмесе де, бақылауға алынып, тиісті орындармен жұмыс атқарылуда. Ауылдағы Қ.Сәтбаев орта мектебінің акт  залы – мәдени іс-шараларға таптырмас орын. Сахнасы да, көрермен залы да ешбір клуб үйден кем емес. Десе де ауыл халқын рухани-мәдени сергітуге келгенде жұмысты үйлестіру жағы кемшін. Мұны бір жүйеге келтіру ісі ауыл әкіміне ескертілді.

Аудан әкімі ат басын Сәтбаев ауылына бұрып, клуб үйінің және 1968 жылы салынған С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің жағдайымен танысты. Елу жылдан астам тарихы бар білім нысанына биыл ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

Ойшілік ауылында болған аудан басшысы мектепке арнайы барды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қолға алынған күрделі жөндеудің нәтижесін көрді. Сондай-ақ  мектеп аумағының ретсіз көрінісін сынға алды. Мектеп басшылығына абаттандыру да маңызды міндеттің бірі екенін есіне салды. Ал Құмкөл ауылында Сасан би орта мектебінің жаңадан ашылған күрес залын, асхана мен спортзалды аралап шықты. 2020 жылы терезелері айырбасталып, ішінара жылу жүйелері, едендері жаңартылған. Төбесінен су ағып кететіндіктен, енді шатырын ауыстыру  қажет екенін айтады мектеп директоры.

Аудан әкімі округке қарасты Қарғыба ауылында да болды. Кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған мектептің бүгінгі жағдайы да жақсы. Ауылдағы негізгі мәселе – жарықтандыру. Орталық көшеге ғана шамдар орнатылған, кеш батса басқа көшелер тас қараңғы  дейді ауыл тұрғындары. Жағдайды ескерген аудан әкімі мәселені назарға алды.

Маңырақ ауылдық округі үшін өткен жылдар табысты болды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен екі көшесі асфальтталып, дәрігерлік амбулатория күрделі жөнделді. Төрт көшесі жарықтандырылды, «Бір қабатты Шығыс» жобасымен екі пәтерлі бір тұрғын үй салынды. Алдағы уақытта Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Ауылға жұмыс сапармен барған аудан әкімі осылай деді.

Ақжар ауылында әкім  Қ.Билялов мектеп-лицейіне барды. Білім нысаны «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен күрделі жөнделетін болды. Сондай-ақ Торайғыров көшесі мен «Толағай» ықшам ауданының көшелерін асфальттау, жарықтандыру да жоспарға қойылыпты.  Аудан әкімі оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті. Өйткені облыс әкімінің  аудан халқымен кездесуінде Қ.Билялов  мектеп-лицейіне компьютер жетіспейтіндігі жөнінде   айтылған болатын. Жағдайды анықтай келгенде мұнда компьютер тапшылығы жоқ болып шықты. Аудандық білім беру бөлімінің дерегінше, аудан бойынша орта есеппен төрт балаға бір комьпютерден келеді екен. Ақжар ауылындағы үш мектепте мың екі жүз отыз бес бала бар, онда төрт балаға бір компьютер, оның ішінде Қ.Билялов мектеп-лицейінде үш балаға бір компьютерден кеп тұр. Ал Ақсуатта екі мектепте мың жеті жүз оқушы болса, онда он балаға бір компьютерден, ал Тұғылдағы екі мектепте жеті жүз бала оқыса, онда он бір балаға бір компьютерден екен. 

Аудан әкімінің жұмыс сапары Қабанбай ауылдық округінде жалғасты. Соның ішінде Шеңгелді елді мекенінде болды. Кездесу барысында мектеп ұжымы биыл 100 орындық жаңадан мектеп салынады деген жаңалық тұрғындарды айрықша қуантқанын жеткізді. Келешекте көршілес Қазақстан елді мекенінің оқушылары да жаңа мектепте білім алмақ. Сондай-ақ аудан әкімі Тәуке, Шеңгелді, Қазақстан, Шорға ауылдарындағы ауызсуды үйді-үйге жеткізу жұмыстары қолға алынатындығын айтты.

А.Смаилов Тұғыл ауылдық округінде Т.Рысқұлов мектебінде болды. Тиянақты тазалығымен көпке үлгі бұл мектеп үшін де жағымды жаңалық айтылды. Облыстық бюджет есебінен ағымдағы жөндеу қолға алынбақшы екен. Есік-терезелері мен шатыры айырбасталып, ауласы абаттандырылады.

 Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Осы айдарда

Back to top button