Спорт

Екі ауданның орталығында бассейн салынады

Didar ақпарат

2025 жылға дейін ШҚО-ның жалпы білім беретін мектептерінде үш мыңнан астам спорт секциясын ашу жоспарланған.

Биылғы тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар спорт түрлерімен айналысу үшін барынша жағдай жасау қажеттігін, бұл ұлтты сауықтыруға, сондай-ақ әлемдік спорт аренасында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ол үшін 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен өңірдің жалпы білім беретін мектептерінде қосымша 3213 спорт секциясы ашылатын болады. Биыл 1268 секция жұмыс істей бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Даниал Ахметов айтып берді.

ШҚО әкімінің айтуынша, меншік түріне қарамастан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілген. Осылайша 2021 жылы балалар мен жасөспірімдердің жалпы санының 109 мыңы немесе 56,4 пайызы денешынықтырумен және спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алады.

Спорттық инфрақұрылым да кеңейіп жатыр. Ағымдағы жылы бұрынғы аудан орталықтары меншекара маңындағы елді мекендерде 14 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: үстел теннисі орталығы, 11 денешынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) және екі спорт модулі.

2023-2025 жылдар аралығында 10 спорт нысанының құрылысын жүргізу жоспарда бар. Атап айтқанда, Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында және Үржар ауданының Үржар ауылында ДСК, Аягөз және Көкпекті аудандарында суда жүзу бассейні, Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында, Ұлан ауданының Айыртау ауылында, Үржар ауданының Таскескен ауылында, Күршім ауданының Боран ауылында, Зайсан ауданының Айнабұлақ және Дайыр ауылдарында спорт модульдері бой көтереді.

– Жоғары жетістіктер спортын дамыту аясында келер жылдан бастап халықаралық деңгейдегі спорт кеңесшілерін тарта отырып спорттың басым түрлері бойынша жергілікті жаттықтырушыларды оқыту көзделіп отыр, – деп қосты Даниал Ахметов.

Осы айдарда

Back to top button