Білім

Екі мыңнан аса ноутбук таратылды

Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты көптеген мектептер қашықтан оқыту форматына көшті. Осыған орай,  Семейдегі №3 жалпы білім беретін орта мектепте оқушыларға қашықтық режимінде сабақ оқу үшін ноутбуктер таратылды.

– Оқушылардың тізімдерін қамқоршылық кеңесі құрып, нақты бекітілді, – деді директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қарлығаш Заманбекқызы. – Ноутбуктер балаларға қашықтан оқыту кезінде цифрлық білім беру ресурстарымен жұмыс істеуге беріледі. Оларды таратуға қамқоршылық кеңесінің төрайымы Г.Дюшембиева және ата-аналар комитетінің төрайымы Н.Қамзина қатысты. Ата-аналар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке өз ризашылықтарын білдіруде, себебі біздің мектептің оқушылары өте білімді әрі түрлі экологиялық бастамаларға белсене қатысады.

– Біз ноутбуктерді ең алдымен мұқтаж және қиын қаржылық жағдайдағы отбасыларға таратуға тырыстық. Мысалы, егер отбасы екі баладан және бір ата-анадан тұратын болса және оларда техникаға деген аса қажеттілік болса, онда комиссия компьютер бөлуге шешім қабылдады, – деді Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.

Цифрлық білім беру ресурстарымен тиімді жұмыс істеу үшін компьютерлік техника қажет екені жасырын емес. Жалпы, қала мектептері жергілікті бюджет есебінен мыңнан астам ноутбук алды. Білім бөлімінің басшылығы техниканы мектеп балансына алғаннан кейін, ноутбуктер аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға бірден бөлінеді. Барлық техника қашықтан оқыту кезеңінде уақытша пайдалануға беріледі.

– Өткен оқу жылының төртінші тоқсанынан бастап біздің мектептер компьютерлік техникаларды балаларға берді. Бұл – 1075 дана компьютер мен ноутбук. Бүгінде біз жергілікті бюджет қаражатынан тағы 1159 ноутбук алдық. Алушылардың тізімін мектептерде қамқоршылық кеңестері жасап, бекітті. Ноутбуктерді әлеуметтік осал отбасылардың балалары уақытша пайдалануға алады. Бір ноутбуктің құны – 140 мың теңге. Қашықтан оқыту аяқталған кезде мектепке қайтарылады. Қазіргі күні қалада 4500 оқушы компьютерлік техникаға мұқтаж. Жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны басында ноутбуктері жоқ оқушыларға смартфондармен жұмыс істеуге тура келді, – деді білім бөлімінің әдіскері Альфия Ниғматуллина.

Бүгінгі таңда қала мектептерінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 8 мыңнан астам оқушы білім алуда. Алайда компьютерлік техника аз қамтылған отбасыларға ғана емес, өмірлік қиын жағдайға байланысты мұқтаж адамдарға да беріледі. Сондықтан ноутбук не роутер қажет болса, мектепке өтініш жасауға болады. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен тағы 4 мыңға жуық компьютерлік техника алынады деп күтілуде.

Ноутбук, компьютер, роутерлерді ең алдымен қажет ететін осы №3 мектеп оқушылары десек артық емес. Себебі №3 орта мектеп ұжымы білім берумен қатар, оқушылар арқылы экологиялық бастамаларды енгізуде республикада үздік атанды. Осыған ерекше атсалысқан мектептің үздік педагогтарын салтанатты марапаттау қаладағы «Отбасы орталығында» өткен еді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атынан Құрмет грамоталарын Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев тапсырған болатын.

Мектепте тіпті қоқысты бөлек жинау да ұйымдастырылған. Ал кіреберісте екі контейнер орнатылыпты. Олардың бірі пластик бөтелкелерді жинауға, екіншісі ескі, жұмыс істемейтін компьютерлер мен электронды техниканы қабылдауға арналған.

Міне, аталмыш мектепте оқу жылына қажетті жаңа компьютерлермен қатар, ескілерін де қалай болса солай лақтырып тастамай, қайта өңдеу үшін жинақтау жақсы жолға қойылған. Мектепте макулатура да жиналады. Өткен оқу жылында 500 келі қағаз жиналды. Мұның бәрі енді қайта өңдеуге жіберіледі. Соңғы уақытта экология мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қоршаған ортаны сақтау бағытында №3 жалпы орта білім беретін мектеп төрт жыл бойы экологиялық бағытта белсенді жұмыс істеп келеді. Ал өткен жылдан бастап білім ошағы «Менің экомектебім» республикалық жобасына қосылды. Экология мәселелеріне мектептің белсенді қатысуын Экология және минералды ресурстар министрлігі де байқады. Жобаны іске асыруға тікелей қатысқан оқытушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Оқу орнының өзі осы бағытта «Үздік мектеп» номинациясында жеңіске жетті. Мұғалімдер лайықты марапаттарын осы бағыттағы мектеп жұмысының үйлестірушісі «Отбасы орталығы» қоғамдық қоры президентінің қолынан алды.

– Қазір, қуанышымызға орай, экология мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Біз де шетте қалмай, №3 орта мектептің жұмысын үйлестірдік. Бұл жақсы және дұрыс таңдау болды. Мектеп пен білім бөлімінің бірлескен жұмысы өз жемісін берді. Мектеп біз мақтан тұтатын ең жақсы марапатқа ие болды және болашақта бұл жұмысты жалғастырамыз. Менің ойымша, бұл – қаланың басқа білім беру мекемелері үшін жақсы үлгі. Жобаның мәні – қаламыздың экологиялық тазалығы. Біз өзімізден, ауламыздан және көшеден бастауымыз керек. Әрине, егер әрқайсымыз осы мәселеге дұрыс қарайтын болсақ, біздің өміріміз әлдеқайда жеңіл және ыңғайлы болады, – деді Отбасы орталығының президенті Жанна Жибраева. Оның сөзінше, мектеп басшылығы қалада алғашқылардың бірі болып экологиялық бастамаларды қолдаған екен.

Жас ұрпақты экологиялық тәрбиелеуге тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да белсенді қатысады. Мәселен, жоғары сынып оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың күшімен мектептің төменгі сынып балаларына денсаулық күні ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы жұмысты қаланың басқа мектептерінде де жалғастыру жоспарлануда, себебі балаларға экологиялық тәрбие беруді мектеп қабырғасынан бастаған жөн. Ал қашықтан оқу кезінде компьютерлер мен ноутбуктер мектептегі биология, жаратылыстану, география пәндерімен қатар, экологиялық тәрбие сағаттары кезінде де аса қажет.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button