Егемен еліміздің еңсесі биік, іргесі берік болсын
Құрметті шығысқазақстандықтар! Қадірменді жерлестер!
Бүгінде біз еліміздің Тәуелсіздік күнін атап өтіп отырмыз. Нақ осы күні, 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдады. Осылайша еліміздің егеменді, демократиялық және құқықтық мемлекет ретіндегі жаңа тарихы бастау алды. Әлбетте, біз ел тәуелсіздігі үшін күрескен, Қазақстанның халықаралық аренада лайықты орын алуы және әлемдік экономикалық жүйеге енуі үшін тер төккен жандарды әрдайым жадымызда сақтаймыз әрі құрмет тұтамыз.
Осы жылдар ішінде барша ел азаматтарының өмірінде түбегейлі өзгерістер болды, бәріміздің күш біріктіруіміздің арқасында өнеркәсіп пен агросектордан бастап мәдениет пен спортқа дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамудың сан саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Біз әрбір тұрғынның әл-ауқатын арттыру, қалалар мен ауылдарды гүлдендіру мақсатында жүйелі жұмыстарды атқарып келеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүктеген ауқымды тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Осы маңызды міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттің келешектегі даму бағдарын айқындамақ.
Баршаңызды шын жүректен Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Басты құндылықтарымызды – бейбітшілікті, тұрақтылық пен келісімді көздің қарашығындай сақтап, одан әрі нығайта берейік! Әрбіріңізге мықты денсаулық, толайым табыс пен өркендеу, отбасыларыңызға амандық пен береке-бірлік тілеймін! Егемен еліміздің еңсесі биік, іргесі берік болсын!
Даниал Ахметов,
Шығыс Қазақстан облысының әкімі