Екі жүз үш ау мен жиырма қайық тәркіленді
Зайсан-Ертіс бассейні аумағында уылдырық шашу кезеңінде балықтарды заңсыз аулау мен браконьерлікке жол бермеу, мемлекеттік балық күзеті органдарына көмек көрсету, сондай-ақ, балық қорларын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында бір жарым ай бойы кешенді іс-шаралар өткізілген-ді.
Жедел-алдын алу шаралары қолға алынған Зырян, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Көкпекті, Үржар, Жарма, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандарында, сондай-ақ, Семей, Өскемен және Курчатов қалаларында арнайы жұмыс топтары құрылып, олар уылдырық шашу орындарында, ерекше күзетілетін табиғат аумақтарында бекеттер ұйымдастырды, су қоймаларына жақын жағалаулар мен жолдарға бірлескен патрульдер қойды.
Бұл шаруаға нақтылап айтқанда, барлығы 285 қызметкер, 75 автотехника жұмылдырылып, олар 115 рейд өткізді. Сөйтіп, 190 заңсыз балық аулау фактісі анықталып, 430 келі балық, 270 қару, сонымен қатар, 203 ау мен 20 қайық (келтірілген шығын 375300 теңге) тәркіленді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 287 бабы бойынша бір қылмыстық іс қозғалды және 120 әкімшілік хаттама толтырылды.
Уылдырық шашу кезеңінде Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларын, Марқакөл мемлекеттік қорығы акваторийлерін тікұшақпен патрульдеу жақсы нәтиже берсе, Зайсан көлі акваторийінде Марс-700 амфибилік қайығы жұмыс істеді.