Білім

Егін егу мен жер жыртуды жеңілдететін құрылғы

Облыста жалындап тұрған жастар жетерлік. Тіпті, олардың ел мүддесі үшін атқарып жатқан шаруаларына қарап, көзің сүйсініп, көңілің толады. Бір қуанарлығы сол, қазір өңірде жас өрендердің IT-жобаларын қолдауға үлкен мән беріліп отыр. Таяуда облыс әкімдігінің инвестициялық орталығындаөнертапқыш оқушылар бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Оған аймақтың әр өңірінен келген жастар қатысты. Солардың бірі – Саятбек Мейрамбеков.

– Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде: «Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерді бірнеше жыл қатарынан қолдану үшін қайтпек керек? Егін егу жұмыстарын жеңілдететін техниканы ойлап табуға бола ма? Шетелдік ғалымдардың қолынан шыққан дүниені неге өзіміздің елде жасап көрмеске?!» деген ой мазалайтын еді. Ал кейіннен ұстазым Думан Жұмабайдың көмегімен күннен қуат алатын электрлі шынжыр табанды ойлап таптым. Сөйтіп, ғылым саласына  бет бұрдым. Мұндағы ең басты мақсат –  ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, қатарластарымның агроөнеркәсіп саласына деген қызығушылығын ояту, – дейді Саятбек Мейрамбеков.

Техниканың тілін жетік меңгерген бұл бала Аягөз ауданының тумасы. Ол аудандық жас техниктер станциясында білім алуда. Бос уақытын ауыл шаруашылығытехникасының қыр-сырын меңгеруге арнайды.

– Біз ойлап тапқан электр шынжыр табан іштен жанатын дизельді қозғалтқыштардан мүлде шектетілген. Сондықтан экологиялық тұрғыдан тиімді. Әрі жердің құнарын бірнеше жыл бойы сақтап қалуға мүмкіндік береді, – деді Саятбек Мейрамбеков.

Саятбек Мейрамбековтің айтуынша, электрлі шынжыр табан жер жырту, егін егу, астық жинау сынды басқа да жұмыстарды жеңілдетеді. Ең бастысы, ауыл адамдары үшін өте тиімді құрылғы.

  • Болашақта IT-саласы бойынша білім алып, ел игілігі үшін аянбай еңбек еткім келеді, – дейді ол ағынан жарылып.

Саятбек сияқты талапты жастардың осындай талпыныстарын жергілікті атқарушы билік те жерде қалдырмаймыз деп отыр.

– Балалардың ұсынып отырған жобалары көңіл қуантады. Әсіресе, «Теңге алу», «Ақылды мектеп» сынды жобаларды ерекше атап өтуге болады, – деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Маргарита Гагарина.

 Ұлттық онлайн ойын пайда болады

 Семейлік оқушы Әлішер Маулетов «Теңге алудың» виртуалды үлгісін жасап шығарды. Осылайша, ол атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат тұтып отыр.

– Қатарластарымды өткен тарихпен таныстырып, олардың елге, жерге деген құрметін арттыру үшін ұлттық ойынның онлайн үлгісін ойлап таптық. Меніңше, бұл бүлдіршіндердің санасын улап жүрген спайдермен,  Эльза сияқты мультфильм кейіпкерлері бар ойындармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Өйткені мұндай дүниелер кез келген баланың бойына патриоттық сезімді ұялатыны айдан анық, – дейді Әлішер Маулетов.

Иә, бұл Семейдегі Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназиясының оқушылары жасап жатқан жобалардың бір парасы ғана. Әлі жүзеге асырылмағаны қаншама десеңізші. Әлішер Маулетовтің айтуынша, бұл ойынды әлі жетілдіре түсу керек.

– Ойын он кезеңнен тұрады. Оны қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығармақ ойым бар. Әр кезеңнен соң ойын ойнап отырған бала киіз үй, домбыра және қазақ батырлары жайлы мағлұмат оқиды, – деді Әлішер Мәулетов.

Бүгінде балалардың қазақ ойындарына деген қызығушылығы артыпты. Қуанарлығы сол, смартфондағы ұлттық ойындар заман талабына қарай икемделіп, жоғары деңгейге көтерілді. Ал оған Әлішердің қосқан үлесі зор.

Айтпақшы, жас өнертапқыштың қатарластарына үйретері көп. Өйткені оның бұл саладағы тәжірибесінің өзі бір төбе. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Әлішер болашақта тың жобаларды жүзеге асыруды армандайды. Сондай-ақ ол келешекте ұстазы Шолпан Сұлтанқызы сияқты шәкірт тәрбиелеп, бар білгенін кейінгі буынмен бөліскісі келеді.

– Ынтасы бар жастармен бас қосып, жұмыс істеуге дайынмын. Себебі, маған ғылыми жұмыспен айналысқан ұнайды, – дейді ол.

Айта кететін бір жайт, «Теңге алу» ойыны жас өнертапқыштың жасап жатқан алғашқы жұмысы. Енді ол «Ақылды жаяу жүргіншілер жолы» деген IT-жобаны әзірлеуде. Бұлжол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– «Теңге алудың» виртуалды үлгісін шетелдік азаматтар да ойнай алады. Сөйтіп, олар біздің төл мәдениетімізбен, сондай-ақ салт-дәстүрімізбен танысатын болады, – деді Әлішер Маулетов.

 Есікті смартфонмен ашатын күн жақын

Ақылын жетекші, қиялын көмекші еткен небәрі 11 жастағы балаүйді ұрылардан қорғаудың тиімді жолын ойлап тапты. Оның есімі – Ислам. Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектепте оқиды. Өнертапқыш өреннің жасап шығарған құрылғысының көмегімен есікті автоматты түрде ашуға болады. Ол үшін тіпті, кілттің де қажеті шамалы. Есікке орнатылған смарт құлып ұялы телефон арқылы басқарылады.

– Есікті кілтсіз ашу үшін Android қосымшасы бар телефон қажет. Сол арқылы барлық жұмысты жеңілдетуге болады. Бұдан бөлек, есіктің ішкі жағына «Arduino Uno» құрылғысын орнату керек. Кейін арнайы бағдарлама арқылы үй иесі құпиясөз қояды. Бұл өз кезегінде үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ислам Талғат.

Жас өнертапқыштың жетекшісі Назерке Мырзахметованың айтуынша, Исламның бұл жобасы іске асырылса, үйге ұры түсудің алдын алуға болады.

  • Цифрландыру – заман талабы. Сондықтан қазір мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлық форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Тіпті, ірі зауыттар мен өндіріс орындары да цифрлық технологияның жемісін көріп отыр. Мұның барлығы – Елбасының ұсынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесі. Елбасы бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Нәтижесінде осы салада білікті, кәсіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі іс-шара да сол бастамадан туындаған, – деді Назерке Мырзахметова.

Тың жобаларымен таңғалдырды

Кілең мықтылар бас қосқан іс-шарада қазылар алқасы әрбір оқушының жобасымен жете танысты. Пікір алмасты. Балалардың жобалары бірінен бірі өтеді. Семейлік оқушы Денис Сукачёв мектептегі жылу қазандығын автоматтандыру жүйесіне қосуды ұсынды. Ирина есімді бойжеткен «Ауаны тазартып, ылғалдандыратын құрылғыны» ойлап тауыпты. Өскемендік Назлы Самарханова болса, дұрыс тамақтанудың тәсілін қарастырып, денсаулық сақтау саласына тың өзгерістер енгізбек. Ал жармалық Аңсар Мейрамханов шалғайда жатқан елді мекендерге «Интеллектуалды көше шамдары» орнату ойда барын жеткізді. Әспеттеп, таңғалып отырғанымыз, жас өрендердің осындай жобаларын іске асыруға көп қаражат жұмсалмайды екен. Айтулы іс-шараның мақсаты да осы екен.

– Отандық эндокринологтар елімізде артық салмақ қосқандардың саны бес миллионнан асып кетті деп дабыл қағуда. Сол себептен менмұның алдын алудың жолдарын қарастырып, «Оқушыларға арналған салауатты тамақтануды ақпараттық қолдау жүйесі» тақырыбы бойынша жоба қорғадым, – деді дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Назлы Самарханова.

IT форум аясында балалар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Smart пернетақта», «Ақылды мектеп», «Абай – дана, Абай – дара қазақта» 3Д-саяхат сынды басқа да жобаларды қорғады. Ал форумның жеңімпаздары қараша айында анықталып, жеңімпаздар сый-құрметке бөленеді.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button