Екі ай бойы ақпараттық сабақтар өткізеді
Қазақстан бүгінде ұлттың зияткерлік әлеуетіне баса назар аударып отыр. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Елдің ертеңгі жетістігі – білім мен ғылымда» деген сөздері негіз болады.
Осыған орай, жалпы білім беретін мектептер парасатты, рухы да, тұлғасы да жан-жақты дамыған, шығармашылық ой-өрісі кең, өзінің кәсіби жолын таңдай алатын білімді азамат тәрбиелеп шығаруды алдарына мақсат етіп қойып отыр. Сондықтан да ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы жас түлекті білім жолына бастайтын алғашқы саты болып табылады.
Кез келген түлектің басты арманы – жоғары оқу орнына түсу. Ол үшін әрбір түлек ҰБТ-ны тапсыруға міндетті. Ал ол сынақты сәтті тапсыру үшін ең алдымен негізді әрі тиянақты білім қажет. Осы мәселені нақты қолға алған Пушкин атындағы облыстық кітапхана мектеп бітірушілердің жалпы ҰБТ алдында онлайн-тестілеуден өтіп, өз білімдерін тағы бір мәрте пысықтап алулары үшін мамыр-маусым айларында ақпараттық сабақтар өткізеді.
Тренингтер оқу бітірушілердің сапалы интернет-ресурстармен танысуын және онлайн-тестілеуден өтуді қамтып, мектеп бағдарламасының 13 негізгі пәндері бойынша тест жинақтарын (қазақ тілі, орыс тілі, әдебиет, Қазақстан тарихы, дүниежүзілік тарих, математика, физика, химия, география, биология, ағылшын, неміс, француз тілдері), сондай-ақ, танымдық оқу құралдарын ұсынады. Қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетін тестілеу барысында оның нәтижесі мен оған кеткен уақыт мөлшерін де білуге мүмкіндік бар.
Солайша тренинг оқушыларға осынау сынаққа әзірлік деңгейлерін тексеруге, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік бере отырып, түлектерді ҰБТ талаптарына психологиялық тұрғыда дайындайды. Ал кітапхана қызметкерлері жеке кеңес беріп, қорытынды аттестациядан ойдағыдай өтуге қолдау көрсетеді.