Екі мектеп пайдалануға берілді
Жуықта Егінсу ауылында екі қабатты мектеп пайдалануға берілді. Мектептің бөлмелері кең, жарық әрі жылы.
Ғимараттың ашылу салтанатына облыс Әкімінің қоғамдық көмекшісі Рысхан Жанкүшікова, ауыл тұрғыны, ардақты ана Бишари Қабдоллаева, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қасен Сүлейменов қатысып, мектептің лентасын қиды.
130 орындық білім ұясында отыз шақты мұғалім еңбек етеді. Ғимарат ішінің безендірілуі заманға сай, сәулетті де әдемі. Спортзалы да биік әрі кең. Тігін бөлмесі де құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Осы тамаша ғимаратты аудандағы «Коммуналдық шаруашылық» мемлекеттік мекемесі салып берді. Мекеме бастығы Ардақ Зарипов мектеп директорына білім ордасының символдық кілтін табыстады.
Сонымен қатар, аудан басшысы Бауыржан Жанақов облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан білім ұясына жеңіл көліктің кілтін сыйға тартты.
Қарабұйрат ауылында да 80 орындық жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.