Екі жылда 43 жоба жүзеге асырылмақ
2020-2021 жылдары Шығыс Қазақстанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында денешынықтыру және спорт саласына қатысты 43 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Құзырлы мекеменің баспасөз хатшысы Елжан Қайырхановтың айтуынша, бүгінде барлық жоба бойынша конкурстық рәсім аяқталған. Үнемделген қаржы мөлшері 75 миллион 757 мың теңгені құрап отыр.
– Аталған жобаның дені, яғни 41-і ағымдағы жөндеу жұмыстарын қамтиды. Қалған екі жобаның бірі Шемонайха қаласында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуге қатысты болса, тағы бірінің қаражаты Өскемендегі дәл осындай спорттық нысанды күрделі жөндеуден өткізуге бағытталмақ. Бұл жобалардың жалпы құны бір миллиард 460 миллион теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобалар аясында 381 адам (202-сі – жер-жердегі жұмыспен қамту орталықтары арқылы) жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Олардың орташа жалақылары 85 мың теңге шамасында болады, – деген Е.Қайырханов оның алтауы облыстық, 35-і қалалық және аудандық деңгейдегі жобалар екенін де атап өтті.
Тарқата айтсақ, облыстық деңгейдегі алты жобаның жалпы құны 148 миллион 500 мың теңгені құрауда. Бұл жобалар 40 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Тағы 228 адам аудандық және қалалық жобалар шеңберіндегі жұмыстарға тартылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар басқарма өкілі спортшылардың оқу-жаттығуларына қатысты ақпаратпен бөлісті. Оның хабарлауынша, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы саңлақтардың лицензиялық турнирлер мен оқу-жаттығуларға қатысуына ерекше көңіл бөлуде. Спортшылардың үздіксіз жаттығуына мүмкіндік беретін қажетті құрал-жабдықтар да сатып алынған. Жалпы алғанда, Олимпиада алдындағы маусымды спортшыларымыз ойдағыдай бастапты.
Тағы бір айта кетер жайт, облысымызда «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында денешынықтыру және спорт саласына тиесілі төрт жоба жүзеге асырылуда. Оның екеуі Көкпекті ауылы мен Аягөз ауданының Ақтоғай кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына қатысты болмақ. Бұл екі жобаның құны сәйкесінше, 695,9 және 277,5 миллион теңгені құрап отыр. Бұған қоса аталған бағдарлама шеңберінде Үржар мен Күршім ауылдарында жаңадан жүзу бассейндері де салынуы тиіс. Осы ретте Үржардағы нысанның құрылысына 564,1 миллион теңге бағытталса, Күршімдегі бассейннің құны 525,9 миллион теңгеге бағаланғанын айта кеткен абзал.
– 2016-2020 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысының аумағын дамыту бағдарламасы аясында да айтарлықтай жұмыс тындырылды. Нәтижесінде 2019 жылы халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі мың адамға шаққанда 38,2 пайызға жетті. Ал ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 39,2 пайызға дейін жеткізу жоспары бар. Бұған бүгінде облыс аумағында салынып жатқан бірқатар спорттық нысанның қолданысқа берілуі септігін тигізері сөзсіз, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы.
Нұржан Кенжеұлы