Білім

Екі жасар Дәрия жаза да, оқи да алады

Тарбағатайдың қойнауында отырған Нұрлан мен Дина Баязовтардың немересі Дәрия Дастанқызының жасы екіде. Солай бола тұрғанымен оның ақыл-ойы, зеректігі аудан халқын таңғалдырып отыр.

Екі жасар Дәрия жаза да, оқи да аладыКіп-кішкентай ғана бөбек бүгінде өзінен үлкен аға-әпкелері оқи алмайтынды оқып, жаза алмайтынды жаза алады. Ол қазірдің өзінде қазақ әліпбиін жатқа соғып, орыс пен ағылшын тілдерін теледидардан көріп, естіп, әжептәуір меңгеріп алған. Жас бөбек «Әнұранды» жатқа соғып, көптеген ертегілер біледі. Әлем мемлекеттерінің Президенттерін біліп қана қоймай, өткен жылы Лондонда өткен дүбірлі дода кезінде еліміздің абыройын асқақтатқан Олимпиада чемпиондарының аты-жөндерін де жатқа соғады. Өзі әйгілі конькиші Денис Тендей болғысы келетінін жасырмады.

– Мен Денис Тен секілді ұршықша үйірілетін конькиші болғым келеді. Бүкіл әлемге танылсам деген ойым бар, – дейді ол. Сәлден кейін әлденені қолына алып, уілдеп ойнап кетті.

– Талдықорғанда тұратын қызымыз Садат пен күйеубала Орынғазыға қайта бергіміз келмей отыр, – дейді оның апасы Дина жымиып. – Сәбидің тәттілігі мен өз жасынан алда тұруы көңілімізге үлкен үміт отын лаулатады.

Дәриямен әңгімелесіп, «Мақта қыз», «Түлкі мен ешкі» ертегілерін өз құлағымызбен естігеннен кейін ол әйгілі «Көк тудың желбірегені», «Атамекен» секілді патриоттық әндерді орындап берді. Қарабұйрат ауылынан «Тфә, тфә, тіл-көзіміз тасқа» деп аттандық.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button