Ауыл шаруашылығыЖаңалықтар

Егістік жерлер қаншаға ұлғаяды?

Ержан ӘБІШ 

Күн жылып, жер қарайған соң Шығыстағы диқан қауым да көктемгі дала жұмыстарына кірісе бастады. Биыл облыстағы егістік алқаптардың аумағы 6,7 мың гектарға ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Осылайша өңіріміздегі жалпы егістік көлемі 645,1 мың гектарды құрамақ.

Атап айтсақ, дәнді-бұршақты дақылдар 283,4 мың (жалпы егіс алаңындағы үлесі – 44%), оның ішінде бидай 187 мың, майлы дақылдар 219 мың (33,9%), оның ішінде күнбағыс 200,8 мың, жемдік дақылдар 125 мың (19,4%), картоп 11,6 мың (үлесі 1,8%), көкөніс пен қауын-қарбыз 6,1 мың (0,9%) гектарға егілмек.

– Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге облыстың шаруа қожалықтары 7,1 мың тонна дизель отынына өтінім берген. Бұл жанармай көлемі наурыздан мамырға дейінгі үш ай ішінде бөлініп беріледі. Мәселен, наурызда 2 мың тонна берілді. Осы айда 2,4 мың тоннасы, мамырда 2,7 мың тоннасы таратылмақ. Сондай-ақ энергетика министрлігі қосымша 7 мың тонна сұйық отын бөліп отыр. Шаруалар үшін жеңілдетілген солярканың бір литрі – 250 теңге, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарова.

Мол өнім алу үшін тыңайтқыш себуге баса мән беріліп келеді. Бүгінге дейін минералды тыңайтқыш шығаратын зауыттармен және оларды сатушылармен 13 мың тоннаға шарт жасалған, оның 7 мың тоннасы алынды. Көктемгі егіс жұмыстары басталғанша қалған бөллігі толық көлемде жеткізілетін болады. Сатылып алынатын тыңайтқыштардың 63%-ы – аммиак селитрасы мен аммофос, олар еліміздегі «Қазазот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарында өндірілген.

Аймақ шаруалары осы жылы 71,8 мың тонна тұқым себуді жоспарлауда, оның 60 мың тоннасы – дәнді дақылдар, 3 мың тоннасы – майлы дақылдар, 0,8 мың тоннасы – жемге арналған дақылдар, 8 мың тоннасы – картоп.

 

 

Осы айдарда

Back to top button