Аймақтар аухалыАуыл шаруашылығы

Егістікпен айналысуға бет бұрды

Хасен Зәкәрия

Көптен бері егін салмай, осы саланы мүлде кенжелетіп алғанымызды ешкім де жоққа шығара алмайды.  Дегенмен соңғы уақытта дән сеуіп, жер емуге талаптана бастаған ауылдастарымызды көріп, көңіл төрінде үміт шоғының жылт еткені рас-тын.

Бұған мысал ретінде күзде сүдігер жыртып, егістікке су тартып, нық дайындыққа кіріскен күршімдік шаруақор азамат Талғат Ақшағановтың тірлігін, аз да болса астық егіп, айтарлықтай өнім алып жүрген Мейрамбек Әсенов пен Сиявуш Дүсіповтің талпыныстарын атап айтуға болады.

Мұндай оң қадамдар Марқа өңірінде де байқалып отыр. Мәселен, қай шаруада болса да елдің алдында жүретін Амантай Иқамбаевтың бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанына сан мәрте куә болғанбыз. Ол өткен жазда да астық сеуіп, өзіне ғана емес, төңіректегі ағайынға қарасуға да жеткілікті өнім жинап алды.

– Біз егін салумен 2000 жылдан бері айналысып келеміз, – дейді Амантай Шорманұлы. – Таулы аймақ болып табылатын «Бақат» учаскесіндегі 50 гектар жерге жыл сайын астық сеуіп келе жатырмыз. Осы босалқы егістіктің әр гектарынан 15 центнерден төмен өнім алып көрген жоқпыз. 2011 жыл аса қолайлы болып, егістіктің әр гектарынан 40 центнерден астық орғанымызды жұрт әлі ұмытқан жоқ.

2020-2021 жылдары құрғақшылықтың салдарынан егін еге алмадық. Биыл үйренген шаруамызға қайтадан кірістік. Өнім мақтанарлықтай болмады, дегенмен гектарынан 10 центнерден арпа орып, жинап алдық. Бидайды Шет-Теректі учаскесіндегі қоршалған суармалы алқапқа септік. Ол алқапта бірнеше адамның жер үлесі бар-тын, біз әлгі азаматтармен келістік те, олар қоршауды түзетуге, өздеріне тиесілі учаскені суаруға көмектесті. Еңбек пен жердің ақысы ретінде түскен өнімнің 20 пайызын сол адамдарға бердік. Енді малға беретін жемнен тапшылық көре қоймаспыз деген ойдамыз. Ал бидайдан 70 тонна өнім алдық.

Кәнігі диқан жақсы комбайншы табылмай, оның үстіне жұмыс істеп тұрған комбайнның сынып, жұмысқа қолбайлау болғанын айтады. «Әйтпесе өнімді бұдан да мол алған болар едік», – деп өкініш білдіреді ол.

Сонымен бірге Амантай бүгінде комбайн мәселесінің толықтай шешіліп, тұқым мен жанармай қорының жасалып қойғанын айта кетті.

– Алла қосса, келесі көктемде егіс жұмыстарының барша технологиясын сақтай отырып, астық егуге мұқият даярлықпен кірісеміз, – дейді А.Иқамбаев.

Ол бірінші комбайнды Глубокое ауданының Бобровка ауылынан 2000 жылы сатып әкелгенін баяндайды. Оны 10 жыл бойы табысты пайдаланған бұлар екінші техниканы 2010 жылы Глубокое ауданының Винное ауылынан сатып алыпты. Әрине, бұл комбайн да әбден ескіріп, кәдеге жараудан қалған екен. Осы күзде «Есіл» атты біршама жаңа комбайнға қол жеткізген ұжым мүшелері аталған күрделі техниканы алдағы көктемге сақадай сай етіп жөндеп, даярлап қойыпты.

«Қыбырлаған қыр асар» дейді қазақ, сол айтқандай, жоқ пен бардың барлығын уайым етіп, отыра бергеннен гөрі не де болса, бір нақты қадамға тәуекел еткеннің әлдеқайда пайдалы болары сөзсіз ғой. Жоғарыда аталған бейнетқор жандардың осы нақылды іспен дәлелдеп келе жатқандары кім-кімге де үлгі болуға тиіс деген ойдамыз.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button