Спорт

Екеуі де жүлдегер

Шығысқазақстандық қос балуан Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда грек-рим күресінен мәресіне жеткен құрлықтық додаға ұлттық құрама сапында жерлестеріміз Нұрсұлтан Тұрсынов пен Ернұр Фидахметов қатысып, екеуі де үздіктер қатарынан көріне білді.

Айта кетейік, аталған бәсекеде 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрсұлтан Тұрсынов жұбаныш белдесуінде қырғызстандық Мелис Айтбековты 7:2 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болды.

Одан бұрын, яғни жартылай финалда жерлесіміз ирандық Насер Ализадеден жеңіліс тауып, жұбаныш финалда белдесуге мүмкіндік алған болатын.

Бұл – Нұрсұлтанның халықаралық додадан әкелген алғашқы медалі емес. Ол бұған дейін, нақтырақ айтсақ, 2015 жылы Катар астанасы Дохада өткен Азия чемпионатында да тамаша өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Сол бәсекеде Н.Тұрсынов күміс медаль иегері атанған. Сондай-ақ ол былтырғы Токио Олимпиадасында да ел намысын қорғағанын айтқан жөн.

Сол сияқты, Моңғолия жеріндегі құрлықтық бәсекенің тағы бір қоласына Ернұр Фидахметов ие болды. Салмағы 60 келіден аспайтын балуандар сайысының үшінші орны үшін белдесуінде Ернұр бозкілем иесі Балжинням Цевенравданнан басым түскенін айту керек.

Жалпы, биылғы Азия біріншілігі отандастырымыз үшін аса табысты болды деуге толық негіз бар. Ұлттық Олимпиада комитетінен хабарлағандай, биылғы додаға еліміздің атынан 10 балуан қатысқан екен. Оның тоғызы жүлдеге іліккен. Жарыс қорытындысы бойынша қоржынымызда екі алтын, бес күміс және екі қола медаль бар. Осының арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Иран (151 ұпай) мен Қырғызстан (133 ұпай) спортшыларын артқа тастап, 180 балмен бірінші орынға көтерілді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button