Шағын кәсіпкерлік

«ЕКІ МИЛЛИОНДЫ НЕ ІСТЕДІ ЕКЕН?»

«Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп  сенбей, «туыстарына, таныстарына ғана береді екен» деп қолын бір сілтеп жүргендер бар. Оңды-солды үлестіріле беретін сұрауы жоқ дүние сияқты көріп, жоспар құрмастан, ши басын сындырмастан құр алақан жайып баратындар бар. Бергенінің берекесін кетіріп, су аяғы–құрдым еткендер бар. Бұйыртқанын екі еселеп, бастаған ісін баянды етіп жатқандар бар. Бүгінгі сөз азаматтарға жыл сайын мемлекеттен бір-екі миллиондап, бес миллиондап беріліп жатқан тегін қаржы, грант, басқа да демеушілік қолдаулар туралы, оның нәтижесі туралы болмақ. 

  АЛДЫМЕН БОЗАНБАЙҒА БАРАДЫ

Бұл отбасы былтыр кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың аясында екі миллионнан астам қайтарымсыз грант алғанда таныс-біліс, ауылдастары «тегін екі миллионға не істейді екен, тегі, не істеді екен?» деп елеңдескен. Өскеменге таяу жатқан елді мекеннің бірі Бозанбай ауылында тұратын қандастар Маркс, Шәкерман Наджитпанның отбасы үкімет «еңбек ет, кәсіппен айналыс» деп берген қайтарымсыз ақшаның арқасында  ағылшын мен неміс, орыс пен өзбек іздеп келетін  ауылдағы құтты шаңыраққа айналып отыр.

Ауладан бүркіттің саңқылы естіледі. Маркс алыс-жақын шетелден, өз елімізден, өңірімізден келетін туристер мен демалушыларға арнап бір емес, екі бүркіт ұстап отыр екен. Байыз таппай саңқылдап отырғаны – бала қыран «Қандыбалақ» дейді. Қос қыран, өрісте жүрген жылқылар, өреге жайылған құрт, сабадағы іркіт, қызыл ірімшік, есік алдына тігілген киіз үй, керегедегі қасқыр ішік, түлкі тымақ, анау жатқан алаша, сырмақ – осы жердегінің барлығы да сол қонақтар үшін.

– Бүкіл әлемнің бізге таңсығы шетелдіктерге түк емес, олар қазақтың даласын, болмысын, дәстүрін, өмірін көруді аңсап келеді мұнда. Басқа жерден, кейде тіпті ауылдың өзінен киіз үй түгілі самауырды да таппайсыз бұл күнде. Қаладағы қазақтың өзі құртқа құмартып жүрген жоқ па?! Туристерге, өзіміздің демалушыларға сол ұлттық тағамдарымызды ұсынып, дүние-мүліктерімізді  көрсетіп қана қоймай, жасалу жолын, дайындалуын қоса түсіндіріп, көрсетіп отырмыз. Екі бүркітті алып мынау айналадағы тау-тасқа, жазыққа аңға шығарып, атпен серуендетеміз. Әйелім Шәкерман «Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту» КҚ арқылы қонақ үй қызметкерлеріне арналған қарқынды оқыту курсын оқып, Өскемен құс фабрикасының демеушілігімен былтыр қолыма тиген екі миллион грантқа үйіміздің жанынан үлкен үй сатып алдық. Ол үйден туристерді, демалушыларды қабылдайтын қонақ үй ашып, іші-сыртына жөндеу жүргіздік. Өз қаражатымызға жиһаз сатып алдық. Бір күнде отыз шақты қонақ қабылдай аламыз, – деген Маркс қайтарымсыз қаржының шаруасын жүргізуге тигізген септігі көп болғанын айтты.

Осы жақсының бәрін туристерге көрсетуге себепші болып, Маркс пен Шәкерманның кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік тудырып отырған азаматтардың бірі өңірімізге белгілі кәсіпкер, ресторатор, «Туған өлкеңді сүй» жобасының авторы  Мұхтар Тойбазаров көрінеді. Саяхаттап немесе бизнестік сапармен, жұмыс бабымен шығысқа келген шетелдіктер қазақы салт-дәстүрімізді көру үшін алдымен Бозанбайға, Наджитпанның қонақ үйіне келеді. Ауыл бір күн, жарты күн жүретіндей алыс жерде емес, Өскеменге жақын, екі арасы 60 шақырымдай ғана. Демалушылардың, шетелдік туристердің  алды өткен аптада ғана келіп кетіпті.

Моңғолияда тұрғанда әкесімен бірге 14 жасынан бастап құсбегілікпен айналысқан Маркс  «Мұзбалақ» пен «Қандыбалақты» Бозанбайдың төңірегіндегі Сынтас, Ақтас тауларының жартастарынан (заңды түрде арнайы рұқсат алып) ұядан балапан күйінде алып келген екен. Ұлы Бақжан екеуі демалушылармен бірге қос бүркітті, тазысы «Жоламанды» ертіп алып, желе жортып, қоян, қарсақ, түлкі аулауға шығады. Маркстің айтқанындай, шығыста бүркіт ұстап, саятшылықпен айналысып отырған екі адамның бірі өзі болса, енді бірі Үржар жақта, облыс орталығынан шалғайда. Қазақтың қанына сіңген дәстүрін, бір бренді болып отырған бүркітін біздің жақта тек мынау Бозанбайға келген туристер, демалушылар ғана көре алады. Былтыр осы ауылда бүркітшілер сайысы өткен болатын. Маркс сол бүркітшілер сайысын биыл қазан айында республикалық деңгейде тағы ұйымдастырмақ ойда.  90-шы жылдары Бозанбайда аты көпке мәшһүр Өзбек деген құсбегі, бүркітші болыпты. Бүркітін самғатып, құртын қайнатып отбасымен ырызығын тауып отырған Маркс келесі сайысты сол саятшыны еске алу құрметіне өткізбек ниетте.

«ӘР ДӨҢІН ӘУЛИЕ ДЕЙДІ»

Бүгінде бір кездері аудан орталығы болған Бозанбай тұрғындарының 60-70 пайызы – қандастарымыз. Сулы, орман-тоғайлы тау баурайында орын тепкен мекеннің сұлулығы  көзді арбайды. Ауылға дейін асфальт жол сайрап жатыр. Сібе көлдеріндегі демалыс орындары  тиіп тұр. Жері де бай, елі де бай. Ата қонысқа келгендердің көпшілігі мал бағып, біразы жеке кәсіппен айналысып жатқанын көрдік.

Әлемді, елді пандемия кезген былтырғы, алдыңғы жылдардағы ауыр шақтарда Бозанбайда бие байлап, қымыз баптап отырған Күлжи Әбдолла ауылдағы ел емге деп іздеп келген  сусынды арзанға сатып, тегін де беріпті. Ауылдастары айтты.

– Иә, қысылтаяң сол шақтарда тапшы болып кеткен қымыздың литрін екі есеге, 1200 теңгеге сұрап келгендер көп болды. Біз тек 600-700 теңгеден, тапсырыспен сатып, сұрағанның бәріне жеткізіп беруге тырыстық, – деп еске алды ол күндерді  Күлжи Әбдолланың ұлы Мұрат жылқының қасиеті жоғалмайтынын, мал баққанның жұтамайтынын айтып.

Енді, міне, анасы мен баласы ауыл басшыларының қолдауымен мемлекеттік бағдарлама аясында екі миллион теңге қайтарымсыз қаржы алып, сол кәсіптерін одан әрі өркендетудің орайы келіп отыр. Бұл отбасы да осы мекеннің тамылжыған табиғатын, қолда бар мүмкіндіктерін туризмді дамытуға, нақтырақ айтқанда,  демалыс, қонақ үйі қызметін көрсетумен айналысуға арнамақ.

– Қытайда тұрғанда осы жылқының арқасында жан сақтадық, көтерілдік. Қытайдағы Қанас көлі, Қанас деген әйгілі курорттық демалыс аймағын естуіңіз бар шығар. Суы жап-жасыл. Катонқарағайдағы Аршатының тура ар жағында жатыр Марқакөлдің сыңарындай болып. Сол Қанастың дәл өзінде 11 жасымнан ат байлап, атқа мініп, шетелдік, қытайлық туристерге қызмет көрсеттім. Қытайлардың өздері атқа онша міне алмайды. Атқа мініп, бірнеше шақырымдық жерлерге серуенге шығатын туристің артынан біз сияқты қазақтың балалары серік болып, жол көрсетіп еріп отырамыз. Қытайлықтар болмашыны батпандай қып, жарнама жасауда алдына жан салмайды. Қанастың қойнау-қолатын, әр дөңді әулие деп әңгіме қылып, көлінің ана жерінде анау бар, мына жерінде мынау бар деп әсірелеп, туристерді қарадай қызықтырып, жапа-тармағай жарнамалап, өздеріне шақырып жататын. Қанаста туризмнің көз ілеспес қарқынмен дамып, құлпыруына осының әсері көп болды. Сөйтіп, осы еріп жүрген, жол көрсетіп жүрген қызметіміз үшін қызмет көрсетушілерден, бизнесмендерден ақша алып отыратынбыз. Күзде мектепке барарда киім- кешекке, оқу құралдарына қажетті қаржыны уыстап, осылай өзіміз артығымен жинап аламыз. Ержете келе туристерге осы қызметті өзіміз ұсынып, ақшасын түгел өзіміз алатын болдық. Анам да отбасымызбен бірге осы Қанасқа келген қалың туристке оны-мұны сатып, қызметтер көрсетіп, кәсіп қылды, – деп әңгімелейді Мұрат қытайлықтар сияқты боямасыз-ақ, Тәңірдің біздің өңірге берген тамаша тартуы қай жерде, қандай, қаншадан, қалай жету керек екенін айтып жарнамалай білсек, ішкі туризм тәп-тәуір өркендер еді деген ойын түйіп.

Күлжи Әбдолла жаз бойы 10-15 бие сауады. Бірер аптадан соң бие байлап, қымыз баптауға кіріспек. Ұлы Мұрат өздеріне бұйырған грантқа   бірнеше бөлмелі үй сатып алып, ішін жарқыратып, қажетті жиһаздармен жабдықтап қойыпты. Туристер, былайғы демалушылар, қалалықтар болсын алысқа бармай-ақ, Бозанбайдағы осы демалыс үйіне келіп саумал ішіп, тау-тасына шығып, жидек теріп, серуендеп, салқын самалын, саф ауасын жұтып, тынығуына әбден болады енді.

ЖАНАРГҮЛ  Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button