Білім

Әкелер партаға отырды

       Күршім гимназиясында ауыз толтырып айтарлықтай бір ауқымды шара өтіп, өзінің жаңалығымен, ерекшелігімен көпшіліктің көңілінде қалды. Мектеп басшылығы ұйымдастырып, ата-аналар қолдап, көтеріп әкеткен бұл шара «Әке көрген оқ жонар» деген атпен өткен семинар болатын.

Басында жұрттың бәріне бірдей тосын көрінген бұл семинарға осы мектепте білім алып жатқан оқушылардың әкелерінің, олардың жағдайы келмесе, аталарының қатысуы сұралған еді.

Семинардың ашылу салтанатында балдырған өнерпаздар әке туралы өлең оқып, ән шырқап, би билеп, қонақтардың көңілін көтерді. Бұдан кейін сөз кезегі Күршім гимназиясының директоры Жасұлан Нұримановқа берілді.

– Әке – асқар тау, – деп бастады сөзін мектеп директоры. – Әке – шаңырақтың тірегі, әке – отбасының асыраушысы, әке – жанұяның қамқоршысы! Отбасында әкенің орны қашанда бөлек. Сол себепті біз осы жолы әкелердің басын құрап, бәріміз бірлесе отырып, түрлі ойын ойнап, білім деңгейімізді сарапқа салып, балаларымыз оқып жүрген пәндерге шолу жасап, емен-жарқын бір кездесу өткізуді межелеген едік. Басында «әкелер жинала қояр ма екен?», – деген күдігіміз де болды. Оның себебі түсінікті – осы отырған әке, аталардың көпшілігі біздің мектептің есігін бірінші рет ашып отыр. Өйткені олар қат-қабат шаруамен жүріп, мұндай шараларға атсалысуға, баланың сабағына қатысуға уақыт таба бермейді ғой. Бііздің қуанышымыз зор, әкелеріміз, аталарымыз түгел болмаса да, барынша мол келіп, белсенділік көрсетіп жатыр.

Бұдан соң аудандық білім бөлімі әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі Қ.Сіләмова сөз алып, бүгінгі шараның маңызын, оған әдейілеп уақыт бөліп келген әкелердің бұл қадамының құптарлық екендігін баса айтып өтті. Мектеп пен отбасы арасындағы байланыстың барынша тығыз болуы оқушылардың үлгеріміне, тәртібі мен білімге деген ынтасына оң ықпалын тигізетініне арнайы тоқталған Қанағат Түсіпқызы да әкелердің осы семинарға белсенділікпен қатысып отырғанына шынайы ризашылығын білдірді.

Осыдан кейін әкелер мен аталар бірнеше топқа бөлініп, арнайы жабдықталған кабинеттерде өз өнерлерін ортаға салды. Мәселен, бір кабинетте «Қазіргі замандағы отбасындағы әкенің рөлі» деген тақырыпта әкелермен коучинг өтіп жатса, келесі кабинетте «Жігітке жеті өнер де аз» деген тақырыппен өнерлі, ісмер азаматтар өзара сынға түсті. Енді бір кабинетте «Мықты болсаң, озып көр» деген тақырыпта интеллектуалды ойындар ойналып, тағы бір топта «Жүзден – жүйрік, мыңнан – саңлақ» тақырыбымен спорттық эстафета қызып жатты.

– Мен әкелер мен аталардың осы сайыстарға барын салып қатынасқанына тәнті болдым, – дейді гимназия мұғалімі Ақерке Нұрсейітова. – Сонымен бірге интеллектуалды ойындарға атсалысқан аталардың, әкелердің қай-қайсы да өздерінің білімді, білікті жан екендіктерін айқын көрсете білді. Ал өнер, спорт сайысына түскен әкелерді нағыз өнерпаздар деп мойындадым. Ең қуанарлығы, осы адамдардың көпшілігі мұндай шараға тұңғыш рет қатысып тұрса да, ешбір сынақтан шет қалмай, шама-шарқынша белсене атсалысумен болды.

Аталған сынақтар мәреге жеткен кезде мектеп директоры Ж.Нұриманов өзі бас болып, жиналған қауымды осындағы мұражаймен, кітапханамен таныстырды. Сондай-ақ әкелер мен аталар робот техникасы сыныбын, қолөнерші қыздардың, темірден, ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын ұлдардың шеберханасын аралап көріп, балалары оқып жатқан білім ордасының жай-күйімен жақын танысты.

Семинар аяқталар сәтте мектептің кең акт залында бас қосқан әкелер мен аталар, мектеп ұстаздары, сондай-ақ, жан-жақтағы ауылдардан осы шараға әдейілеп келген директорлардың орынбасарлары алдында мектеп өнерпаздары шағын концерт қойып, көрермендерін тамашаға кенелтті. Қоштасар сәтте арнайы сөз берілген аталар Есман Есенбаев пен Хасен Зәкәрия немерелеріне тиянақты тәлім беріп жатқан ұстаздарға, осындай мағыналы семинарды ұйымдастырған мектеп басшылығына алғыс айтып, алдағы өмірлеріне зор табыстар тіледі. Қоштасарда ұстаздар қауымы осы жиынға уақыт бөліп, әдейілеп келген барлық әкелер мен аталарға алғыс хаттар табыс етіп, «алдағы уақытта да жиі-жиі ат ізін салып тұрыңыздар»  деген шынайы тілектерін айтты.

Х.Қайроллаұлы

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button