Қоғам

Екі бірдей жарыстан олжалы қайтты

Шығысқазақстандық спортшылар бір уақытта өткен екі бірдей ірі халықаралық жарыстан олжалы оралды. Ол жарыстың екеуі де Азия чемпионаты болатын. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Бір атап өтерлігі, жерлестеріміз еркін күрес пен көркем гимнастикадан өткен құрлықтық додаларда көзге түсті.

Сол доданың біріншісі – еркін күрестен биылғы Азия чемпионаты Қырғызстанда өткен болатын. Байрақты бәсекеге 40 елден екі мыңнан астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осы ретте, қырғыз еліндегі дода қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше жарысқа бөлінгенін айтқан жөн. Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы тамаша нәтижелер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болған-ды.

Айта кетерлігі, құрлықтық жарыста ұлттық құрама сапында бірқатар жерлесіміз өнер көрсетіп, нәтижесінде үшеуі үздіктер қатарынан көріне білді. Мәселен, 23 жасқа дейінгі спортшылар сайысында белдескен Досжан Әсетов чемпионаттың күміс жүлдегері атанса, дәл осындай медальға U-17 бәсекесінде бақ сынаған Дарын Әскербек те (55 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) қол жеткізді. Осы 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер жарысында Айқын Болатұлының да қанжығасы майланды. Салмағы 65 келіден аспайтын балуандар бәсекесіне қатысқан Айқын жарыстың қола жүлдесін жеңіп алды.

Сондай-ақ дәл осы күндері Тайландта көркем гимнастикадан Азия чемпионаты мәресіне жеткен болатын. Бұл бәсекеде атақты Әлия Юсупова бастаған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық екінші орынға қол жеткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз ел қоржынына үш жүлде салды. Атап айтсақ, гимнастарымыз командалық есепте екінші орынға, топтық жаттығулардағы көпсайыста үшінші орынға, ал шеңбермен өткен топтық жаттығуларда бірінші орынға ие болды.

Бір қуантарлығы, бұл сында ел құрамасы сапында жерлесіміз – өскемендік Рената Жолдинова да өнер көрсеткен еді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button