Көлік қатынасы
Екі маршрутта автобус саны артады – Өскемен
Өскемендегі екі маршрутта автобустардың саны артады. Бұл туралы қала әкімі мәлім етті.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Аблакетка шағын ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Didar ақпарат Altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында бұған дейін атқарылған және жыл соңына дейін жоспарланған шаралар талқыланды.
Шағын аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – автобус қатынасының реттілігі. Әкімнің айтуынша, енді бұл мәселенің дұрыс шешімі табылған көрінеді.
– Біз енді дұрыс шешім таптық деген үміттемін. 27 маршрутты жою есебінен 4-ші және 25-ші маршруттарда автобус санын арттыруға бағытталатын болады. Ең бастысы, бұл нұсқа аудан тұрғындарымен бірге әзірленіп, олардың қолдауын тапқан еді, – дейді Жақсылық Омар.
Кездесуде Байдуков көшесіне қатысты да мәселе көтерілді. Шаһар басшысы жол жабынының қазіргі күйін ескере отырып, ТКШ бөліміне жақын арада жөндеу жұмыстарын жүргізу амалдарын қарастыруды тапсырды.