Білім

Екі жастан бастап бейімдейді

Екі жастан бастап бейімдейді
Соңғы жылдары Өскеменде баланың логикалық және шығармашылық қасиеттерін дамытуға ерекше назар аударылуда. Мұны облыс орталығындағы Монтессори әдістемесіне негізделген түрлі орталықтардың көптеп ашылып жатқанынан да байқауға болады. Таяуда мұндай орталықтардың бірі Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінде қолданысқа берілді. Онда 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер білім алуда.
Аталмыш мекеменің директоры Гүлнәр Даниярованың айтуынша, Монтессори әдістемесі бойынша екі жастан бастап баланың дүниетанымын кеңейту керек. Себебі бүлдіршіннің зейіні мен логикалық ойлау қабілетін, қимыл-қозғалысын дамытатын уақыт та – осы кез.
– Әлем ғалымдарының тәжірибесіне сүйенсек, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған балалардың мінез-құлқын жақсартуға монтессори әдістемесінің пайдасы зор. Өйткені ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің психикалық дамуында ауытқушылықтар болады. Сол себептен олардың ойлау қабілеті кеш дамиды. Сондықтан мұндай балаларға педагог-психолог, логопед, дефектолог сияқты мамандардың көмегі ауадай қажет, – дейді Гүлнәр Даниярова.
Айта кетейік, монтессори кабинеті беске бөлінген. Онда бүлдіршіндер логикалық есептерді шығарып, шет тілдерін меңгеріп, үй шаруасын істеуге дағдыланады. Мұнда балаларға монтессори әдістемесін үйреніп келген екі мұғалім сабақ береді.
– 82 бүлдіршінді тәрбиелеп отырмыз. Оларға барлық жағдайды жасап, ата-анасының жоқтығын білдіртпеуге тырысамыз. Біз үшін әрбір баланың орны бөлек, – дейдібалалар үйінің директоры.
Айта кетейік, монтессори кабинетіне қажет жиһаз бен жабдықтар Ресейден арнайы тапсырыспен алынған. Оған үш миллиондай теңге қаражат жұмсалыпты. Осы орайда кабинетті жабдықтауға «Айналайын» монтессори орталығының басшысы Жанар Мұхаметқалиева, «ТransMentor» ЖШС-нің директоры Виктор Нейман, «Қазцинк» ЖШС қорғасын зауытының директоры Тимур Тоқжігітов, Залеш Олжабаев, «Огнеупор» ЖШС-нің директоры Денис Старцевтің қаржылай қолдау көрсеткенін айта кеткен орынды.
– Бірнеше ай бұрын жеке кәсіпкер Виктор Нейман келіп, монтессори кабинетін ашу туралы ұсынысын білдірді. Шыны керек, бастапқыда оның сөзіне сенбедім. Кейін ол қайта хабарласып: «Қаражат дайын. Сіз қажетті заттарға тапсырыс бере беріңіз» дегенде риза болдым. Сөйтіп, Өскемендегі алғашқы монтессори орталығының басшысы Жанар Мұхаметқалиевадан ақыл-кеңес сұрадым. Ол бізге бағыт-бағдар беріп, жеке тәжірибесімен бөлісті. Одан кейін өзге де демеушілер қол ұшын берді. Осылайша, біздің мекемеде де балаларды үлкен өмірге дайындайтын монтессори кабинеті ашылды, – дейді Гүлнәр Даниярова.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button